"Елге қамқорлығынан зияны көп биліктің халыққа қажеттілігі қанша?" - зиялы қауым өкілдері
2018 ж. 16 тамыз
5995
3
Қазақстан азаматтары мен жастарына!
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевқа
Көшірмесі: ҚР Сенатының Төрағасы Қ.К.Тоқаевқа,
ҚР Мәжілісінің Төрағасы Н.З.Нығматуллинге,
ҚР Премьер-Министрі Б.Ә. Сағынтаевқа,
Министрлерге, Барлық деңгейдегі әкімдерге, Парламент және маслихат депутаттарына, Бас прокуратура, ҰҚК т.б. құқық және фискальдық органдарға
А Ш Ы Қ Х А Т
Мемлекеттің болашағы, яғни оның ғылымы мен технологиясы, демографиясы, экономикасы мен қорғаныс қабілеттілігінің дамуы халқымыздың жартысынан астамын құрайтын бүгінгі жастардың білімі, отансүйгіштігі мен іскерлігіне тікелей байланысты. Халық саны өсімінің 90пайыздан астамын шешетін жастар болса, тәуелсіздік жылдары сол мүмкіндіктердің жартысы да іске аспады. Мемлекеттің негізгі міндеті – жастардың өсіп-өнуіне, білім алып елге қызмет етуіне жағдай жасау. Жастардың 1/3 астамының әртүрлі діни секталарға кіруі, олардың арасындағы экстремизм, 500-дей қазақ жастарының Сириядағы соғыста жүруі т.б., – ол елді ыдыратуға салынған бомба. Қазақстан әлемдегі ең көпдінді яғни ұлттық, ұлтаралық бірлігі нашар, мемлекеттік идеологиясы қалыптаспаған елдің бірі.
Үкімет пен әкімдердің жастар мәселесіне тиісті көңіл бөлмей, елде жүйелі жастар саясатының болмауы - ол бұл елдің болашағының бұлыңғырлығын көрсетеді. Бастан шіріп берекет кеткен елден ғана талантты жастар мен білімді мамандар кетуге асығады. 2017 жылы елден 36 мың адам кетсе, соның 80 пайызы мұғалім, дәрігер, инженер, яғни кәсіби мамандар. Солтүстік облыстарда мектепті жақсы бітіргендердің 75-80 пайызы Ресейге оқуға кетіп, сонда қалуда. Барлық ғаламтор тегін оқытамыз деп қаптаған Қытайдың жарнамасы.
Астана, Алматы т.б. қалалардағы жастардың 55-65 пайызы баспанасыз, 30-40 пайызы жұмыссыз, 20-25 пайызы базарда арба сүйрету, аялдамаларды күзету т.б. уақытша арзанқол жұмыспен күн көруде. Сондықтан, жастардың көпшілігі уақытылы отбасын құра алмайды, құрғандарының өздерінің 40-50 пайызы ажырасып жатыр. Бұндай азғындық қазақ тарихында, тіпті соғыс пен аштық жылдарында болмаған. Тәуелсіздік жылдарындағы елде табиғи өсім мардымсыз. 1991 жылы 17 млн болсақ, елге келген бір млн оралманды қосқанда 2018 жылы 18,2 млн болды. Бұл аралықта өзбек халқы 13 млнға (54 %) өсіп 21-ден 33 млнға жетті.
Халықтың өсіп-өнуіне билік тарапынан нақты қадам жасалған жоқ. Дүниеге келген әр балаға айына берілетін көмек (пособие) $6. Ресейде дүниеге келген әр балаға $10 мың төленсе, АҚШ-тың мысықханаларында әр клиентке тәулігіне $45 жұмсалады.
Кейбір деректерде ҚСРО-ны Л.Брежнев басқарған 18 жылда 164 млн, Қазақстанды Г.Колбин басқарған екі жылда миллиондай адам тегін баспана алыпты. Одан кейін Шаңырақ пен Бақай шағын аудандарында өздері салып алған үйлерді бульдозермен қырғызамыз... талай қалаймақан болды. «Мемлекеттің азаматтарға баспанадан көмектесуі міндетті емес» дегені бұл биліктің халықтың емес, олигархиялық алаяқтардың мүддесін қорғайтын «сарайлық топ» екенін көрсетуде. Ал, Алматы мен Астана әкімдері Қазақстан азаматтарына жер таппаса, онда үй салып берсін.
