Мұрағатты цифрландыру үшін 96 миллиардтан астам қаржы бөлінбек
2020 ж. 07 мамыр
1173
0
Жуырда Мәдениет және спорт министрлігі ерекше конкурс жариялап, оның мәтіні 20 сәуір күнгі «Егеменде» жарияланды. Конкурстың мақсаты Қазақстанның архивтерінде жатқан барлық құжатты цифрландыру, яғни бәрін сканерден өткізіп, «Цифрлы фабрика» жасау екен, - деп хабарлайды egemen.kz.
Сөйтіп 1,6 млрд бет көлеміндегі ұлттық мұрағат қорын түгел цифрландыру жоспарланған. Оны іске асыру үшін қайда барсаң қате болмайтын «мемлекет пен жекешенің әріптестігі» делінетін сөз алға тартылып, осы аттас ЖШС құрылмақшы. Ал оның шығынына 96 млрд. 120 млн теңге бөлу қарастырылған. Бұл бұрын-соңды архив саласының түсіне кірмеген қаражат екені көрініп тұр.
Жобаның мақсатын ақтап, тиімділігін насихаттау үшін хабарламада оның халыққа пайдасы мол екендігі де айтылады. Соның ішінде 8500-дей жұмыс орны ашылмақ, оның 850 орны мүгедектерге арналмақшы. Қарап тұрсақ, тіпті тамаша жоба екен. Жұмыс орындары да ашылады, мүгедектер де қамтылады, құжаттар да цифрланып, дереккөздер ашылады, жарыққа жарқырап шығады...
Алайда архивтерге жиі барып жүретін журналист ретінде осында бір шикілік бар екенін бірден сезген едік. Осынша қаражат шығарып, жекеменшік ЖШС ашпай-ақ, қарастырылған қаражаттың оннан бірін архив қызметкерлерінің өздеріне төлесе, барлық құжаттарын өздері-ақ цифрландырып бермес пе еді? Оның үстіне бұлар архив қазынасына қалай қарауды білетін, жанашыр жандар емес пе деген сауалымызды архив мамандарының талайына қойып көрген едік. Сөйтсек, бәрі бір ауыздан біздің сөзімізді құптады.
Егер қаражат бөлінсе, сканерлеу өз қолымыздан еркін келеді. Қажет болса, тіпті, қосымша мамандар да тартар едік қой. Біздегі көптеген тігіндіні ашуға да болмайтынын, ал ашу керек болса, олармен қалай жұмыс істеу керектігін көшеден шақырылған, табыс табу үшін ғана жиналған адамдар қайдан біледі? Архив мемлекеттің қазынасы емес пе, оны кім көрінгенге қалай сеніп ұстатуға болады деген сұрақтарды айтып, олар сарнап қоя берді. Әрине, хабарлама жасап тұрған өз министрліктері болғандықтан, олар аты-жөндерін айтпауды өтінді.
Сонымен бірге біз архив құжаттарын жекешенің реттеуіне немесе цифрландыруына заң не дейді екен деген сауалмен «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заңды ашып көрген едік. Заңның бірінші бабының 2-тармағында архивке берілген анықтама былай дейді: «Архив – архивтік құжаттарды жинауды, сатып алуды, жинақтауды, ретке келтіруді, сақтауды, есепке алу мен пайдалануды жүзеге асыратын заңды тұлға немесе оның құрылымдық бөлімшесі». Демек заңда ешқандай көлденең ЖШС немесе басқа келіп, оның құжаттарын реттеуге, сақтауға, есепке алуға және т.б. қатыстылығы қарастырылмаған.
1-баптың 9-тармағында «архивтік құжаттарды электронды нысанға аудару» деген түсінікке мынадай анықтама берілген: «архивтік құжаттардың электронды көшірмелерін жасау және уәкілетті органмен келісу бойынша ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындаған ақпараттық жүйелерге мәліметтерді көшіру» деген сөз екен. Ал біздің жағдайымызда «уәкілетті орган» деген мүлде жоқ қой, ЖШС бәрін өзі көшіреді, өзі цифрландырады, тіпті ақпараттарды көшіруге ешкім кедергі жасамайды.
Заңның 2-бабының 1-тармағында «Ұлттық архив қоры Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі болып табылады және оны Қазақстан Республикасының ұлттық игілігі ретінде мемлекет қорғайды» делінген. Ал осы «ұлттық игілікті» мамандар емес, табыс табу үшін жиналған ЖШС мүшелерінің қолына қараусыз беріп қоюды мемлекеттің оны қорғағаны деп айта аламыз ба? Кездейсоқ адам Ұлттық игіліктің бір бөлігін жойып жіберсе, оны кім анықтай алады? Қалың тігінділерді оған кім санап береді дейсіз? Сондай-ақ жекеменшік ЖШС құжаттардың бүлінбей сақталуына қажетті температураны, ылғалдылықты қамтамасыз ете ала ма? Ете алмайды, өйткені маман болмағандықтан ол мұндайдың не екенін де білмейді.
Осы заңда мемлекеттік архивтің ақпараттарын жекеменшік әріптестер мемлекеттік қызмет көрсету мақсатымен жедел қолдана алады деген рұқсат та жазылмаған. Демек заңда ондай рұқсат болмаса, мұндай әрекеттің өзі заңсыз емес пе?
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 6 қарашадағы №710 «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік үшін беруге болмайтын нысандар тізімін бекіту туралы» қаулысының 7-тармағында ондайлардың қатарына «тарихи-мәдени мұралар және мәдени құндылықтардың» бары айтылған. Жоғарыда аталған заңда «Ұлттық архив қоры Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі» екендігі атап көрсетілген. Демек оны мемлекет-жекеменшік әріптестігі мақсатына қолдануға болмайды.
Сонымен қатар мамандар мемлекеттік архивтің баға жетпес құнды құжаттарын жекеменшіктің қолына беру – оның сақталуына, бүлінуіне ғана емес, сатылуына, сыйға тартылуына, жеке қараулық мақсаттарға да қолданылуына жол ашуы мүмкін деген күдіктерді де көп айтты. Ал аталған заңның 7-бабының 6-тармағында «Ұлттық архив қорының мемлекеттік меншіктегі құжаттары мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіру, сатып алу-сату, айырбастау немесе сыйға тарту, яғни меншік құқығын беруге байланысты мәмілелер жасау объектісі бола алмайды, сондай-ақ оларды тұрақты сақтау үшін басқа мемлекеттерге әкетуге болмайды» деп атап көрсетілген. Ал жекеменшіктің қолына беріп қойса, осы талаптардың орындаларына кім кепілдік береді?
Қорыта айтсақ, мамандарды алаңдатып, заң талаптарын бұзып, мемлекет мүддесін аяққа басып отырған осы шешімнің қаншалықты дұрыс екендігіне тиісті органдар назар аударар. Әсіресе, ұлан-ғайыр мемлекет қаражатының тиімді жұмсалуын қадағалайтын органдар көзжұмбайлық жасамайтын шығар деп ойлаймыз. Әрине, архив қолжетімді болуы керек, бірақ оның сақталуы да аяқасты етілмеуі керек.
Жақсыбай Самрат