Тиімсіз жобаларды тықпалағандар жауапқа тартылсын
2019 ж. 27 шілде
3006
5
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақында ғана өткен Үкіметтің жалпы отырысында Елордада салынып жатқан құны 2 миллиард доллар тұратын LRT (жеңіл рельсті көлік жолы) құрылысы дұрыс жоспарланбағанын айтып, оны ұсынғандарды қатаң сынға алды.
«Халық үшін ыңғайлы әрі үнемді көлік жүйесін салудың орнына аса қымбат жоба ұсынылған. Білуімше, сәулетшілер мен мамандардың пікірі ескерілмеген. Әкімдіктің мәліметіне сәйкес, жеңіл рельсті көлік жүйесімен бір тәулікте жүретін жолаушылардың саны 146 000 адам болу керек-ті. Бұл – болжам ғана. Алайда, іс жүзінде қазір дәл осы бағытпен, яғни әуежайдан жаңа теміржол вокзалына дейін тек 2 000 адам ғана жол жүреді. Мен сіздердің жолаушылар санын 70 есеге қалайша арттыратындарыңызды түсінбей отырмын», – деді Тоқаев жоғары атқарушы билік өкілдеріне.
Президент айтпаса да, жоба тиімсіз болса, оған пайдалану барысында тұрақты түрде субсидия бөлуге тура келеді. Өйткені, бұл өзін-өзі ақтамайтын, тіпті пайдасынан зияны басым нысан. Ол үшін тағы жыл сайын онсыз да жетіспей жатқан бюджеттің қыруар қаржысы жұмсалады. Яғни, тап қазір қажеті шамалы, өзін-өзі ақтамайтын жобаларға босқа ақша шығындау ғана бұл. «Енді осы уақытқа дейін кеткен шығын мен халықаралық міндеттерді ескере отырып, бұл жобаны тоқтатуға болмайды. Алайда, салдарын түсіну керек. Үкімет пен Елорда әкімдігіне аталған мәселеге нүкте қоюды тапсырамын. Нақты ұсыныстар берілсін. Ал жобаны ұсынған жауапты тұлғалар бақылаушы органдардың сұрақтарына жауап беруі керек. Сосын Парламент депутаттары да өз пікірін айтуы қажет. Жобаны қалай іске асырды?», – деді Тоқаев. «Қазіргі уақытта ішкі нарықта 1,5 млрд. доллар сомаға LRT Астана облигацияларын шығару бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 344 млн. доллар бұдан бұрын алынған қарызды жабуға жұмсалады, ал қалған 1,2 млрд. доллар LRT құрылысына бағытталады. Қала әкімдігінің мәліметінше, құрылыс жұмыстары 2020 жылдың 1 қыркүйегіне қарай аяқталады», – деді осыған орай Үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайылов. Ол облигацияларды кім сатып алады? Тағы да отандық кәсіпкерлерді міндеттеп, онсыз да қиналып жатқан қарапайым халықтың мойнына салмақ салу емес пе бұл?
Басталмай жатып дауға қалған бұл құрылыс Елорда әкімдігінің бас ауруына айналғаны анық. Енді міне көлік құрылысын аяғына дейін жеткізетін қаржы іздеп әуре болып жатыр. Ал құрылыстың бастапқы бөлігіне жұмсалған 313 миллион долларын мемлекет Қытай банкіне үстіне 31 миллион доллар қосып қайтарып беруге міндетті. Тоқаевтың «халықаралық міндеттер» деп отырғаны дәп осы. Біз неге қарызға кіруге әуеспіз, көрпемізге қарай көсілуді қашан үйренеміз? Бірқатар сарапшылар инвестор тапсақ та қарызға одан әрмен батамыз дейді. Дұрыс айтады.
