Рауан Кенжеханұлы: Әдеби шығармаларды шет тілдеріне аударатын мамандар өте сирек
2018 ж. 23 шілде
7316
0
Қазақстан Жазушылар одағы арнайы жиын өткізіп, өзара талқылап, осы екі жинаққа кіруге лайық авторлар мен қамтылуы тиіс шығармалар ретін дайындады.
«Қазақ үні» порталы «Әдеби шығармаларды әдебиетке қатысы жоқ студенттер тәржімалай ма?» (13.07.2018 ) деген тақырыпта мақала жариялаған еді. Онда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын БҰҰ-ның ресми алты тіліне аударуға кіріскен Ұлттық аударма бюросы жетекшілеріне кейбір түйткілді жәйттерге қатысты бірнеше сұрақ қойылған болатын.
Онда: «...Авторларды шет тілге аударудағы басты критерий – тіл білу ғана ма? Ал ол маманның әдебиетті қаншалықты жетік білетіні, өлең мен прозаны қаншалықты түйсінетіні маңызды емес пе? Жалпы, мұндай аудармадан қазақ әдебиеті не ұтады? Тағы бір маңызды мәселе, ол шет тілдеріне аударылатын авторлар мен шығармалардың тізімін кім жасақтады? Осыған дейін БАҚ-та жарияланған мәлімет бойынша, 60 қаламгер (30 прозашы, 30 ақын) қос антологияға енбек. Ол кімдер? Осы сауалдарға осыған дейін аты шықпаған «Ұлттық аударма бюросы» жауап бере ала ма? Әлде Жазушылар одағы жауап қата ма? Қайткенде де, бір айтылғаннан кейін ұмытылатын жоба болмаса екен деп тілеп, бұл сауалдарға құзырлы мекемелер тарапынан ресми жауап күтеміз» дегендей жолдар бар.
Қазіргі қазақ әдебиеті үлгілерін шет тілдеріне аудару жобасына қатысты осы және басқа да сұрақтарға «Ұлттық аударма бюросының» атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы жауап берді. Біз жетекші уәжін сөзбе-сөз келтіруді ұйғардық.
– Ұлттық аударма бюросы – үкіметтік емес және коммерциялық емес ұйым. Ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша қолға алынған бірқатар аударма жобаларын іске асыруда. Әрине, өзге де бастамалар бар. Соның ішінде, өздеріңіз де хабардар боларсыздар, әлемдегі ең озық университеттердің оқу бағдарламасына кірген гуманитарлық пәндер бойынша үздік оқулықтарды іріктеп, қазақ тіліне аудару үстіндеміз.
Мекеменің бас кеңсесі Астанада орналасқан. Алайда бізге қажетті мамандар: аудармашылар, редакторлар, баспагерлер, беттеушілер, дизайнерлер, негізінен, Алматыда болғандықтан негізгі жұмыс осында атқарылып жатыр. Дәл қазір мұнда елуге тарта адам жұмыс істеп отыр. Бұдан бөлек жүз елудей адам сыртта, келісім-шарт негізінде еңбек етеді. Олар – оқу орындарының оқытушылары, ғылыми орталықтардың қызметкерлері, ақын-жазушылар, әдебиетшілер, аудармашылар, редакторлар.
Оқулық аудару – ғылыми жұмыс. Оның өз ерекшеліктері бар. Сіздер сөз еткен әдеби аударманың да өзіндік қыр-сыры жеткілікті. Сондықтан осы шаруаны жоғары деңгейде атқара алатын мамандар іздейміз, олардың біліктілігін арттыру, қосымша дағды қалыптастыруға жағдай жасаймыз.
Мәтіндерді бірінен соң бірі оқып, сапаны мейлінше жоғары деңгейге жеткізу жолында бірлесе жұмыс істейді.
