Дәурен Абаев: Мемлекет көпбалалы аналарға көмектесуден бас тартып отырған жоқ
2019 ж. 07 маусым
2124
1
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев көпбалалы аналардың мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бірден айтайын: алаңға шыққандардың бәріне бірден үй таратып беру деген - ақылға сыймайды. Мемлекет көпбалалы аналарға көмектесуден бас тартып отырған жоқ. Бірақ, барлық жағдайдың саналы межесі болуы керек. Бұрын да айтқан едім, бүгін де қайталаймын - қазіргі таңда бүкіл ел аумағында көпбалалы отбасылар үшін салынатын тұрғын үйлердің құрылысы басталып кетті. Осынау қор бірнеше жылдың ішінде базалық тұрғыда мұқтаж отбасылардың қажеттігін жауып береді. Үй құрылысы аяқталмай жатқан кезде әкімдіктер қолда жоғын қалай тауып бере алады? Бірақ, осыған қарамастан, елордада «Тұрғын үй жинақ банкі» арқылы ондаған отбасы пәтерге немесе жалға берілетін үйге ие болды», - деді Дәурен Абаев «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.
Министр өз сөзінде «Берекелі баспана» бағдарламасы аясында көпбалалы отбасылар үшін құжат қабылдау басталып кеткенін еске салды.
«Жыл басынан бері бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне 1 млн теңгелік баспаналық сертификаттар берілуде. Бұл сома - алғашқы жарнаны толықтай жауып тұр. Осының бәрі де бюджет қаражаты есебінен іске асырылып жатыр», - деді министр.
едомство басшысының айтуынша, мемлекеттің азаматтар алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін көпшілік анық түсінбей жатыр.
«Иә, біздің мемлекет өзін әлеуметтік салаға бейімделетінін жария етті. Міне, сондықтан, көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек төленуде. Ол көмектің өзі орташа есеппен бір отбасыға 100 мың теңгеден кем емес. Сонымен бірге, көпбалалы отбасылардың балалары мектепте тегін тамақтанады. Жеңілдікпен жол жүру, оқуға түсуге арналған квота... Бірақ, бұл ретте өз өмірің үшін жауапкершілікті өзіңнен толықтай алып, мемлекетке артып тастағаның - қаншалықты дұрыс?!» - дейді министр.
Дәурен Абаевтың айтуынша, осы уақытқа дейін әкімдіктерге келіп жүрген аналардың көбі жұмыс сұрап келмеген.
«Біліктілікті арттыруды талап етпеген. Болмаса, жоқ дегенде күйеулерінің айлық табысын көтеруді сұрап келсе бірсәрі. Барлығы да - дәл қазір бізге үй беріңдер, несиемізді сызып тастаңдар деп талап қояды. Тағы бір мысал келтірейін: осы жылы көпбалалы отбасыларды көшіруге арналған «Нұрлы Ертіс» бағдарламасы іске қосылды. Мысалы, мамыр айында ғана 52 отбасы Екібастұз қаласына көшірілді. Оның үстіне Павлодар облысының әкімдігі ересектерді жұмысқа тұрғызуға міндеттеліп отыр. Балабақшаларда тегін орын берілмек. Оқушыларға киім де, тамақтану да тегін. Елорда әкімдігі мұндай отбасылардың сол жаққа көшу шығынын көтереді. Бірақ, көптеген отбасы мұндай көмектен бас тартты. Себебі, олар дәл елордада пәтер алғысы келеді», - деді Дәурен Абаев.