Жеңіс Қасымбек: Мен үшін қазақ тілін дамыту жұмыстағы маңызды басымдықтың бірі
2020 ж. 03 мамыр
2709
0
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек "Қазақ үні" сайтында жарияланған "Ана тілімізге қатысты үш талап" атты мақалаға байланысты жауап берді.
- Құрметті Қазыбек Иса! Мен Ержан Әділдің бұл жазбасын оқыдым, таңертең автордың өзімен де сөйлестім. Мәселе өте өзекті. Қазақ тілін дамыту жұмысыңыз үшін рахмет. Біздің өңірде қазақ мектептері мен балабақшалары көптеп ашылуда, олардың саны өсуде. Дегенмен одан да зор күш салу керек екенін түсінеміз. Біздің де балаларымыз өсіп келеді, сондықтан ана тілі - болашағымыз. Мен үшін бұл маселе жұмыстағы ажырамас әрі маңызды басымдықтардың бірі болып қала береді, деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Құрметті Жеңіс Қасымбек мырза! Мемлекеттік тіл туралы "Қазақ үні" сайтында жарияланған Ержан Әділ мақаласына дер кезінде көңіл аударып, үн қатқаныңызға рахмет! Өйткені Қарағанды облысы, әсіресе облыс орталығы талай жылдан бері Мемлекеттік тіл заңды төріне шыға алмай келе жатқан қала! "Қазақ үні" газеті мен сайтында бұл туралы біз жиі көтеріп келеміз. Анау жылдары Қарағандыда қазақ тілінде бір бөлке нан сұрап ала алмаған жігіт туралы мақаламыз үлкен резонанс тудырған болатын. Өзіңіздің өңірдегі аса маңызды тіл мәселесіне баса назар аударып отырғаныңызға ризашылық білдіреміз.