Құрылысы тоқтап қалған бұл көлік жобасы қала әкімдігін тығырыққа мықтап тіреді. Өйткені, Қытай банкімен арадағы келісім үзілген, біздің берекесіз, біліксіз басшыларға енді олар да күдікпен қарайтын болды. Жабылып қалған «Астана банкіне» салынған осы құрылыстың 100 миллиард теңгесін қайтарып алу да қиын болып тұр. Бұны еліміздің бас банкирі Ерболат Досаев пен жаңадан келген қала басшысы Алтай Көлгінов те мойындап отыр. Ұзындығы 22 шақырымнан тұратын атышулы жобаның тиімсіздігін өз кезінде ешкім тексермеген, біреулер өз пайдасы үшін тықпалап жібергені көрініп тұр.
Бұл мәселе қоғам мүшелерін де алаңдата бастады. «Әрі қарай инвестиция құйсақ одан үлкен қарызға батып кетеміз. Инвестордың ақшасын қайтару керек. Одан басқа үстемесін төлеу қажет», – дейді қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан. Оның ойынша, бұл мәселені шешудің ең оңай жолы – жобаға кеткен шығынды есептеп, оны кезінде осы шешімді қабылдаған шенеуніктердің мойындарына іліп қою керек. Өйткені, о баста жобаға Қытай банкі қаржы бөле бастағанда құрылыс компаниялары 313 миллион долларды жаратып үлгерген. Қаржыны қалай жаратқанын да тексеріп жатқан ешкім жоқ. Енді оны мемлекет 344 миллион қылып қайтаруы тиіс. Бұл нысан құрылысын аяқтау үшін кем дегенде тағы да 1,5 миллиард доллар керек. Соған қарағанда, Мұхтар Тайжанның ұсынысы әлдеқайда ұтымды секілді. Сонда алдағы уақытта осындай жобаны ұсынатындарға ұмытылмас сабақ болады.
Бұл құрылысты елімізде өткен «ЭКСПО-2017» дүниежүзілік көрмесіне дайындық деген сылтаумен ұсынған пысықайлар не ойлады екен? Дарақылық пен даңғойлыққа негізделген көрме елімізге пайда әкелген жоқ, болжанған шетелден арнайы қатысуға тиісті туристердің тым болмаса жартысы да келмеді. Амалдың жоғынан өзіміздің мемлекеттік қызметтегі адамдарды қыстап қатыстыруға тура келді. Олар өздерінің бала-шағасының аузынан жырып, ЭКСПО-ға сонау алыс аймақтардан шығынданып келіп қатысуға мәжбүр болды. Сонда не ұттық? Мұндай халық мүддесіне қайшы, түкке тұрғысыз арзан бедел кімге керек еді? Терең ойлай алмайтын, қабілет дегеннен жұрдай ел басшылары өзгелерге «мықты» екендіктерін көрсетіп, босқа дарақыланды. Шетелден туристер түгелдей келген күннің өзінде қысқа мерзімде өте шығатын шара үшін осыншама бейберекет шығындануға бола ма?
Қ-Ж. Тоқаев айтқандай, осы іспеттес адам баласы «түсінбейтін жобалар» бізде жетіп артылады. Қарағандыдағы бір кезде үлкен шу тудырған жеңіл ұшақ жасау және Ақтаудағы планшет зауыттары сияқты жүздеген кәсіпорындар тұсауы думандатып кесілгенмен аяқтанып кеткен жоқ, мешел күйінде отырып қалды. Болашағы жоқ кәсіпорындарды салуға біз неге қыруар қаржы жұмсаймыз? Осының бәрін алдынала есептеп, болжауға, жоспарлауға міндетті біздегі экономика, техника, қаржы саласындағы мамандардың есі ауысып, түгелдей топас күйге душар болғаны ма? Қарап отырсақ бізде ғалымдарды былай қойғанда, министрлер мен әкімдердің тең жартысы ғылым кандидаттары мен докторлары болып келеді. Тіпті, лауазымдылар арасында ғылыми атаққа ие болу сәнге айналған. Қайда олардың сондағы ғылыми жетістіктері мен біліктіліктері? Қалай ғана олар ғылым докторлары болып жүр? Осындайда көрсетпей ме білікті екендерін? Көрсете алмайды, басында білімі болмаса, ақша төлеп сатып алған қалтадағы ғылыми атағын куәландыратын қағазынан не пайда? Біздіңше, сол «ғылым докторларына» қарағанда қарапайым халықтың біліктілігі әлдеқайда жоғары. Сөзіміз нақты болу үшін бір-екі мысал келтірейік.
