Нұр-Сұлтан мектептеріне араб шейхтарының аты беріледі
2019 ж. 01 қараша
2775
0
Иә, Нұр-Сұлтанның қос бірдей мектебіне араб шейхтарының аты беріледі. Бұл ұсынысты бас қаланың мәслихаты, ондағы дәудей депутаттар мақұлдапты, - деп хабарлайды abai.kz.
Атап айтқанда, Нұр-Сқлтан қаласындағы №84 ментеп-лицейіне шейх Халифа бен Заид әл-Нахаянның, ал № 85 мектепке шейх Тамим бен Хамада әл-Танидың есімі беріледі екен.
Астаналық ономастикалық комиссия ұзын-ырғасы 12 мекеменің атауын қарап, ақылдасып, мақұлдасыпты. Ол мекемелерге енді Жұмабек Тәшеновтің, Ахмет Байтұрсыновтың, Бейімбет Майлиннің, Шәкәрім Құдайбердіұлының, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының, Ілияс Жансүгіровтің, Міржақып Дулатовтың, Әлихан Бөкейхан мен Сәкен Сейфуллиннің аты беріледі.
Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қалалық Оқушылар сарайы енді Әбу Насыр әл-Фарабидің атымен аталады.
Астана мектептеріне араб шейхтарының аты берілуі туралы ақпаратқа Нұр-Сұлтан қаласы, Мұрағат істері және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Тілеугелді Қышқашбаев (Кишкашбаев) пікір білдіріпті.
"Мектеп - білім беру жүйесінің ең маңызды нысандардың бірі. Қазіргі таңда астанамызда 87 мектеп жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 10 мекемеге Қазақстанның даңқты азаматтарының аты берілген.
Айта кетейік, Астананы дамытуда шетелдік инвесторлардың өлшеулі үлесі бар. Мысалы, араб шейхтарының аты берілетін мектептердің құрылысы сол шетелдік инвесторлардың қаржысына салынған.
Халифа бен Заид әл-Нахаян атындағы гуманитарлық қор № 84 мектеп-лицейдің құрылысын толық қаржыландырған.
Ал № 85 мектептің құрылысына Катар мемлекетінің даму қоры қаржы аударған. Аталған білім беру мекемелері инвесторлар есебінен барлық керекті оқу құралдарымен жабдықталған", депті Қышқашбаев.
Тақырыпқа тұздық ретінде айтайық, өткенде ғана осы араб шейхтарына сирек кездесетін құстарды аулауға арнайы рұқсат берген еді. Рұқсатты басқа-басқа емес, премьер-министрдің өзі берген.
Катар мен Араб әмірлігінің 4 шейхына жылына 300-дей құс атуға рұқсат етілген. Арабтар атпақшы құс - Қызыл кітапқа енген жиек дуадақ немесе жорға дуадақ екені де белгілі болған.
Әлгі әтігөрлерді тіпті "Охотзоопром" инспекторлары көлікпен алып жүреді екен тағы. Ойпырымойларға мұнша бәйек болатындай не құдырет деп шулаған жұрт. Сол кезде министр Мағзұм Мырзалиевтің өзі терлеп-тепшіп түсіндіріп еді.
Сөйтсек, құсқұмар шейхтар қазынаға қаржы құйыпты-мыс. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мырзағалиевтің сөзі, бұл: "Осы жолы бұларға 273 құсқа рұқсат бердік. Дегенмен қанша шығатыны белгісіз. Ол аңшылық қой. 270 құсқа 181 миллион теңге ақша түседі".
Араб шейхтарына сирек кездесетін құстарды атуға рұқсат беретін Қаулыны ҚР Үкіметі қабылдаған. Саятшылық 15 қарашаға дейін созылған. Сөйтіп, Қызыл кітаптағы құстарды құмарлық үшін қыру құқығы бірнеше адамға ресми берілген. Олардың арасында жаңағы Халифа бен Заид әл-Нахаян да бар.
4 шейх дедік қой. Оның бірі - Халифа бен Заид әл-Нахаян. Оған Арыс қаласына қарасты аумақта және Қаратау мемлекеттік қорығында 35 дуадақ, сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарының аумағындағы қорықтарда 49 дуадақты аулауға рұқсат етілген.
Халифа әл-Нахаян Біріккен араб әмірлігінің президенті. Елдің бұрынғы президенті Зайд ибн Сұлтан әл-Нахайянның үлкен ұлы.
2004 жылы әкесі қайтыс болған соң президенттік тақты иеленген. Оған дейін Әбу Дабидің әмірі болған. Әлемдегі ең дәулетті миллиардерлердің бірі. "Forbes" журналының тұжырымы бойынша оның байлығы 15 миллиард доллар деп есептеледі.
Ал шейх Хама́д бен Хали́фа әл-Та́ни қазіргі уақытта Катар елінің әмірі. Бұл шейх туралы түрлі әңгімелер бар. Ол 1995 жылы әкесі халифа бен Хамад Швейцарияда демалып жатқан кезде елде қансыз төңкеріс жасап, әкесінің тағын басып алған. Ақпарат құралдарында жасы 65-ке жуықтап қалған әмірдің денсаулығының нашар екендігі айтылады. Сонымен бірге ол 1996 жылы атақты «әл-Жазира» телеканалын құрған азамат ретінде аталады.
Міне, жаңағы құсқұмар араб әміріне енді бас қаланың мектебінен әйдіктеп ат беретін болдық.