Қазақстан Альянсы қауымдастығы 2016 жылы Жер комиссиясы кезінде «2003 жылы Жер Кодексінде қаралған 10 сотка мәселесін шешу керек», деген талабын билік амалсыздан қолдап 1,760 млн адам жер учаскелерін алуда. Бірақ олардың ішінде жастар жоқ. Сонымен қатар, осы бағдарламамен берілетін жер, үйді билік көп жерлерде коммерцияға айналдырып, өз пайдаларына шешуде. Біз неге іштегі және шеттегі өзіміздің жастарға жағдай жасамаймыз? Олай жасамаудың себебі, сыбайлас жемқорлыққа былыққан билік жастардың да, ауылдың да (халықтың 43 пайызы тұратын ауылға ЖІӨ-нің 2,5 пайызы ғана бөлінеді), қазақ яғни мемлекеттік тілдің мәселесін шешуді, жер тұтастығын сақтауды да қажет деп санамауда. Бұл, ат төбеліндей биліктегілердің жеке бастарының мәселесін мемлекеттік мүддеден жоғары қойғанының дәлелі. Ондай, елге қамқорлығынан кәстігі астам биліктің халыққа қажеттілігі қанша?!
Жастарға, демографиялық ахуалға т.б. байланысты мәселелерді шешу мақсатында:
1. 2018 жылы «Жастар және Адам капиталын дамыту агенттігін» құру қажет;
2. Үкімет, әкімшілік және қоғамдық ұйымдармен бірге:
а. 2018-2021 жылдары 1,3 млн жасқа қала не ауылдан он сотка жер және 700 мың пайызсыз, ұзақ мерзімдік несиеге пәтер және тұрғын үй стиліндегі жатақхана салып беру. Шенеуніктерге арналған «7-20-25» т.б. бағдарламалар мәселенің 12-13 пайызын шешеді;
ә. Бұл бағдарлама бойынша алдағы қыркүйектің аяғына дейін облыстарда, Алматы, Астана, Шымкентте тізімдер, желтоқсанға дейін коммуникацияға, үй салуға қажетті қаржы бекітіліп, бағдарлама қабылдансын. Үкімет, салынып үлгермей жатып қайта салып жатқан жол т.б. босқа шығып жатқан қаржыны жастарға тұрғын үй салуға бағыттауы керек;
б. Барлық орта мектептер мен лицейлерде оқушылардың мамандық алуымен қатар, алғашқы әскери курстар ашу;
в. Тәуелсіздік жылдары «Болашақ» бағдарламасымен оқыған 12 мыңдай (бюджеттен $600 млн жұмсалды), барлығы шетелде оқыған жүз мыңдай жастардың ішінен халықаралық деңгейде бір ғалым, инженер, не менеджер шықпапты. Сапасыз білім алуды тоқтату керек. Бұл мәселені шешу үшін Халықаралық Адам институтының, ҚР ғалымдар қауымдастығы, университеттермен бірге дайындаған:
- қосымша білім беру бағдарламасы бойынша қашықтықтан оқыту және облыс, қалаларда конкурстар өткізу арқылы талантты жастардың еліміздің және әлемнің үздік университеттерінде оқуға мүмкіндік ашатын және ауыл мен қала мектептеріндегі білім деңгейін теңестіріп, жалпы білім сапасын көтеруге бағытталған жобасын іске асыру;
- Әлемнің ТОП-500 ғалымдарына лекция оқытып (оны барлық университеттерге тарату яғни лекция құнын профессорды жеке шақырғаннан 40-50 есе төмендету), солардың күшімен елде және шетелде магистрант, докторанттарды дайындау;
- ҚР МжСМ т.б. министрліктер «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Лувр музейі, КОНКОРД Академиясы (Фр.) т.б. халықаралық және отандық ұйымдармен бірігіп дайындалған «Аттила-Аэций» драмасын қойып С.Рафаэльдің 500 жылдығына Италияға апару, Луврда қазақ өнерінің көрмесін ашу, Батыстың 15 университетінде қазақ тілі, әдебиеті, өнерінің кафедраларын, 30 елде курстар ашу т.б., ҚР МжСМ тапсырылған, 1/3 демеушілердің көмегімен атқарылатын баламасыз жобаларды толығымен іске асыруы керек.
