Сапарбаев жастарды мейірімді болуға шақырды
2018 ж. 06 қыркүйек
2655
0
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жастарды мейірімді болуға, жас кезде білім алып, уақытты тиімді пайдалануға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жастармен кездесіп, олардың атқарып жүрген жұмыстарымен танысты. Ақтөбелік жастар түрлі жобаларға қатысып, грант ұтып алған. Олардың бірі қазір мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмектессе, екіншісі әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына тегін ағылшын тілін үйретіп жатыр. Жастармен жүздескен өңір басшысы оларды тынбай еңбек етіп, жамандықтан қашық жүруге шақырды.
«Еңбек еткен адам жерде қалмайды. Адам уақытты тиімді пайдалануы керек. Өмірге келгенде адам жан-жақты дамуы тиіс. Егер 6 сағат оқып, кешке дейін жатақханада болып, қараңғы түскенде түнгі клубты іздесе ол адам оңбайды. Ертең бәрі кеш екенін бүгін түсінген жөн. Қазір арандатушылар, ірткі салушылар көп. Ақша беріп, жымысқы әрекеттерін іске асырғысы келеді. Сол адамдарға еріп, көшеге шығатын болсаңыздар, заң аясында жауап бересіздер. Мәселен, кеше ғана «Алтын белгімен» бітірген түлек қылмыс жасады. Егер 10-20 жыл түрмесе отырса, ол қандай азамат болып шығады»,- деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.
Кездесу кезінде мейірімділік танытып, адамдарға жиі көмектесуді, қолдан келсе қайырымды істер жасауға дайын тұруды баса айтты.
«Кейбір кезде мүмкіндігі шектеулі жан автобусқа міне алмай, театрға, дүкенге кіре алмай тұрады. Қыз-жігіттер көрсе де көрмегендей өтіп кетеді. Естеріңізде болса, мейірімді адам ғана үлкен адам болады. Ақтөбеде бұл бағытта көп іс атқарылып жатыр. Алға ауданында арнайы лагерь ашылып, мүгедек балалардың тынығуына жағдай жасалды. Мүмкіндігі шектеулі балалар да бақшаға баруы тиіс. Ал қыркүйекте «Орысмыскомпаниясы» ЖШС-нің демеушілігімен аутизм дертіне шалдыққан, мүгедек балаларға арналған оңалту орталығын ашамыз. Бізде бұл санатта 3 мың бала бар»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Сонымен қатар, адам үшін ең жаманы алдап-арбау, көзбояушылық пен қағаз жүзінде ғана істі тыңдыру екенін айтып, жастарды үш нәрседен қашық жүруге шақырды.