"АҚ ЖОЛ" ХАЛЫҚТЫ ҚОРҒАП, САЛЫҚТЫ ЖЕҢДІ
2019 ж. 14 қараша
4053
3
ҮКІМЕТ ХАЛЫҚТЫҢ НАНЫНА ЖАРМАСПАЙТЫН БОЛДЫ
Біздің үкіметтің басы ауырса, кінәні халықтан іздейтіні бесенеден белгілі! Бұл жолы өз күнін өзі көріп жүрген бұқара халықтың таңнан түнге дейін талмай істеп, тауып жүрген нанына жармасты...
Қаржы қиындығын қарапайым халықтың есебінен шешіп ала қойғысы келген Қаржы министрлігі "Каспий голд" картасындағы аударымдарға салық салатын боп, 2020 жылдың қаңтарынан қамбасын ашып, дайын отырған. Өйткені қазір халықтың басым бөлігі күнделікті тұрмыста "Каспий голд" картасын пайдаланады. Бұл картаңыз қалтаңызда болса, кафеден ас ішсеңіз де, дүкеннен киім кисеңіз де, тіпті, көшеден такси мінсеңіз де, ақшаның қажеті жоқ. Өзіміз кейде, апталап ақша ұстамай жүре беретін болғанбыз, "Каспий голд" аман болсын деп...
Ал енді біздің үкіметтің "керемет экономикалық шешімінің" арқасында, жаңа жылдан бастап, сен ас ішсең де, салық төлейтін, киім кисең де, салық төлейтін, көшеде жүрсең де салық төлейтін едің...
Үкімет көзді тарс жұмып алып, жайлы кабинеттерден шықпай-ақ, тұяғын қимылдатпай-ақ, тек саусағын қимылдатып, миллиардтарды санап алып отыра берер еді....
Үкіметтің "Барбаросса жоспарын" тағы да "Ақ жол" партиясы бұзды!.. Атқа мініп, аттан салған "Ақ жол" партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Үкімет басшысының бірінші орынбасары-Қаржы министрі Әлихан Смайловқа депутаттық сауал жасады.
Өз еңбектерімен күнін көріп жүрген қарапайым халықтың онлайн-төлем жүйесіне салық салудың дұрыс еместігін айтқан Азат Тұрлыбекұлы үкіметке халықтың тиынын санағанша, миллиондаған пара мен офшорлардағы миллиардтаған қаржыны іздеу керек деп мәлімдеді.
Қарапайым халықтың қақын қорғаған "Ақжолдықтардың" аттаны Үкіметтің есін жиғызды.
Бүгін Премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов қолма-қол ақшасыз аударымдарына қатысты салық салынбайтынын, халыққа уайымдауға негіз жоқ екенін мәлімдеді.
Қаржы министрлігінің онлайн аударымдарға салық салу шешімі қабылданып кеткенде, қарапайым халық жылына миллиардтаған қаржысынан, әр адам мыңдаған теңгесінен айрылар еді... Өзі зорға тауып, отбасына жеткізе алмай жүрген нанының бір шетін үкімет жұлып жер еді...
"Ақ жол" партиясы халықты орынсыз салықтан қорғап қалып, Үкіметпен тартыста жеңіске жетті!
Бұл - халықтың жеңісі!
Қазыбек ИСА,
qazaquni.kz