Себебі, осы уақытқа дейін тиісті министрліктер мен облыс әкімдері құрамында әлемнің 3500 атақты ғалымдары (ТОП-500 және 87 Нобель лауреаттары бар), соңғы 50 жылда ғылым, технология, экономикада жаңалықтардың 70 % ашқан Әлемдік инновациялық Қор, әлемнің ТОП-50 технологиялық компаниялары т.б. бірігіп дайындалып, Парламент пен «НұрОтан» партиясы қолдаған білім, инновация, рухани жаңғыру т.б. жобаларының мазмұнын да, мағынасын да түсінбестен кері қайтаруда. Оның орнына, Білім министрлігі халықтың 90 % қарсы, педагогика ғылымының ұстанымдарына кереғар реформаларды іске асырса, инновацияға бөлінген екі трлн.-дай қаржының 1/3 (Есеп комитетінің дерегінде 505 млрд тг басқа бағытқа жұмсалған, ҚР инновацияның экономикадағы үлесі 0,96%, Беларуссия мен РФ - 18-20%, АҚШ-55%, Швейцария-62%), рухани жаңғырудың негізгі бөлігі Президенттің 2017-2018жж. жолдауларыда көрсетілген Адам капиталын дамыту мен кванттық технология дәуірінде үңгірлік (пещерный) сананы уағыздайтын «сакральды яғни «О дүниелік» Қазақстан» дегенге жүздеген млн. қаржы бөлініп, Қаржы министрлігі мен фискальдық органдар ай қарап отыр. Жалпы, білім, индустрия, мәдениет министрліктері мен облыс әкімдерінің жұмыстары «ұрлықтан да жаман» - қарабайырлардың тірлігіне айналды. Үкімет, атқарушы емес, стат мекеменің жұмысын да істей алмайтын жағдайға жетті?! Бұл, Үкімет мүшелері мен жауапты шенеуніктерді тағайындауда және олардың жұмыстарында ашықтықтың яғни халық алдында жауапкершілік жоқтықтың салдары. Президент тағайындаған шенеуніктердің жартысынан астамы коррупционер мен реформаларды құртушы швондерлер;
г. Қоғамдық сұрау т.б. келісім негізінде жастардың екі жылдық жалпыбірдей міндетті әскери қызметін өтеуді және әскерде болғандардың міндетті түрде бір не екі мамандық алып, сол мамандық бойынша жарты жылдық тәжірибеден өтуі, әскери дайындықтың сапасын арттыру т.б. шешу;
ғ. Үкіметтің, халықты оңтүстіктен солтүстік өңірге көшіру бағдарламасына жастарды тарту және көшіп барғандарға, олар барған жерде қала маңынан қосымша міндетті түрде 12-25 сотка жер мен мал (бір бас сауын ірі қара+үш бас қой) және пайызсыз ұзақ мерзімдік несие бергізу арқылы бағдарламаны толыққанды шешуге атсалысу;
д. Шетелдік компанияларда ҚР азаматтарының, оның ішінде жастардың жұмысқа орналасуына және шеттегі қазақ жастарының елге келуіне (оларға арналған 2-3% гранттардың үлесін көбейту, жұмыспен қамтамасыз етіп, бизнес ашуға жағдай жасайтын т.б.) жобалар қабылдап, іске асыру;
