Өткен жылы бюджеттің 508 миллиард теңгесі тиімсіз игерілген
2018 ж. 26 маусым
2455
4
Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтан бюджет қаражаты неге тиімді игерілмегенін сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Есеп комитетінің мәліметінше, 2017 жылы 508 миллиард теңге тиімсіз игерілген.
"Бұл кем дегенде үш нәрседен хабар береді: сапасыз жоспарлау, уақытылы игермеу, соңғы нәтижеге қол жеткізбеу. Республикалық бюджеттің шамамен 5 проценті ел экономикасы мен қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға жұмыс істемеген. Өткен жылдары бюджеттің орындалуы туралы есептерді қарау кезінде Үкімет қажетті шараларды қабылдап, жағдайды түзетеміз деп сендірген еді. Алайда бүгін біз басқа көрініске куә болып отырмыз: 2016 жылы 268 миллиард теңге тиімсіз игерілсе, 2017 жылы ол 508 миллиард теңгеге жеткен", — деді мәжілісмен Михаил Чирков бірлескен отырыста.
Бақытжан Сағынтаев бюджет қаражатын тиімді игеру үкіметтің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Үкімет басшысының айтуынша, игерілмеген бюджет қаражаты есепшілердің техникалық қателігі екен.
"Сіз келтірген цифрларға келсек, бір қарағанда игерілмеген қаржы сомасы 2016 жылмен салыстырғанда екі есеге өскен. Алайда тереңірек үңілсек, бұл бұзушылықтардың 80 проценттен астамы – біздің бухгалтерлердің техникалық қателігі. Бұл қаржылық емес, техникалық заң бұзушылық. Ал қалған 20 процент жүйелік сипатқа ие. Сондықтан біз бухгалтерлердің біліктілігін көтеру бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл енді басталған үлкен жұмыс. Бірақ жүйелік сипат алып отырған заң бұзушылықтарды шешу керек", — деп жауап берді премьер.