Жалған ақпаратпен жұрттың жалақысы көтерілмейді
2018 ж. 16 қараша
4774
1
Үкіметтің кезекті отырысында ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен жергілікті әкімдіктерге әдеттегідей қағаз жүзінде көпіртіп есеп беретіндей емес, қазақстандықтардың қолына тиетін нақты айлық табысына сараптама жасауды тапсырды. Бұл туралы baq.kz хабар таратты.
«Бәрі сол «статистиканың мәліметі дұрыс емес» деген әңгімеге тіреледі. Болмаса, орташа жалақы жоғары дейсіздер. Ал шын мәнінде халықтың нақты табысы әлдеқайда төмен. Оған не себеп болып отыр? Соны анықтайтын дәйекті де нақты сараптама керек. Бұл бірінші кезекте осы мәселеге жауап беретін құзыретті органдар – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен жергілікті жердегі әкімдіктердің жұмысы», – деді Үкімет басшысы. Осы орайда премьер-министр келесі айда өтетін Үкімет отырысында аталған мәселе қайта қаралатынын жеткізді. Бір айдан кейін нақтыланған есеп-қисап бас уәзірдің алдында жатуы керек.
Бұл ақжарма ақпараттан хабардар болған қарапайым халық «Құдайым-ау, шынымен де алатын айлығымыз туралы ащы шындық Бас уәзірдің құлағына жеткені ме?! Қатардағы тұрғындардың айлық жалақысы туралы жалған есеп берген министрлер мен әкімдердің өтірігі енді ашылатын болды!» –дейді тапқаны тұрмысына жетпей жатқандар. Соңғы он шақты күнде екі бірдей жақсы жаңалық естіген қарапайым халықтың қуанышында шек жоқ. Енді қайтсын, алатын 60-70 мың теңгенің жартысын коммуналдық төлемдерге берген соң келесі айлыққа дейін ашқұрсақ жүрген көпшілік өз құлағына өздері сенбей қалғаны да шындық. Оның үстіне жақында өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Елбасы жылдар бойы халықты қанап келген электр қуатын, газ, жылу және су тарататын монополист кәсіпорындардың қызметін тексеріп, тойымсыздықпен негізсіз көтеріп алған бағаларды түсіріңдер, кінәлілерді жазалаңдар деп тапсырма бергені бар. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, міне дәп осы екі жаңалық жұрттың еңсесін түзегендей болды. Бірақ, қуануға әлі ертерек, тапсырманың нақты орындалғанына көз жеткізген соң ғана тұрғындар бөріктерін аспанға атса болады. Өйткені, елімізде қалыптасқан тәжірибеге сүйенсек, біздегі жоғарыдан берілген кез-келген тапсырма шұғыл басталып, науқандық қана сипат алып, соңы сиырқұйымшақтанып, көп уақыт өтпей ұмытылатыны белгілі. Яғни, нақты берілген тапсырманы орындауда да билік басындағылар түк бітірмей түлкібұлаңға салып, жоғарыға «Қырдық-жойдық!» деп беттері бүлк етпей өтірік есеп беретініні жасырын емес. Бұл жолы да дәп солай болуы әбден мүмкін.
Енді сөзіміз дәлелді болу үшін қатардағы адамдардың алатын айлығы жайында жоғары мінберден лауазымдылардың аузынан шыққан бір-екі лебіздерін айта кетелік. Бұл туралы «Қазақ үні» газеті («Министр мектепте оқымаған ба?», №16, 23-04-2018 ж.) жазған болатын. Түсінікті болу үшін сол мақаладан үзінді келтірелік.
«Еліміздің экономикасының тізгінін қолында ұстап отырған министр Тимур Сүлейменов қазақстандықтардың өткен наурыз айындағы жалақысын шотқа салып, тұрғындарымыз орташа есеппен қанша айлық алғанын санап үлгеріпті. Оның айтуынша Қазақстанда осы жылдың наурыз айында орташа айлық еңбекақы нақты көріністе 2,4 пайызға өсіп, 153,2 мың теңгені құрапты.Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов ауыз толтырып мәлімдеді. «Есептік кезеңде ЖІӨ өсуі 4,1 пайызды құрады. 2017 жылдың сәйкес кезеңінде ЖІӨ 3,6 пайыз болған еді. Мұндай серпін өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының, көрсетілетін қызметтер саласының өсуімен байланысты. Сондай-ақ, жалпы ішкі өнімнің ұлғаюуына инвестициялардың жоғарғы өсімі мен төмен инфляциялық процестер септігін тигізуде. Инфляция жыл басынан бері 1,8 пайызды құрады. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңі бойынша 0,5 пайызға төмен. Жылдық мәндегі инфляция 6,6 пайызды құрады», – деп қуантты жиналғандарды.