ж. Осы кезге дейін кейбір әкімдер жастарды оқытуға емес, заңсыз қаруланған казактардың әскери топтарын қаржыландырғаны анықталуда. Қаруланған казактардың мақсатын 1990 жылы батыс өңірдегі екі облысты бөліп алып автономия құрмыз дегенде көргенбіз. Елдегі заңсыз қаруланған әскери топтар экстремистік ұйымдар деп жарияланып, алдағы қырқүйектің аяғына дейін түгелдей жабылып, атаман деген аттың жойылуын барлық қазақтандықтар атынан талап етеміз! Сонымен қатар, осындай экстремистік топтарды заңсыз қаржыландырғаны дәлелденгенде, С.Кулагин т.б. шенеуніктер бюджеттен шығарған қаржыны өз қалталарынан жүз есе қылып қайтаруын және заң алдында жауап берулері керек. Алматы қаласы мен облысы басшыларының да қаруланған экстремистік топтардың «қолтығына су бүркіп отырғаны» жасырын емес. С.Терещенконың кезінде елге қызмет еткен славян, орыс және казак қауымдастығы Башконың кезінде неге мемлекетке қарсы экстремистік әрекеттерге барады? Мәселе, бұл ұйымның басшысында және мемлекет тұтастығына қауіп төндіру мен заң бұзушылықтарға қарсы уақытылы шара қолданбаған Бас прокуратура, ҰҚК т.б. тиісті органдардың өз міндеттерін атқармауында;
з. 2016ж бері Ақмола облысының басшылығы, сол облысқа арналған Үкіметтің пилоттық жобасы мен Президенттің адам капиталын дамыту жолдауын іске асыруды кешеуілдетуде. Осындай, елге маңызды шешімдерді орындамау нормаға айналып барады. Облыс басшылығынан бір ай ішінде нақты шешім қабылдап, іске кірісуін талап етеміз. Кемшіліктерін уақытында түзете алмаған қоғам құриды. Бұл хатта көтерілген мәселелер халықаралық тәжірибеге сүйеніп мемлекеттің дамуы мен қоғамды жан-жақты зерттеу негізінде жастардың мәселесін шешіп, ел мүддесін қорғау мақсатында дайындалды. Сондықтан, оның талабын уақытылы орындамаған жеке тұлғаларға жалпыхалықтық референдум арқылы сенімсіздік танытып, олардың жұмыстан кетуін және заңға тартуды, ал Үкіметтің отставкаға кетуін талап етеміз. Себебі, осы уақытқа дейін билік коррупциямен күрес және жерді шетелге сатуды тоқтату мәселелерін шеше алмай келсе, енді басшыларын билік тағайындаған мемлекетке қарсы жұмыс жасайтын ұйымдасқан қарулы топтармен күресуге тура келеді. Ол мемлекет тұтастығының алдында тұрған Гамлеттің сұрағы?! Жоғарыдағы мәселелерді бірге шешуге жігерлі жастар, «Болашақ» қауымдастығы т.б. ұйымдар мен ҚХА мәдени Орталықтарының белсене араласуын және әр облыс, қалаларда жігерлі топтар құруларын сұраймыз. «Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмайды» дейді халқымыз. Елдегі игілікті істерге жастар белсенді атсалысулары керек.
