Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ: Көркем шығарманы аудару үшін тіл білу мүлдем жеткіліксіз
2018 ж. 13 шілде
6492
0
Бүгін "Қазақ үні" порталында жарияланған "Әдеби шығармаларды әдебиетке қатысы жоқ студенттер тәржімалайды ма?" атты мақаламыз қоғамда резонанс тудырды. Көптеген зиялы қауым өкілдері мен ақын-жазушылар бұл шаруадан бейхабар секілді. Әрі жүзеге асырылып жатқан қазақ жазушыларының шығармаларын шет тілдеріне тәржімалауға қатысты іс-шараларға көңілі толмайтынын ашық жеткізуде.
Осыған орай әлеуметтік желіде бұл тақырыпта ой-пікірін ашық жазған белгілі зиялы қауым өкілдерінің сөздерін екшеп беруді ұйғардық.
Байбота ҚОШЫ-НОҒАЙ, ақын:Аудармашылық - ұлы өнер. Аудармашының рөлі ақыннан не жазушыдан бірде-бір кем емес. Қазақ әдебиетінде ХХ ғасырдың орта шенінде орыс тілінен қазақ тіліне аударатын аудармашылар қалыптасып үлгеріп еді. Бірлі-жарым испан, француз, неміс және түркі тілдерінен аударатын аудармашылар бар-тын. Қазір ол аудармашылардың санаулысы болмаса, көпшілігі бақиға аттанып кетті. Ғасырдың соңына қарай қазақ тілінен орыс тіліне аударатын (жолма-жол аударма, мағыналық аударма, көркем аударма жасайтын) азын-аулақ қаламгерлер пайда болды.
Көркем шығарманы аудару үшін тіл білу (тіпті бірнеше тіл білу) мүлдем жеткіліксіз, алдымен аудармашының бойында шығармашылық қабілет, танылған талант, дарын деген нәрселер болуы керек. Оның үстіне біршама жеткілікті деңгейде жан-жақты білімі болмаса, бәрі де далбаса.
Әуелі қазақ әдебиетін шет тілдерге жолма-жол аударатын аудармашылар дайындап алуымыз кезек күттірмейтін мәселе деп түсінейік. Ал көркем аударманы аударылатын тілде әлденеше кітабы (өлеңдер жинағы, прозалық туындылары) жарық көрген әдебиеттің талантты өкілдерін таңдап, ол аянбай еңбек етуі үшін мемлекет тарапынан тәржімеші қанағаттанарлық қомақты қаржы шығару керек. Яғни, қазақ ақын-жазушылары өзге ел оқырмандарына халтурщик болып танылмау үшін үлкен дайындық қажет екені өзінен-өзі түсінікті. Бұл - науқандық шаруа емес, ағайын!
Өтен Ахмет, жазушы, драматург:Әділеттік, жариялық іздеуден шаршамайтын "Қазақ үні-ай". Бізде бәрі табақ тарту үрдісінде өтеді ғой. Бас та сенікі, бас жүрген жерде жамбас та жүреді, жамбас та сенікі. Осындай мүше тартудан кейін үлкен дастарқаннан орын тимегендерге не қалушы еді?
Еске сала кетейік, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды бөлігі саналатын «Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша қазіргі уақытта қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын БҰҰ-ның ресми тілдеріне аудару науқаны жүріп жатыр. Бұл «Қазақстанның қазіргі поэзиясының антологиясы» мен «Қазақстанның қазіргі прозасының антологиясы» деп бөлінетін екі томдық. Әрбір антология бес жүз беттен тұрады. Әрбір антологияға 30 қазақстандық автордың еңбектері енеді. Антологиялардың құрылымы мен мазмұны Қазақстан Жазушылар одағының арнайы отырысында бекітілген болатын.
Алайда, аталмыш антологияға нақты қай авторлар және қандай шығармалар енгендігі белгісіз, сонымен қатар, бұл шығармаларды кім іріктегені, шет тілдеріне аударылуға лайықты ақын-жазушылардың еңбектерін кім таңдағаны, комиссия құрамы да жарияланбады.
Атап өтетін жайт, бұған дейін ватсап әлеуметтік желісінде "Ұлттық аударма бюросының" жоба үйлестірушісінің Болашақ бағдарламасымен оқыған түлектерге арналған хаты тарап кеткен болатын.
«Ұлттық аударма бюросы»‘ «Жаһандану әлеміндегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің антологиясын (проза және поэзия) БҰҰ-ның 6 тіліне аудару жұмысына жетекшілік етуде. Жобаны жүзеге асыру мақсатында ағылшын, испан, француз тілдерін жетік меңгерген, қазақ тілінен аталған тілдерге әдебиет аудара алатын мамандар қажет етіледі. Осыған орай гуманитарлық ғылым салалары (филология, лингвистика) бойынша білім алған «Болашақ» бағдарламасының түлектерін шақырамыз", - делінген хабарламада.
Біз осыған дейін аталмыш мәселені көтеріп "Ұлттық аударма бюросы" мен ҚР Жазушылар одағына үндеу жасап, арнайы мақала жариялаған болатынбыз. Алайда, екі мекеме тарапынан да еш жауап келмеді.
qazaquni.kz