Былтырғыға қарағанда, ел экономикасында сәл де болса алға жылжу бар шығар, оған ешкімнің таласы жоқ. Бірақ, министрдің қазақстандықтардың орташа жалақысы туралы есебіне ешкім сенбесі анық. Онысы нақты есептен гөрі ертегіге көбірек ұқсайды. Біздегі тұрақты жұмыс істейтін, саны жағынан ең көп мемлекеттік қызметкерлер саналатын мұғалімдер, тәрбиешілер, дәрігерлер, медбикелер мен әкімдіктегі қарапайым қызметкерлердің жалақысы 80 мыңға жетпей жатса, 153 мың теңге орташа жалақы қай жақтан пайда болды? Ал, жеке кәсіпорындар мен құрылыста таңғы сегізден кешкі сегізге дейін жұмыс істейтіндер де 100 мың теңге таппайды. Оның үстіне құрылыс маусымы әлі басталған жоқ. Миллиондаған жұмыссыз жүргендерді бұл басқатырғыш жұмбақ есепке қоспаған күннің өзінде мұндай қомақты сома шықпайды. Әлде бұл бір ғана Экономика министрлігі штатының орташа айлық жалақысының көрсеткішін бүкіл қазақстандық тұрғындарға жапсыра салу ма? Наурыз айы аяқталмай жатып бұл көрсеткіштерді қалай ғана тез жинап алды? Әдетте бір компанияның есеп-қисабын тексеруге кем дегенде бір ай уақыт қажет. Қазақстандықтардың деген соң оған барлық жұмыс істейтін тұрғындардың табысы кіруі керек емес пе? Осы жағын ескерсек, орташа жалақы 153 мыңның маңайына жоламайтынын бесінші сыныптың оқушысы да шығарып бере алады. Әлде біздің министр бастауыш сыныпта математика пәнін оқымаған ба? Біздіңше, Сүлейменов қол астындағылардың қиялынан туындап, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп дайындап берген жалған ақпаратын жариялай салған. Мұндай есеп құлаққа қонымды болу үшін барлық сала мен еліміз бойынша еңбек ететін адамдардың табысын түгелдей тексеріп, нақты зерттеу жүргізу қажет. Сонда ғана, 153 мың теңгелік орташа жалақының жеті қабат жер астынан шыққанын немесе аспаннан аяғы салбырап түскенін нақты білетін боламыз». Осы тектес жалған мәліметтер өзге де министрлер мен әкімдердің есебінде жиі кездеседі. Оның бәрін тізіп жатудың қажеті жоқ шығар.
Көзі қарақты кез-келген адам күнделікті жаңалықтарды жібермей, қадағалап отырады. Жоғары білімді, аты жер жаратын шетелдерден мемлекет есебінен біліктіліктерін арттырып келген лаузымдылар түгіл, орта ғана білімі бар қарапайым жұмыс адамының өзі оны қалт жібермейді. Бүгінгі заманның талабы солай, онсыз өмір көшіне ілесе алмайсыз. Әсіресе, бұл билік басындағылар үшін аса қажет. Кеңседен шықса өздерін адасып кетердей сезінетін басшылар халықтың арасына бармаса да, басылымдарда жазылып, телеарналардағы жаңалықтардағы жұрттың жанайқайына бір сәт құлақ түруге болады ғой. Кеңседе омалып отыратын басшы – бар болғаны хатшы ғана. Нағыз басшы күні-түні халықтың ортасында жүруге тиісті. Құдайдың құтты күні қарапайым тұрғындардың тұрмыстық түйткілдерін жариялап жатқан телеарналар соның бәрін кім үшін көрсетіп жатыр? Әрине, бұқара сенім артқан билік басындағы азаматтар естіп-көрсін, оқысын, осыған назар аударсын деген мақсатпен беріледі. Бүгінгі қымбатшылық заманында алатын айлықтарының тым аз екенін бірнеше жылдан бері тұрғындар тұрақты айтып келеді. Басқасын былай қойғанда, біздің газетте жазылған сол мақаланың жарық көргеніне де жеті ай болыпты.
Жұрт жалақысының жартысын коммуналдық қызмет үшін береді деп айттық. Ол шындық. Осы тұста мына бір жағдайға назар аудармасқа болмайды. Электр қуатының тым қымбаттап кеткенін бұқара баяғыдан бері, жылдар бойы айтып келді. Осыған байланысты салалық министрліктерге, Монополияға қарсы күрес агенттігіне талай арыздар жолданғаны да анық. Осы орайда, олардың қайсысы нақты бір шешім қабылдап, бағаның негізсіз көтерілгенін кім тексеріпті? Керісінше, агенттіктің бұрынғы басшысы Мұрат Оспанов Атырау аймағында электр қуатына бағаны көтеруге заңсыз рұқсат беріп, пара алғаны үшін өзі істі болды. Ешкімнен ешқандай көмек болмаған соң, халық Елбасына арызды қарша боратуға мәжбүр. Енді міне, Президент негізсіз көтерілген бағаларды түсіру туралы бұйрық беріп еді бәрі қимылдай бастады. Сонда министрлер, әкімдер бұған дейін тұтынушылардың құқығы өрескел бұзылғанын, тойымсыз кәсіпкерлердің тәбетін тыю керектігін білмегені ме? Білгенде қандай, содан өздеріне де пайда түсіріп отыр десек артық айтқандық емес. Халықтың мұң-мұқтажына мән бермейтіндер жауапты салалар мен аймақтарды қалай басқарып отыр?..