Құрметпен,
«Нұр Отан», «Ақ жол», «Азат», ЖСДП партиялары, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Атамекен» ҰҚП, Қазақстан Халықтары Ассамблеясы, Қазақстан ғалымдар Одағы, Жазушылар одағы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, Қазақстанның қаржыгерлер, тәуелсіз кәсіпкерлер, ректорлар қауымдастығы т.б. қоғамдық ұйымдар құрған Қазақстан Альянсының Ұйымдастыру алқасы атынан:
МЫРЗАХМЕТОВ Мекемтас – ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты;
ЕЛЕУСІЗОВ Мэлс – Қазақстанның экологиялық Одағы мен кәсіпорындары «Табиғат» қауымдастығының Президенті;
СӘБДЕН Оразалы – экономика ғылымдарының докторы, профессор, академик, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан ғалымдар қауымдастығының Төрағасы;
ҒАББАСОВ Совет-Хан - медицина және педагогика ғылымдарының докторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет сыйлығының лауреаты;
ӘУЕЗОВ Мұрат – М.О.Әуезов атындағы қордың Төрағасы, Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі, ғалым;
ТҰЯҚБАЙ Жармахан – ЖСДП Төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері;
БАТТАЛОВА Зәуреш – «Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры» Қоғамдық қорының президенті, ЖСДП Президиум мүшесі, ҚР Парламентінің экс-депутаты;
ТОҚАШБАЕВ Марат - «Президент және халық» газетінің Бас редакторы, ҚР ПҒА академигі, профессор;
Қазақстан ғалымдары, ақын-жазушылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері атынан:
НҰРПЕЙСОВ Әбдіжәміл – жазушы, ҚСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты;
ШАХАНОВ Мұқтар – ҚР Төтенше және өкілетті елшісі, «Түрік әлемінің» үздік ақыны, Қазақ Ұлттық кеңесінің Төрағасы;
СҮЛЕЙМЕНОВ Олжас - ҚР Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстанның Еңбек Ері, ақын, қоғам қайраткері;
ӘБДІЛДИН Серікболсын – ҚР Парламентінің экс-Төрағасы, экономика ғылымдарының докторы, профессор;
ТҰРСЫНБАЕВ Балташ - ҚР Төтенше және өкілетті елшісі, экс-вице-Премьер, мемлекет қайраткері;
ҚАЙДАРОВ Әбуғали - филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі;
АЙТБАЕВ Өмірзақ - филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Төрағасы;
ӨТЕЛБАЕВ Мұхтарбай - физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚҰА академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты;
ЕЛЕМЕСОВ Көпмағамбет – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, академик;
ҚАБЫШҰЛЫ Ғаббас - жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның құрметті журналисі;
РАҚЫШЕВ Баян – ҚР ғалымдар Одағының вице-президенті, ҚР ҰҒА академигі, ҚазҰТУ кафедра меңгерушісі;
ЖҰМАДІЛОВ Қабдеш – Қазақстан халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты;
АЙТАЛЫ Амангелді – ҚР Парламентінің экс-депутаты, заң ғылымдарының докторы, профессор;
ОСМАН Асылы – Қазақстан халықтары Ассамблеясының мүшесі, педагогика ғылымдарының кандидаты;
ХАН Клара – «Қазақ-Корей» достық қоғамының жетекшісі;
ИСАБЕКОВ Дулат - «Мәдениет» журналының бас редакторы, жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты;
СМАТАЕВ Софы - жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты;
МЕДЕТБЕК Темірхан – ақын, ҚҰ Мемлекеттік сыйлығының лауреаты;
ЕСДАУЛЕТ Ұлықбек – ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағының Төрағасы;
АРАЛБАЙ Нұғман – биол. ғылымдарының докторы, профессор, «Жаратылыстану ғылымдары және инновациялық технологиялар» ҒЗИ директоры;
НЕСИПБАЕВА Калия – тарих ғылымдарының докторы, профессор;
БУРБАЕВА Галия – ғалым, қоғам қайраткері;
ҚҰЛКЕНОВ Мереке – жазушы, қоғам қайраткері, Қазақстан Жазушылар Одағының хатшысы;
БАПИ Ермұрат - «ДАТ» жобасының жетекшісі, қоғам қайраткері;
АЙҒАЛИҰЛЫ Е. - «Қазақстан-Заман» газетінің бас редакторы;
ИСА Қазыбек - "Қазақ үні" газеті президенті, ақын, Халықаралық Алаш сыйлығы лауреаты, Халықаралық Сергей Есенин атындағы сыйлық - "Алтын күз" ордені иегері.
САРЫМ Айдос - Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қордың жетекшісі, Қазақ Ұлттық Кеңесі Төрағасының орынбасары;
СӘРСЕНБАЙ Рысбек - қоғам қайраткері, жорналис;
ҚОЙШЫБАЕВ Бейбіт- тарих ғылымының кандидаты, «Әділет» тарихи- ағарту қоғамының президенті;
КӨШІМ Дос -"Ұлт тағдыры" қозғалысының төрағасы;
АҢСАТ Садуақас- «Тіл сақшысы» газетінің Бас редакторы (Қызылорда);
ЖӘКЕЕВ Ғабиден– Ғ.Мүсірепов атындағы қордың Төрағасы;
ЖҰМАЛЫ Расул – саясаттанушы, дипломат; Қазақ Ұлттық Кеңесі Төрағасының орынбасары;
АБАҒАН Мұқтархан – Кенесары Хан қоғамдық қорының Төрағасы;
КЕНЕБАЙ Жұмаш - ақын, қоғам қайраткері, Халықаралық ЮНЕСКО сыйлығының лауреаты;
ШЫМШЫҚОВ Жанкелді - Астана қалалық «Тәуелсіздікті қорғау» ХДҚ ұйымдастыру комитетінің төрағасы;
ПӘРМЕТ Шаруа – ғылым кандидаты, жазушы, қоғам қайраткері;
ЖАНДАРБЕК Зікірия - тарих ғылымының кандидаты, Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Түркістан университетінің профессоры;
ЗЕЙНУЛЛИН Аманжол - ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, «Дала» институтының директоры;
ҚАДЫРБАЕВА Айсұлу – ақын, қоғам қайраткері;
ҚУАНЫШАЛИН Жасарал – қоғам қайраткері;
ҒАБДОЛЛА Қажымұқан – «Қазақ Елі» газетінің Бас редакторы;
ҚАНАТБАЕВ Серік - ветеринария ғылымының докторы;
АЙЫПҰЛЫ Рахым – ЖСДП Президиум мүшесі, Қоғам қайраткері;
ҚАЛЫБАЙ Мақсот - ҚР ерекше еңбегі сіңірген зейнеткер;
САГИДУЛЛАЕВА Айман – ұстаз, қоғам қайраткері;
БАБАМҰРАТ Дәурен - «Болашақ» жастар қозғалысының лидері;
ЕРҒАЛИЕВА Баретта - Қазақстанның «Демократия және құқық» халықаралық тарихи-құқық орталығының төрайымы;
ЕГЕУБАЕВ Айдын – «Ұлы дала» қозғалысының Төрағасы;
АЛИБАЕВ Алик - экономист, ЖСДП Президиум мүшесі;
КЕНЖЕБАЙ Мырзан – ақын, ҚР мәдениет қайраткері
ТӨРЕХАНОВ Эрнст - жазушы, қоғам қайраткері;
МҰҚАНҒАЛИЕВ Ермек – ғалым, қоғам қайраткері;
МАМАЙ Жанболат - журналист, қоғам қайраткері;
ҚАПТАҒАЙ Қ. - «Халық дабылы» қозғалысының төрағасы;
ҚУАТ Дәурен - «Абай.kz» ақпараттық порталының жетекшісі;
СӘДУҰЛЫ Бисенғазы - «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы;
ӘЗІМБАЙ Ғали - саясаттанушы, тарих ғылымдарының докторы;
БЕЙСЕБАЙ ТЕГІ Руза – қоғам қайраткері (Павлодар);
БЕРКІМБАЙ Ардақ – жорналис, ғалым;
МҰҚАТАЙ Қуаныш – ақын;
ЗАЙТОВ Ринат – айтыс ақыны;
МҰҚАНОВ Дәурен - аудармашы, әдебиеттанушы;
НҰР-АХМЕТ Дос -"Ұлт патриоттары"қозғалысының төрағасы;
БӨТЕЕВ Марат - «Аллажар-қолдау» қоғамдық қорының төрағасы;
ТӘЛІМҰЛЫ К. - Талғар аудандық мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры;
АШУҰЛЫ Ж. - Қазақстан саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы;
МҰХТАРБЕК С. - журналист, қоғам қайраткері;
ҚАНАФИЯ Назарбек - филология ғылымдарының кандидаты;
АҚЖІГІТ Өмірзақ- тәуелсіз журналист;
КӘРІПЖАН Аманғазы - ақын
Аbai.kz