Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйге құжат қабылдау басталды
2020 ж. 29 қыркүйек
1727
0
Елордада сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй алуға құжат қабылдау басталды. Бұл бағытқа қатысуға өтінімді 7 қазанға дейін жіберуге болады.
Бағдарламаға тұрғын үй кезегінде тұрған және Нұр-Сұлтан әкімдігіне ведомстволық бағынысты мекемелерінің білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлері, сондай-ақ полиция және төтенше жағдайлар департаменттерінің барлық санаттағы азаматтары қатыса алады, – деп хабарлады елорданың Тұрғын үй қоры.
Тілендиев даңғылында, Сары бұлақ бойында орналасқан «Жаңа қоныс» тұрғын үй кешенінен және С.Торайғыров көшесінде орналасқан «Керемет» тұрғын үй кешенінен 224 пәтерді жалға беру жоспарланған.
Әлеуметтік тұрғын үй алушылары ай сайын әр шаршы метрі үшін 1455 теңге төлеуі керек. Ең көп жалдау мерзімі – 20 жыл. Ол аяқталғаннан кейін тұрғын үй жалға алушының меншігіне өтеді.
Үміткерлер отбасы құрамына қарамастан 1,2,3 бөлмелі пәтерлерге өтініш бере алады. Алайда, таңдалған пәтер түрін алуға келісім беру олардың төлем қабілетіне тікелей байланысты. Мысалы, ауданы 37 шаршы метр болатын бір бөлмелі пәтерді жалға алу айына 53 835 теңгені құрайды. Бұл жағдайда отбасы үшін шамамен алынған кіріс басқа міндеттемелерді қоспағанда кем дегенде 110 000 теңгені құрауы керек, – делінген хабарламада.
Өтініштер zhilfond.kz сайты арқылы қабылданады. Бұл ресурста «Онлайн қызметтер» бөлімінде «Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйге өтініш беру (ҚИК)» терезесі пайда болды. Өтінішті қалдыру үшін өтінім берушілерде ЭЦҚ кілті және жұмыс орнынан анықтама болуы керек.
Жалға берілетін тұрғын үйді алушыларды іріктеу тіркеу күніне сәйкес жүзеге асырылады. Әрі қарай, әлеуетті жалға алушылар төлем қабілеттілігін және басқа мәселелерді растау үшін осы тұрғын үй бағдарламасының операторы «Қазақстандық ипотекалық компания» АҚ-ға жүгінуі керек. ҚИК сенім телефоны: 8 800 080-44-48.