Қарапайым халықтың айлық жалақысы сөз болған үкіметтің осы отырысында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев «Бәрі сол «статистиканың мәліметі дұрыс емес» деген әңгімеге тіреледі» деп айтуы тегін емес. Үкіметке берілетін мәліметтерде шикілік болған соң айтып отыр. Жақында ғана 2018 жылдың қазан айындағы бір жалдамалы қызметкердің орташа айлық жалақысының мөлшері 164 552 теңгені құрады, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика агенттігіне сілтеме жасап. Соған орай, биылғы жылдың қыркүйегінде тұрғындардың бір айдағы жан басына шаққандағы ақшалай шығындарының орташа көлемі 89 613 теңгені құраған. Олардың айтуынша, тұрғындардың ақшалай табысы өткен жылмен салыстырғанда 8,6 пайызға, нақты алғанда 2,4 пайызға өскен екен. «Жалпы салыстырған» мен «нақты алғандарының» қайсысы дұрыс, қайсысына сенуге болады? Бұл да кезекті қисынсыз есеп екені айтпаса да түсінікті. Мұндай жалған мәлімет қайдан шығып отыр? Тұрғындардың деген соң бұл дерек еліміздегі барлық адамдарға қатысты емес пе? Әлде 164 552 теңге жалақысы барлардың қатарына айына небары 30-40 мың теңге алатын күзетшілер, түрлі мекемелердің еденін жуатындар, тағы да көптеген мардымсыз жалақы алатын адамдар кірмей ме? Демек, бұл жерде жалған ақпарат салалық министрліктен, жергілікті әкімдіктерден немесе статистика орындарынан шығып отыр деп айтуға болады.
Мәліметті көтеріп, қағазға көпіртіп жазып бергеннен адамдардың жалақысы өсіп, сатып алу қабілеті артып кете ме? Жоқ. Олай болса айына бір миллионға жуық айлық алатын министрлерге 60 мың теңге айлық тағайындап, «Біздің министрлер айына 600 мың теңге жалақы алады» деп жар салып көрелік ұнаса. Мұндай әділетсіздікті, жөнсіз жапсырылған жалған ақпаратты олар көтере алмасы белгілі. Ертеңінде-ақ, айқайлап шыға келері анық, немесе қызметін тастап қашады. Бұл жерде айтайын дегеніміз – мәселенің материалдық жағы ғана емес, моральдық жүгі. Әдетте қарапайым адам қулық-сұмдыққа бара бермейді. Олар барды – бар, жоқты – жоқ деп ашық айтып үйренген. Бұл әрі-беріден соң күнін әзер көріп жүргендерге «Айтарлықтай жоғары жалақы алып жатырсыңдар, тағы не керек сендерге?!» деп сұқ саусағымен халықтың көзін шұқығанмен бірдей көрініс емес пе? Осы бір жалған мәліметтердің өзі халықтың ашу-ызасын тудыратынын неге ескермейміз? Олар қанша ақша алып жатқандарын жария етіңдер деп сұрап па Үкіметтен?
Реті келгенде айта кетейік, соңы қалай аяқталса да бұл орынды көтерілген мәселе екенін атап өткеніміз жөн. Біріншіден, министрлер мен түрлі лауазымдағы әкімдердің адалдық деңгейін тексеретін сынақ болмақ. Екіншіден, осы айлыққа қатысты жалған ақпарат беретін әкімдер мен министрлер қол астындағы тұрғындардың қанша айлық алатынын, қалай күн көріп жатқанын сәл де болса біле бастайтын шығар. Өкініштісі, білген күннің өзінде өтірік ақпарат беруден қайтпайтындар да табылары сөзсіз. Өйткені, халықтың тұрмысы төмен болғаны үшін жоғары жақта оның басынан ешкім сипамасы белгілі. Қызметінен айырылып қалмас үшін небір құйтұрқы әдістерге, көзбояушылыққа барады. Сөйтіп халқының көзін бақырайтып қойып өтірік айтады. Оған қоса Елбасыны да алдайды. Сонда олар өздерін жоғарыдан бақылап, бағыт-бағдар беріп отыратын басшыларын ақымақ санағаны ғой? Немесе басшылары да бұның бәрін біле тұра олардың осы іс-әрекетіне көз жұмып қарайды деген сөз. Басқаша түсіндіру мүмкін емес.
Ақиқаттан айныған жерде адасу басталатыны белгілі. Жалған сөйлеген жан өзі ғана адасып қоймайды, өзгені де жарға жығады. Ең өкініштісі де сол...
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz