Үкіметтік жұмыс тобы Маңғыстау облысына барды
2019 ж. 16 наурыз
2510
1
Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын түсіндіру мақсатымен өңірлерге жұмыс сапарлары аясында Маңғыстау облысына барды, онда халықпен кездесу өткізіп, Жаңаөзен қаласындағы тігін зауытының жұмысын тексерді, сондай-ақ көп балалы және аз қамтылған отбасыларға барды, - деп хабарлайды primeminister.kz.
Жаңаөзен қаласының халқымен кездесуді аша отырып, Премьер-Министрдің орынбасары Г. Әбдіқалықова Мемлекет басшысы Н. Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған шаралар кешенін қабылдауды тапсырғанын атап өтті.
«Бүгінде Елбасының "Әлеуметтік қамқорлық" жаңа әлеуметтік шаралары іске асырылып жатыр. Олар халықтың аз қамтылған топтарын барынша қолдауды және табысты арттыруды, кірістері төмен азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуді, білім беру мен денсаулық сақтаудың сапасы мен қолжетімділігін арттыруды, өңірлерді дамытуды және т.б. көздейді», — деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Г. Әбдіқалықова халықпен кездесуден кейін Жаңаөзен қаласындағы тігін зауытына барды, онда 340-тан астам адам жұмыс істейді (жұмысшылардың 95%-ы — қаланың және жақын маңда орналасқан Рахат, Теңге, Қызылсай ауылдарының әйел адамдары). Кәсіпорын жұмысшылары мұнай саласының мамандарына заманауи, ыңғайлы және сапалы арнайы киімдер тігеді. Кәсіпорындағы орташа еңбекақы 136 мың теңгеден асады.
Бұдан өзге, Г. Әбдіқалықова мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев Жаңаөзен қаласында тұратын көп балалы және аз қамтылған отбасыларға барды. Әңгімелесу барысында жаңа әлеуметтік қолдау шаралары, оларды іске асырудың мақсаттары мен тетіктері егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Сонымен қатар, жұмыс сапары аясында Жаңаөзен қаласындағы Халықты жұмыспен қамту және ХҚКО жұмысы тексерілді.
Өз кезегінде білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова, денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Қ. Рыскелдинов Жаңаөзен және Ақтау қалаларындағы денсаулық сақтау, білім беру, құрылыс салаларының нысандарын аралап, ауылда болып қайтты.
Еске сала кетейік, бұған дейін үкіметтік жұмыс тобы Ақтөбе облысында болды, онда өңір халқымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жұмыс тобының құрамына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев, білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова, денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Қ. Рыскелдинов, БАҚ өкілдері мен блогерлер кірді.