Үкіметтің міндетін депутаттар атқаруға тиісті ме?
2019 ж. 15 желтоқсан
1371
0
Елімізде үш жарым мың нысан лаңкестік қауіп-қатерге дайын емес. Арасында мектеп, аурухана, мәдени орындар, ойын-сауық орталықтары бар. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, бұл Қазақстандағы барлық нысанның 35 пайызы.
Ал олардың терроризмге қарсы дайын болмауына мәжілісмендердің алдына келген ҚР Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша әдеттегідей қаржы тапшы және жұмысты үйлестіре алмаған әкімдіктер кінәлі екен. Ендігі жерде Үкімет әкімдіктерге әлеуметтік нысандардағы қорғанысты күшейтуді міндеттемек. Мәселен, мектептерде бейнекамера орнатып, күзет бөлімінде офицер отыруы шарт. Сондай-ақ, Мәжілісте мақұлданған жаңа заңға сәйкес, ведомствоаралық кеңес құрып, ақшаның тиімді жұмсалуын қадағалау солардың құзіретіне өтпек. Бес жылдық бағдарламаға сәйкес биыл – 58, келесі жылы – 26, ары қарай 36 миллиард теңгеден жыл сайын бөлінбекші.
– Әлихан Асханұлы, бұл жерде сіз қаржы министрі ғана емес, премьер-министрдің орынбасары ретінде жауап беруге тиіссіз. Әкімдер қаржы керек кезде Үкіметтен шықпайды. Олардың басын қосып, «Сіздің өңірде 20 мектепте лаңкестік қауіп-қатерге қарсы еш жағдай жасалмаған, бейнекамералар жоқ» - деп айту керек. Ал кімнің меншігінде екендігі – екінші мәселе» - деді вице-премьердің жауабына қанағаттанбаған Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин. «Тиісті органдар қаржыны тиімсіз пайдаланып отыр» - деп Мәжілісте вице-премьердің мәлімдеуі ыңғайсыз нәрсе, бұл сыныққа айтар сылтау ғана. Бүкіл билік қолында тұрған Үкіметтің аймақ басшыларына шамасы келмей қалғаны ма? Бөлген ақшаның қалай жұмсалғанын бақылайтын орындарға неге тапсырма беріп, оларды тәртіпке шақырмайды? Әлде бұл жұмысты да депутаттар атқаруы керек пе?..
Зейнолла АБАЖАНОВ
qazaquni.kz