АНА ТІЛІМІЗГЕ ҚАТЫСТЫ ҮШ ТАЛАП
2020 ж. 26 сәуір
1366
0
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекке
1. Қаламызда мемлекеттік тілдің қолданылу аясы өте нашар. Кез-келген мемлекеттік және жеке меншік мекемелерде іс қағаздары мен жалпы жұмыс үдерісін басқаруда, тұрғындарға қызмет көрсетуде орыс тілі үстемдік етеді. Қазақ тілінде қойылған сұрағыңа барлық уақытта қанағаттанарлық жауап ала алмайсыз. Оның орнына «адамша айтқанды түсінбейсіз ба», «орыс тілін ешкім алып тастаған жоқ», «қазақ тілін білуге міндетті емеспін» деп қарсы сөйлеген адамдардың айқайлаған дауысын, ашу шақырған мінезін көтеруге тура келеді. Бұл үрдіс жалғаса берсе стихиялы түрде жинақталған наразылық бір күні жергілікті халықтың ашық наразылығына ұласады. Біз елемеуге тырыссақ та бұл болатын табиғи жағдай. Сондықтан сіз өзіңіз бас болып әкімшілік, әлеуметтік мекемелер, жеке кәсіп пен ауыр өнеркәсіп салаларының халықпен тікелей жұмыс жасайтын барлық басшылары мен қызметкерлеріне мемлекеттік тілді білу және оны жұмыс барысында нақтылы қолдану талабын қоюыңыз керек. Бұл тіл төңірегіндегі көптеген шиеленістердің алдын алатын жалғыз жол және уақыт талабы. 2. Шағын балабақшаларда мемлекеттік тілдегі топтар жоқ. Соның кесірінен балалардың тілі орысша шығып, арықарай орыс мектебіне, оқу орындарының орыс тілді топтарына оқуға түсетін жастардың арасында тілдік деградация айқын көріне бастады. Сол себепті, балабақшаларда қазақ тілді топтардың жеке болуын міндеттесеңіз. 3. Қаламыздағы аралас мектептерді жойып таза қазақ тілді мектептердің қалыптасуын қолға алсаңыз. Аралас мектептерде отаршыл ұлттың тілі мен рухы үстемдік құруы себепті, біздің мыңдаған жастарымыз ана тілімізді жатсынып жатыр. Қазақ тілділердің өзі сауатты жазып, қазақы бояумен таза сөйлеудан қалып барады. Бұл тілден айырылудың басты белгісі.
Қаншама жоғарғы шенділер биік мінберлерден ана тіліміздің мәртебесін аяққа таптап, өзін және қазақ елін мазақ етіп қор қылды. Басқа жұрт «сол тілдеріңде әуелі өздерің сөйлеп алыңдар» деп бетімізге басатын болды. Осынша дейгейде қорлыққа түсуге, ең жаманы соны ұялмай көтеріп шалқайып жүруге бола ма? ТІЛ – ХАЛЫҚТЫҢ ЖАНЫ, ҰЛТТЫҢ ӨЗЕГІ. ТІЛДІ ҚОРЛАУ – ҰЛТТЫ ҚОРЛАУ. ТІЛДІ ҚОРҒАУ – ҰЛТТЫ ҚОРҒАУ. Ержан Әділ, Фейсбук парақшасынан