Орталық Азиядағы көшбасшы білім ордасы
2021 ж. 24 наурыз
961
0
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға түсу менің мектеп қабырғасынан бергі асқақ арманым, алға қойған мақсатым болатын. Мұндай білім ордасында оқу білімге құштар кез келген түлектің арманы десем қателеспеспін. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығында мен осы арманыма қол жеткізген болатынмын. Ал қазірде Қазақстандағы жоғары оқу орындарының ең алды болып саналатын, 85 жылдан астам тарихы бар әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің бірінші курс магистрантымын.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей қамқорлығы аясында ҚазҰУ-да студенттер үшін барлық жағдай жасалған. Кітап қоры екі миллионнан асатын бай кітапханасы бар. «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, тамақтану комбинаты, жүзу бассейіні, кез-келген спорт түріне арналған залдар, интернет орталығы – бәрі-бәрі бар. Ө.А.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы – ҚазҰУ қалашығының інжу-маржаны. Мұнда Қазақ ұлттық аспаптар оркестрі, көркем-өнер үйірмелері, студенттер театры жұмыс істейді. Яғни, студент білім алып қана қоймай, өзін жан-жақты қырынан көрсете алады.
Әрине, өзге қалалардан келген студенттерді ойландыратын ең басты мәселе –жатақхана. Жыл сайын оқуға түскен студенттер еш қиындықсыз жатақханаға жайғастырылады. Жатақханалардың сырты қандай әсем болса, іші де соған сай. Wi-Fi жүйесі, таза да кең бөлмелері, оқу залы, компьютер залы, демалатын орындары бар. Сонымен қатар, ҚазҰУ қалашығында арнайы магистратура және доктарантура оқитын жастарға арналған жас ғалымдар үйі де бар.
Армандарымды арқалап Алматыдай үлкен қалаға, ҚазҰУ қалашығына келген алғашқы күнім есімнен кетпейді. Бұрын фотосуреттен ғана көріп, армандаған оқу ордасы, ҚазҰУ қалашығы мені бір көргеннен баурап алды. Дәл сол күні ҚазҰУ қалашығын аралап қайтқан болатынбыз. Айнала жап-жасыл,көрікті табиғат, алыстан көрінетін асқар таулар, тап-таза ауа, жанға жәйлі жаймашуақ, мамыражай ахуал!
ҚазҰУ биыл QS халықаралық рейтингі бойынша үздік университеттер қатарында 165-орынға көтерілді. Сөйтіп Орталық Азиядағы көшбасшы университет екенін тағы да дәлелдеді! Сондықтан, мен дәл осы жоғарғы оқу орнында білім алып жүргеніме және өз таңдауымды дұрыс жасағаныма қуанамын!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Есептеуіш лингвистика мамандығының 1-курс магистранты Габдуллина Н.А.
Жетекшісі:Уразгалиева С.А.
qazaquni.kz