Әдеби шығармаларды әдебиетке қатысы жоқ студенттер тәржімалайды ма?
2018 ж. 13 шілде
6256
0
Жуырда қазақ ақын-жазушыларының шығармалары БҰҰ-ның ресми 6 тіліне аударылатыны, Кембридж университетінің баспасымен келісім жасалғаны туралы хабар тарады. Бұл отандық әдебиетші қауым үшін қуанышты жаңалық.
Тәуелсіздік алғалы бері қазақ жазушыларының шығармаларын шет тілдеріне аудару ісі тоқырап қалғаны рас. "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында жүзеге асатын бұл бастамадан авторлардың күтері көп.
Алайда, "қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын шет тілдеріне кім аударады?!" деген заңды сауал туындайды.
Жақында ватсап желісінде "Болашақ" түлектеріне арналған мынандай смс хабарлама таратылды:
"Қайырлы күн!
"Ұлттық аударма бюросы"' "Жаһандану әлеміндегі заманауи қазақстандық мәдениет" жобасы аясында қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің антологиясын (проза және поэзия) БҰҰ-ның 6 тіліне аудару жұмысына жетекшілік етуде. Жобаны жүзеге асыру мақсатында ағылшын, испан, француз тілдерін жетік меңгерген, қазақ тілінен аталған тілдерге әдебиет аудара алатын мамандар қажет етіледі. Осыған орай гуманитарлық ғылым салалары (филология, лингвистика) бойынша білім алған "Болашақ" бағдарламасының түлектерін шақырамыз. Жоба туралы толығырақ ақпаратты мына байланыс көздерінен таба аласыз:
Әлихан Түйебай - жоба үйлестірушісі.
Тел: +7-707-399-95-85, +7-7172-95-46-14
E-mail: alikhan.t@100kitap.kz".
Сонда мұны қалай түсінеміз? Авторларды шет тілге аударудағы басты критерий - тіл білу ғана ма? Ал ол маманның әдебиетті қаншалықты жетік білетіні, өлең мен прозаны қаншалықты түйсінетіні маңызды емес пе? Жалпы, мұндай аудармадан қазақ әдебиеті ұта ма, әлде ұтыла ма?
Тағы бір маңызды мәселе, ол шет тілдеріне аударылатын авторлар мен шығармалардың тізімі неге жарияланбады? Осыған дейін БАҚта жарияланған мәлімет бойынша, 60 қаламгер (30 прозаик, 30 ақын) қос антологияға енбек. Ол кімдер? Оларды кім таңдады? Іріктеген комиссия мүшелері кімдер?
Осы сауалдарға осыған дейін аты шықпаған "Ұлттық аударма бюросы" жауап бере ала ма? Әлде, Жазушылар одағы жауап қата ма?
Қайткенде де, бір айтылғаннан кейін ұмытылатын жоба болмаса екен деп тілеп, бұл сауалдарға құзырлы мекемелер тарапынан ресми жауап күтеміз.
Қазақ үні