Табиғаты тамылжыған Алатау баурайындағы Көкжайлау алқабында әлемдік деңгейдегі шаңғы курортын саламыз деп даурыққан Алматы әкімдігінің әумесерлігі естеріңізде болар. Қарасаң көз тоймайтын Көкжайлауды көкпардай жұлмаламақшы болған зиянды жоба көпшіліктің талабымен, у-шумен әзер тоқтатылды. Туған табиғатқа жаны ашитын қала тұрғындарының, қоғамдық ұйымдардың қарсылығы арқасында Көкжайлау аман қалды. Олардың маңдайымызға біткен табиғат сыйын сол алғашқы күйінде сақтап қалуды көздеген талабы өте орынды. Тау шаңғысы курортын салуға көрші қырғыз экологтары да наразылықтарын білдірді. «Жасыл құтқару» қоғамы мүшелері бұл жоба Алатаудың күнгей бетіне де өз әсерін тигізетінін ашық айтты. Тау шыңындағы мұздақтар еріксіз еріп, аймақтағы экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы мүмкін еді. Оған қоса, таудағы жабайы аңдар ауып кетуі немесе жаппай қырылуы да ғажап емес.
Жобаны жанталаса ұсынғандар Көкжайлау шаңғы курорты құрылысына 450 млн. доллар жұмсап, 160 миллион долларға бәссаудаға шығарамыз деген түпкілікті жоспарларын жасырған жоқ. Сонда не ұтпақшы болды екен? Дәп қасындағы осыған ұқсас «Шымбұлақ» атты шаңғы кешені демалушыларға толық қызмет көрсете алады. Бұл үй ішінен үй тігу деген сөз. Одан қалды қымбатқа салып, арзанға сату бизнестің қай түріне жатады? Бәссауданың бұл бастапқы бағасы болса да оны кім көтеріп сатып алмақшы? Ол аздай жақында алып Алматының ортасындағы жасыл желегі сақталған Атакент көрмесі аумағында «Конгресс-Холл» саламыз деген хабар тарады. Ол үшін 9 мың түп ағаш кесілмекші екен. Театр мен бизнес орталықтары толып жатқан Алматыда жиналыс өткізетін орын табылмай қалғаны ма? Бұл да қымбат жобаны тықпалап, біреулердің ақша жасау амалы. Халықтың ақшасын қалай болса солай шашу бізде күнделікті көрініске айналған. Мысалы, Щучинск қаласындағы шаңғы трамплинінің 2005 жылғы жобасы бойынша оның құны 2,3 миллиард теңге болған. Ал 2016 жылы жобалық-сметалық құжаттамасын нақтылау нәтижесінде жоба құны 38,5 миллиард теңгеге дейін артып шыға келді. Одан кейін тағы да 3,4 миллиард теңге бөлінді. «Бұл жоба неге сонша қымбаттай береді, ақша қайда кетіп жатыр?» – осы тектес сұрақты «Ақ жол» партиясы депутаттары көтерген болатын. Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, дәл осы спорт түрімен Қазақстанда тек қана 900 адам айналысады екен. Бұл санатқа халықаралық жарыстарға қатысып жүрген кәсіби спортшылар ғана емес, ізбасар жасөспірімдер де кіреді. Олардың шеберлігін шыңдауға қазір Алматыдағы шаңғы трамплині жеткілікті қызмет етеді. Сонда осынша қымбат базаны қосымша салудың қаншалықты қажеті бар? Әлемдік тәжірибеге жүгінсек, осы спорт түрі жақсы дамыған Жапонияда – екі трамплин, Ресейде небары бір трамплин ғана бар көрінеді. Сонда 900 адам үшін осыншама қымбат нысан салатындай бізде артық қаржы болғаны ма?