Оқулық аудару жобасының аты – «Жаңа гуманитарлық білім: Қазақ тіліндегі 100 оқулық». «Рухани жаңғыру» бағдарламасының тағы бір тармағы «Жаһанданған әлемдегі қазіргі қазақ мәдениеті» деп аталады. Бұл жоба аясында қазақ әдебиеті, театр, кино, би өнері (хореография) және бейнелеу өнері БҰҰ-ның алты тілінде насихатталып, таратылады. Соның ішінде қазақ әдебиетінің жинақтары ағылшын, француз, испан, қытай, араб, орыс тілдеріне аударылмақ. Бұған дейін мұндай ауқымды әдеби аударма жобасы біздің елімізде іске асырылып көрген жоқ. Жауапкершілгі аса зор, күрделі жұмыс. Оны лайықты сапада, тиісті деңгейде атқару үшін бізге қажетті тілдік ортада беделі жоғары әріптес-ұйымдар қажет.
Мәселен, ағылшын тілді дүниені алатын болсақ, ол Британ кеңесі немесе Кембридж университеті секілді үлкен ғылыми орталық болуы тиіс. Испан тілі бойынша Сервантес институты, яки испандық ірі баспалар қажет. Француз тіліне келсек, Француз альянсы, әйтпесе Ұлттық кітап орталығы секілді әдебиетпен айналысатын орталықтарды тартқымыз келеді. Қазір осы аталған ұйымдардың бірсыпарасымен келісімге келдік.
Осы жерде “аударма қалай ұйымдастырылады?” деген мәселеге түсініктеме беру керек.
Әдебиетте, шығармашылықта жүрген орта бұл мәселені жақсы түсінсе керек: көркем шығарманы тікелей аудару үшін аудармашының екі тілді де аса жетік білуі қажет. Бірақ дәл қазір біздің әдеби шығармаларды қазақ тілінен бізге қажетті алты шет тіліне осындай деңгейде тікелей аударма жасай алатын мамандар өте сирек. Кейбір тілдерде ондай маман жоқ деуге болады.
Бұлардың ішінде бізге ең танысы – орыс тілі. Сондықтан орыс тіліне, әрине, орта танитын, бұған дейін аударма жобаларына араласып, талай туындыны аударып, басып шығарған мамандар тартылады. Ол мамандардың көпшілігін Қазақстан жазушылар одағы ұсынды.
Кейбір жазушы-ақындар: «Менің аудармашым мына кісі болсын, оған сенемін, стилін білемін, сондықтан осы маманмен жұмыс істегендеріңізді қалаймын» деп ұсыныстарын айтып отыр. Бұл орыс тіліне қатысты. Ал ағылшын немесе өзге тілдерге келетін болсақ, жағдай күрделене бастайды. Соңғы жылдары шет мемлекеттерге көп шығып, «Болашақ» секілді бағдарламалар арқылы оқып, тіл игеріп келіп жатқан жас мамандар баршылық. Дегенмен, мәтінді қазақ тілінен ағылшын тіліне жоғары көркемдік деңгейде тікелей аударып беретін білікті мамандар өте аз. Сол себепті, авторлармен, шетелдік әріптестермен ақылдаса отырып, бұл аудармашылармен жолма-жол аударма жасауға келісіп отырмыз. Яғни, алдымен қазақ тілінен аталған тілдерде жолма-жол аударма дайындалады. Аудармамен бірге оның қасына комментарий жасалады. Яғни, аударылуы күрделі немесе аударуға келмейтін ұғымдарға комментарийлерін дайындап, түсініктемелер беріледі. Осындай аударма жасалғаннан кейін біздің өзге тілдердегі баспагер-әріптестер сол тілдерді жетік білетін, есімдері оқырманға таныс әдебиетшілерді, аудармашыларды мен редакторларды жұмысқа тартады. Ол жолма-жол аударманы өңдеп, әдеби редакция жасайды, баспаға дайындайды.
Бұл аударма процесіне қатысты.
