Алаш көсемдері Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының туып-өскен жері, қасиетті Торғай өңірінен Ресей полигоны ашылмақ!..
Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның бастауында тұрған Алаш қозғалысыына биыл 100 жыл толды. ЭКСПО-ның екпініне есі кеткен биліктің бұл жалпыұлттық мереке болуға тиіс мерейтойға жеткілікті көңіл аудармай, жетім қыздың тойы ғұрлы да өткізер түрі жоқ.
Ал біз биліктен ұлы тойға лайықты тарту күтіп жүргенде –тажал сыйлап жатыр!..
Алаш көсемдері Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының туып-өскен жері, қасиетті Торғай өңірінен Ресей полигоны ашылмақ. Ресейге бұрын да талай жерімізді жалға беріп отырған Қазақ үкіметі сынақ жүргізу үшін енді тағы Қостанай облысы Жангелдин ауданынан 76 мың гектар жер бөліп беруге келісім жасауда. Кең байтақ киелі Торғай өңіріне енді Байқоңырдан ұшатын Ресейдің «Союз-2» зымырандарының қатерлі бөліктері құлай беретін болады.
Алаш қозғалысының 100 жылдығына тарту емес... тажал сыйламақ деп ызалы жүрекпен жазып отырғанымыз осы, халайық!
Алаш көсемдерінің туған жері... Алаштың түбіне жеткен Ресейге полигон үшін жалға берілмек...
Ал сіз біздің биліктен бұдан басқа не күтіп едіңіз?
Алаш ордасы болған ұлы Абайдың отаны Семейді әлемге әйгілі полигонымен жарты ғасырдай жалмап, Алаштың екінші астанасы Қызылордадағы Байқоңырдың барын сорып, Қорқытың көрін қазып, енді Алаш арыстары туған Торғайдың тоз-тозын шығару Ресей үшін түк те қиын болмай тұр... Бір алаңдатарлығы осы экологиялық қатерлі өңірдің барлығында 100 пайыз қазақтар тұрады...
«Қостанай таңы» газетінен белгілі болғандай, Торғай өңіріне барған Қостанай облысы әкімі Архимед Мұхамбетов пен Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов жергілікті елмен кездесіп, жер беру мәселесін шешіп қойыпты... Бұл туралы 31 арна дабыл қақты.
Бұрын бұған қарсы болып, қарғып тұрып, үкіметке хат жазған ауыл ақсақалдары Жангелдин ауданына жыл сайын бөлінетін 151 миллион теңгеге құлап түсіпті... Сонымен бірге полигонның нақ іргесінде орналасқан Ақкөл мен Қарасу ауылдарына жедел жәрдем бөлініп, ауыз су тартылмақ екен.
Үкіметтің жедел жәрдемі - «Жедел жәрдемге » айналып кетпейтініне нық сеніп отыр ма екен ауыл белсенділері?
Ақкөліміз - Ажалкөл, Қарасуымыз – Қандысу болып жүрмей ме?
151 миллион теңге алған ауданның полигонның экологиялық апатынан табатын қасіреті миллиардтармен де өлшене алмай қалмай ма ертең?..
Торғай өңіріне бейбіт мақсатпен бармаған Бейбіт Атамқұлов бұған кепілдік бере ала ма? Қасиетті өңірді қорғай алмаған Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі ертең бұл қатерлі шешімнің сұрауы ауыр болатынын сезер ме екен?
Жер Ресейге 3 жылға жалға берілді дейді... 1956 жылы Өзбектанға 30 жылға деп берілген жер жәннаты Бостандық ауданы қайда қазір? Кейін жалға берілген Жетісай, Мақтарал, Киров аудандарын кейін зорға жылап жүріп үштен бір бөлігін ғана зорға қайтарып алдық. Қалған жерімізден өзбектер бір облыс ашып алып, жайнап отыр...
Осы өңір Өзбекстанға берілетін кезде қызмет істеген республика басшыслары мен министрлерді, облыс, аудан басшыларын, елді келістіруге ерекше күш салған белсенділерді қазір ар жақтағы қазақтар да, бер жақтағы ел де қарғап отырады... Бұл сөзді мен қазіргі үкімет басшылары, министр мен облыс, аудан әкімдері үшін ғана емес ауыл ақсақалдары мен белсенділері үшін де айтып отырмын...
Қазақтың мылтықсыз-ақ жазылмас қауіпті дертке ұшырап, қырыла беруіне қарап отыра береміз бе сонда?
Әлеуметтік желіде қатты қарсылықтар басталып кетті. Торғай өңірінің тумасы, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері, көрнекті ақынымыз Серік Тұрғынбекұлы мен қостанайлық ақын Нағашыбай Қабылбек, торғайлық жас ақын Саят Әбен қарсылық танытып жазған жырлары әлеуметтік желіде таралып жатыр...
Алаш көсемдері туған өңірде тепсінісіп келгенде теңдік сұрар ерлер аз емес шығар...
Бұл болашақ қасіретке бәріміз қарсылық танытып, қайрат көрсетуіміз керек, Алаш елі!
Қазыбек ИСА
«Қазақ үні» газеті
Qazaquni.kz
http://www.qazaquni.kz/2017/10/26/76548.html