"Трайбализм, Ұлттық мәселе, Қазақ тілі": Орыстар елден жаппай кетіп жатыр
2017 ж. 19 мамыр
4749
17
Қайда? Неге? Қазақстаннан кімдер кетіп жатыр? Білсеңіз, былтырғы жылы біздің елден Ресейге 23 589 орыс көшіп тыныпты. Кетіп жатқандардың 88 пайызы Ресейді таңдапты. Тегін емес-ау осы… Бір себебі бар.
Сamonitor.kz-те жарияланған мақаланы kaz.365info.kz порталы аударып, ықшамдап ұсынған екен. Мақаланың түп-төркінін түсінген адам оның неге және не себепті жазылғанын да бірден аңғаруы тиіс. Солай.
«Баламның соңынан бардым»
Алдымен Валерия Гуревичтен бастайық. 60-қа қараған шағында Петербургке көшкен.
«Неге өйттім? Баламның соңынан бардым. Осында оқуға түсті. Үйленді. Ресей азаматтығын алды. Өкінбеймін. Мұнда ет жақындарым тұрады. Еркін жүріп-тұрам. Бірақ, Қазақстан да қымбат маған. Жаман өмір сүргем жоқ ол жақта», — дейді зейнеткер.
Бұдан нені түсіндік? Қазақстандағы орыстардың тәуелсіздік тұсында өмірге келген үрім-бұтағы тарихи отанына оралып жатыр. Оқумен кетеді. Отбасын құрады. Қалады. Біржолата. Көніп жатса, артынан ата-анасын да ала кетеді.
Әке-шешесі Қазақстанда қала беруі де мүмкін. Аға буын өскен ортасын қиюы да қиын ғой. Балаларын ұстамайды, алайда. Солай. Бірақ, бізді қызықтырған бұл кейіпкер емес.
Борис не дейді?
Сamonitor-ға пікір білдірген келесі адам аты-жөнін айтпапты. Неге өйтті екен? Ақыр айтты ғой ойын. Атын неге жасырады?
«Тоғызқабатты үйде тұрам. Осындағы 5 отбасы Ресейге көшкелі жатыр. Жалпы, жақсы бәрі. Бірақ, бір түйткіл бар. Жұрт көшіп жатыр. Орыстарды айтам. Себебі, ертеңінен үміт жоқ. Тұрмысында да, жұмысында да. Трайбализм тамыр жайған. Ұлттық мәселе тағы бар. Баламды оқытатын жер жоқ, қазір. Білім жоқ. Саяси бағдар да белгісіз. Қазақ тілін жанталасып енгізіп жатыр. Латынын тағы қосты», — дейді Борис (мақала авторы осындай лақап ат беріпті оған).
Борис те Ресейге кетпек. Жалығыпты. Мезі болыпты. Білсек, бұл кісі мұғалім. Сабақ береді. Сабақ үстінде елдегі былықтарды айтса, қарсы шығатын студенттер шығыпты.
«Қарашы өздерін, мені патриот емессің деп айыптайды. Олар кім соншама? Қысқасы, арты айғаймен аяқталды. Мұны қойшы. Студенттердің арасында сәләфиттер пайда болды. Содан қорқам. Өз идеяларын тықпалап жүр олар. Билік әрекет етіп жатыр. Бұдан нәтиже бола ма? Белгісіз. Қысқасы, қолды бір сілтедім де Ресейге көшіп кеттім…», — дейді ол.
Борис былтырғы жылы Қазақстаннан Ресейге кеткен 23 589 адамның бірі. Ол енді оралмайды…
«Айта алмаймын. Білмеймін. Белгісіз»
Әрі қарайғы әңгімеде Борис одан сайын ашыла түсіпті. Ағынан жарылыпты.
«90 жылдарға қайтып оралған түріміз бар. Орыс жастары кетіп жатыр. Артынан әке-шешесі де ілесуде. Неге бұлай?
Аты бар, беделі бар ЖОО-ларға кіріңізші. Орыс студенттерінің үлесі 3-4 пайыздан аспайды. Жоқ, Алматыда орыс аз емес. 30 пайыздай бар. Бірақ, жастары кетіп жатыр. Олар қайта орала ма? Айта алмаймын. Білмеймін. Белгісіз.
Ресейге кетіп жатқандардың арасында азиаттар да көп (Бористің бұл арада кімдерді меңзегенін түсінбедік)».
Байқаймыз, Борис бәрін байқайды. Көріп жүреді. Ойлап жүреді.
«Адамды ұлтына, шыққан тегіне қарай бөлген дұрыс емес. Тек қазақтар істейтін, тек орыстар істейтін мекемелерді көргем. Қауіпті бұл. Қоғам бүлінеді бұдан.
Айталық, неліктен көшелерде еуропеоид полицейлер жоқ? Неге көрмеймін оларды? Салық органдарында, прокуратурада, соттарда орыстар неге жоқтың қасы?
Жоқ, мен ешкімді ренжіткім жоқ. Бірақ, бәрібір ойлайсың. Әрі қарай не болады? Орыспын мен. Бірақ, ешкімге керегім жоқ екен. Не істеймін сонда?» дейді ол.
Борис полицейлер туралы айтты. Еуропеоидтар жоқ деді олардың арасында. Иә, жоқ. Бірақ, мұны орыстардың өзінен сұрау керек шығар, Борис? Бәлкім, олардың бұл салаға барғысы жоқ шығар? Қалай ойлайсыз?
Соңында
Былтыр Қазақстаннан көшкендердің көпшілігін 30-34 жас аралығындағы жастар құраған. Бұлар 4050 адам. 25-29 жастағылар – 3630 адам. 35-тен 39-қа дейінгілердің арасында 3375 адам көшкен Қазақстаннан. Дерлігі Ресейді таңдаған. Солай.