Енді «Әдеби шығармаларды әдебиетке қатысы жоқ студенттер тәржімалай ма?» деген сұраққа келейік. Жоқ! Бұл жұмысты студенттер жасай алмайды. Ондай ой болған жоқ, болуы мүмкін де емес.
Сіздер атаған хабарландыруда «студенттерді шақырамыз» деген сөз болған жоқ. «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің ассоциациясы бар, ол бағдарламаның жұмыс істеп жатқанына көп жыл болды. «Түлектер арасында аудармаға қызығатын мамандар болса, бізге хабарлассын» деген ұсыныс айтылды. Бірақ бағдарламада оқып жүрген студенттерді жұмысқа тартайық деген сөз болған жоқ. Бұл жұмысты жасау үшін тәжірибе керек. Бұл – шығармашылық жұмыс. Екі аудармашы бір мәтінді ешқашан да бірдей аудармайды. Әрқайсының өз ерекшелігі бар және оны объективті түрде бағалау да қиын. Мына кісінің аудармасы жақсы, ал мына кісінің жұмысы нашар деу өте күрделі шаруа. Мұны мамандар жақсы біледі. Бұл жерде біз сүйене алатын, сілтеме жасайтын жалғыз ғана нәрсе – ол аудармашының тәжірибесі, ол адамның есімі, беделі, ортадағы салмағы. Сондықтан осындай критерий бойынша, мейлінше кең танымал, шығармашылығымен, бұған дейінгі аудармаларымен, басылымдарымен елді мойындатқан, өзін танытқан адамдарды тартуға тырысамыз. Бұл жоба үшін өте маңызды.
Сұрақтың бірінде «ақын-жазушылардың тізімі қандай және оларды кімдер анықтайды?» дейсіздер. Ұлттық аударма бюросы мұндай тізімді анықтай алмайды.
Сондықтан да Қазақстан Жазушылар одағы арнайы жиын өткізіп, өзара талқылап, осы екі жинаққа кіруге лайық авторлар мен қамтылуы тиіс шығармалар ретін дайындады. Қазір біздің әзірлеп жатқанымыз – қазақ әдебиетінің екі антологиясы. Біріншісі – «Қазіргі қазақ прозасының антологиясы», екіншісі – «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы». Әрқайсына шамамен отыз автордан кіреді. Және әр авторға он бес-жиырма бет, яғни, бір баспа табақтай орын беріледі. Қазақстан Жазушылар одағы әр автормен жеке-жеке сөйлесе отырып, сол шығармаларды іріктеп жатыр.
Ол тізім толық анықталды деуге әлі ерте. Шығармашылық одақ тізім жобасын жасап берді. Сол тізімге кірген авторлармен жеке-жеке сөйлесіп, авторлық шартқа қол қоюы қажет. Бұл үшін де жеке-жеке кездесу ұйымдастыру керек. Міне, осы шарттарға қол қойылып, әр автормен келісімге келгенге дейін ол тізімді жариялай алмаймыз. Осы шаруа аяқталып, тізім нақтыланғаннан кейін оны міндетті түрде жариялаймыз.
Құлтөлеу Мұқаш,P.S. Аударма ісіне қатысты мән-жайдың ашылғанына қуаныштымыз. Алайда, Жазушылар одағының шет тіліне аударылатын ақын-жазушылар тізімін неге жарияламай отырғаны түсінбеушілік туғызады. Рауан Кенжеханұлы айтпақшы, "екі жинаққа кіруге лайық авторлар мен қамтылуы тиіс шығармалар реті дайындалса" олар неге халық талқысына шығарылмайды? Түсінгеніміз Жазушылар одағы арнайы тізім жасап шықты, бірақ бұл тізімді жасаған кім, іріктеген комиссия мүшелері кімдер? Алдағы уақытта Жазушылар одағы да Ұлттық аударма бюросынан үлгі алып, ресми жауап береді деп сенеміз!
Қазақ үні