Жарнамалық газет Қазақстанды Ресейге қосып жіберді
2014 ж. 24 сәуір
2091
1
Алматы облысының Талғар ауданында жарық көретін орыстілді «Талғарбазар» жарнамалық басылымы қазақ мемлекетінің тұтастығына қауіп төндіретін мақала жариялаған, - деп хабарлайды «Алаш айнасы» газетінің тілшісі. 2500 таралыммен тарайтын және жеке сайты бар жарнамалық газеттің 17 сәуір күнгі №15 (303) санында (2014 жыл) «Казахстан к России», «В Россий хотят присоединения Восточного Казахстана» деген мақала жарық көрген.
Басылым «Хакасия Жоғарғы Кеңесі төрағасы Владимир Штыгашев сөзін Ресей президенті Владимир Путиннің ішкі саясатын қолдау ретінде айтты» дей келе Штыгашевтің бар сөзін қайталап береді. Тақырыпты айғайлатып қойып алып, өз тараптарынан бір ауыз сөз қоспайды. Бұл бір.
Екіншіден, Штыгашевтің бұл пікірі 10 сәуір күні бүкіл қазақстандық ақпарат құралдарында талқыланып (қараңыз: Шығыс Қазақстанды Ресейге қосып алмақшы В.Штыгашевты қылмыстық жазаға тарта аламыз ба?), ақ-қарасы айтылып тасталған болатын. Сыртқы Істер министрлігінің мәлімдемелерін былай қойғанда, Хакасия Жоғарғы Кеңесі төрағасы В.Штыгашевтің өзі 13 сәуір күні (қараңыз: Штыгашев қазақтан кешірім сұрады) бар кінәні журналистерге аударып, қазақ халқынан кешірім сұрап үлгерген еді. Осының бәрін көре тұрып, кешірім сұрағаннан кейін арада бақандай 4 күн өткен соң (17 сәуірде), аудандық жарнамалық газеттің жерден жеті қоян тапқандай бүйректен сирақ шығаруының астарында не бар?
Раушан, Шаршенбаева, «Талғарбазар» газетінің тілшісі:
– Біз кеше Талғар аудандық әкімшілігінде бұл мәселе жөнінде сөйлестік. Газетіміз арқылы оқырмандардан кешірім сұрадық. Бұл мақала байқаусызда техникалық себептермен «қалжың ретінде» жарияланып кетіп отыр. Біз мұндай мақаланың жарияланып кеткенін байқамай қалдық.
«Қалжыңдағыш» «Талғарбазар» жарнамалық басылымы 24 сәуір күнгі №16 (304) 2014 жылғы санында оқырмандардан кешірім сұрапты.
Арандатуды көздейтін ақпаратты жариялауға рұқсат берген (бар жарияланымға редактор жауап береді) басылымның бас редакторы Елена Капчукова осы кешірім арқылы барлық жауапкершіліктен құтылып кетпек пе? Тек ақша табуды көздейтін жарнамалық басылым неліктен саяси мақала жариялай қалды? Мұның артында кімдер тұр? Ендігі сұрақ осы болса керек.
Осы аптада Гитлерге арнайы нөмір арнаған «Аңыз адам» журналына қатысты біраз жанжал болды (қараңыз: Гитлердің елесі кімдерді елеңдетіп отыр?). Сол жанжалда редакция мақсатын дұрыс түсінбеген бірқатар ардагерлер журналды жағып жіберген еді. Ал, «Қазақстанды Ресейге қосып тастаған» мына мәселеге қоғам тарапы қалай қарар екен? Аудандағы құзіретті органдар басылымға тек кешірім сұратып, істі жылы жауып қоя салмаса болғаны.
"Алаш айнасы"