Жүздеп, мыңдап саналатын тиімсіз жобалар тізімін одан әрі тізіп әуре болмай-ақ қоялық, оны өздеріңіз де білесіздер. Кезінде ашылмай жатып есігіне құлып салынған зауыттардың тұсауын кескен Елбасының өзі ондай «салтанатты рәсімге» бұдан былай қатыспайтынын да айтқан болатын. Бұл нені аңғартады? Біріншіден, бұл біздің елде жемқорлықтың жүгенсіз кеткенін көрсетеді. Әсіресе, құрылыс саласы бұл көрсеткіш бойынша алдыңғы орында тұр. Қаржы мол жұмсалатын жобаларды тықпалайтындар алдымен өз пайдаларын ойлайтыны белгілі, оның қаншалықты тиімді екеніне бас қатырмайды. Екіншіден, оны бектітетін, іске асыруын бақылайтын орындар мүлдем жұмыс істемейді. «Білуімше, сәулетшілер мен мамандардың пікірі ескерілмеген», – деп Тоқаев айтқандай емес, сол сәулетші және басқа да мамандардың өзі былыққа белшесінен батқан. Біздегі лауазымдылар қымбат жобаны қолдан жасап, туған-туыстары немесе таныстарының атына рәсімделген өз фирмаларына береді. Қаржыны қымқырудың оңай жолын тауып алған. Жобаны қолдаған үкіметтегілер де жең ұшынан жалғасып жатыр. Бір ғажабы осы жобаға қаржы бөлуді бекітіп берген халық қалаулылары қайда қарап отырды? Әрине, олар да босқа отырған жоқ. Бұрын әкімдіктен депутаттыққа келгендердің де өз фирмалары бар. Оларға да мол пайда табу керек. Сонда халық қаржысын кім қорғайды?
Біздің оқырмандарымыздың пікірінше осы тектес қылмыстарды тексеруге міндетті құзырлы орындар дұрыс жұмыс істемейді. Тексеруге бара қалса да өз үлестерін алып, жабулы қазан жабулы күйінде қалады. Тек анда-санда жоғарыға есеп беру үшін бір-екі қылмысты ашып, жұмыс істеп жатқан сыңай танытады. Сондықтан да біздегі жемқорлық жүгенсіз кеткен, жең ұшынан жалғасып, төменнен жоғарыға дейін жайлап алған. Ал халық қаржысын ұқыпты пайдаланып, тиімді жұмыс істегендерді түртпектеп түрмеден бір-ақ шығарады.
Мысалы, Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев сондай құйтырқының құрбаны болып отыр. Осының алдындағы жылдарда оны қызметінен алып тастағанда Елбасының алдына барып, миллиардтаған қаржы үнемдеген тиімді жобасын дәлеледеп берген білікті маманды Назарбаевтың өзі қызметіне қайта отырғызғанын білесіздер. Бүгінгі күні Ислам Әбішевті қолдаған көпшілік мыңдаған қол жинап мемлекет басшысына арызданып жатыр.
Әдетте, салыстырмалы түрде алғанда шамалы қаржы жымқырып мемлекетке зиян келтірген қатардағы адамдар бірнеше жылға сотталып, миллиондап жеген жоғары лауазымдылар айппұлмен құтылып жатады. Бұл жерде де шенеуніктердің жауапсыздығынан миллиардтаған шығын шығып отыр. Осыны және осыған ұқсас тиімсіз жобаларды тықпалағандарға қашан қылмыстық іс қозғалып, заң бойынша жауапқа тартылады? Әлде әдеттегідей ескерту жасап, басынан сипап қоя саламыз ба?..
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz