Сағадиев қоғамның сенімінен айырылды - Мұхтар Тайжан
2017 ж. 28 шілде
4235
10
Cаясаткер Мұхтар Тайжан Білім және ғылым министрі Ерлан Сагадиевтің отставкаға кетуін талап етті. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Қоғам белсендісінің Елбасы атына жазған хатын назарларыңызға ұсынамыз (Хаттың пунктуациялары мен орфографиясы толық сақталған).
Үш тұғырлы тіл деген пəле тоқтатылсын, ежелгі қазақ тарихы жоғары оқулықтарға қайтарылсын, бірінші сыныпта оқитын балаларға Əліппе оқытылсын, ал министр Сағадиев отставкаға кетсін.
Құрметті Нұрсұлтан Əбішұлы!
Сіз Үкіметке тапсырма жүктегенде үнемі атқарушы билік жұмысының ашықтығын талап етіп келесіз. Ашықтық мәселесі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында да басымдыққа ие болды. Сіз жабықтығы мен қолға алынған реформаларды халықпен бірге талқылауға құлықсыздығы салдарынан түсіндіру жұмыстарын ақсатып алған, сөйтіп жағдайды үлкен дағдарысқа апарып тіреген Үкімет мүшелеріне бірнеше рет лауазымынан босатуға дейінгі тәртіптік жазалар қолдандыңыз.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақалаңызда Сіз бәсекеге қабілеттілікті, білімнің салтанат құруын, мәдени біртектілікті негізгі басымдықтардың қатарында атаған болатынсыз. Бұл Сіздің елдің білім жүйесінің сапасына, азаматтардың өз тарихын терең білуіне, өскелең ұрпақты білімқұмарлыққа тәрбиелеуге қаншалықты жоғары мән беретініңіздің айқын дәлелі.
Білім саласының ел болашағы алдындағы жауапкершілігін сезіне отырып, Сіз бірнеше рет аталған саладағы реформаларды асқан сақтықпен, жан-жақты ойластырып жүргізуді, асығыстық пен науқаншылдыққа жол бермеуді талап еттіңіз.
Алайда, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің орта, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім жүйесін реформалау жөніндегі бастамалары қоғамда негізді қорқыныш туғызып отыр. Білікті мамандардың жеткіліксіздігі жағдайында жалпы білім беретін орта мектептерге терең ойластырылмаған, іске асуы күмәнді үш тілді оқыту бағдарламасын енгізу орта білім беру сапасын өте төмен деңгейге құлдыратып жібереді. Онымен қоса, ешкім аталған стрестен білім алуға деген құштарлығы өшетін балалардың моральдық-психологиялық жағдайын есепке алып отырған жоқ. Осылайша Сіз анықтап берген «Білімнің салтанат құруына» қатер төнуде.
Министр Сағадиев жоғары білім беру саласында Қазақстан тарихы курстарын алып тастап, аталған пәнді ғылым ретінде жойып, оны ел тарихының бетін ғана қалқыған, тек ХХ ғасырдан басталатын мектеп курсымен шектемекші. Бұл мәдени біртектілікті сақтау мен рухани жаңғыру мүддесіне қаншалықты сай келетінін айту қиын.
Жоғары білімнен кейінгі білім беру саласында да күмәнді реформаларды көріп отырмыз. Білім министрлігінің бірнеше миллиардтық ғылыми жобалар мен зерттеулерді түрлі еншілес құрылымдар арқылы қаржыландыруынан туған күмәнді шығындар туралы отандық БАҚ-та талай рет мәселе көтерілді.
Сонымен қатар, реформалардың ашықтығы мен халыққа түсіндірілуі жөніндегі Сіздің тапсырмаңызды елемей, министр Сағадиев түсіндіру жұмысынан, оның ішінде телевизиялық пікір-сайыс түріндегі түсіндіру шараларынан үзілді-кесілді бас тартуда.
Алайда, денсаулық сақтау министрі Біртановтің телевизиялық пікір-сайысқа шығуы талқылаудың дәл осы формасының қоғамдағы отандық медицина саласындағы реформаға қатысты кері резонансты басуда жоғары тиімділігін көрсетті.
Осы баяндалғандарды ескере отырып, министр Сағадиевтің қызметі қоғамдық тұрақтылыққа зиянды және қауіпті, коррупциялық қатері жоғары деп санаймыз. Осыған байланысты оны қызметіне лайықсыздығы және қоғам сенімін жоғалтуына байланысты Білім және ғылым министрі лауазымынан босатуыңызды, сондай-ақ құқыққорғау органдарына түрлі жарияланымдарда көрсетілген қаржы жымқыру фактілерін тексеру жөнінде тапсырма беруіңізді сұраймыз.
Мұхтар Тайжан,
Болатхан Тайжан қорының президенті, э.ғ.к