«Қазақ тілінің басымдылығы сақталады» деген сөзді нақты көрсеткендерің осы ма?
2017 ж. 16 ақпан
11432
9
Үкімет мүшелеріне бір ауыз сөз
...Президенттің 2017 жылғы Жолдауындағы ең бір таңқаларлық сөйлем «Қазақ тілінің басымдылығы сақталады» деген жолдар болды. Осыны оқығанда жыларымды да, күлерімді де білмедім. Мүмкін, бұндай күйге түсуімнің себебі – Жолдаумен танысудың алдында ғана Сіздердің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, отырысын әлеуметтік желіден көргендігім болар деп ойлаймын. Мемлекеттің басында отырған барлық басшы қызметкерлер – премьер мен оның орынбасарлары, министрлер – отырыстарын көрші Ресей елінің мемлекеттік тілінде өткізді. (Басы қазақ тілінде басталғанын жоққа шығармаймын, бірақ ол мәселеге де кейінірек тоқталамыз). Ең қызығы, бес жылда ана тілін ұмытып қалған жаңа министрден басқаларыңыз қазақ тілін бір адамдай білесіздер, сөйлей аласыздар, бірақ, неге екенін білмеймін, отырыстарыңды орыс тілінде өткізесіздер. Ең қорқыныштысы, осы уақытқа дейін, іштеріңізден бір адам шығып: «Ей, азаматтар, ұят болады ғой, өзіміздің мемлекетіміздің тілінде сөйлейік» деуге жарамады...Білмеймін, қазақ елінің Үкіметі ар-ұят, намыс дегенді жоғалтқан, ыңғайсыздық дегенді білмейтін жандардан жасақталатын болған ба? Егер бұл жағдай 90-жылдардың басында орын алса, «әй, әлі үйренеді ғой, қазақшасы нашарлау екен...» деп қоя салар едік, ал қазір Сіздерді қалай ақтап аламыз. Әлде, Президенттің «қазақ тілінің басымдылығы сақталады» деген сөзінің нақты көрінісін көрсеткендерің осы ма? Егер өздерінің үкіметтерінің отырысында Қытайдың премьер-министрі жапон тілінде немесе Француздың министрі ағылшын тілінде сөйлей қалса, ертеңіне-ақ қаны қарайған бір отандасы оларды атып тастар еді, немесе халықпен бірінші кездесулерінде шіріген жұмыртқаның астында қалар еді. Біз - үндемейміз. Бірақ оған қарап қазақтарға бәрі бір екен деп ойлап қалмаңыздар. Біз Қазақстанның төрінде, үкімет үйінің ішінде өздерінің мемлекеттік тілін менсінбейтіндерге қарап қынжыламыз, ашу-ызаға булығамыз, қорланамыз, жерге кіріп кете жаздаймыз! Естеріңізде болсын, сол арқылы халықтың билікке деген көзқарас қалыптасады, биліктің іске асырып жатқан бағдарламаларына, жоспарлары мен іс-әрекеттеріне деген кері, жиіркенішті көзқарас қалыптасады. Әрине, біздің көзқарасымыз Сіздердің жалақыларыңыға әсер етпейді, сондықтан болуы керек, басқа тілде шүлдірлеуді тоқтататын түрлеріңіз жоқ. Орыс тілінде өткізген әрбір отырыстарыңыз, ресми жиындардағы орыс тіліндегі баяндамаларыңыз – қазақ тілінің қолданылуын бір жылға шегеріп отыратынын да ұмытпаңыздар. Сол арқылы Сіздерге деген сенімсіздік қалыптасады! Ал Үкіметке деген сенімсіздік – мемлекетке деген сенімсіздікке алып келеді. Демек Сіздердің орыс тілінде өткізген әрбір отырыстарыңыз, ресми іс-шараларда орыс тілінде сөйлеген әрбір сөздеріңіз мемлекеттік билікке деген сенімсіздікті арттыра түседі. Екіншіден, Сіздердің өзге тілде өткізген отырыстарыңыз – Үкіметті екіжүзді етіп көрсетеді. Себебі, мемлекеттік тілді дамыту бағдарламаларын қабылдайтын да, оның орындалуына бақылайтын да, жыл сайын мемлекеттік тілді дамытуға миллиондаған қаржы бөлетін де – Үкімет, сондықтан мемлекеттік тілді қолданудың үлгісі де Сіздер болуларыңыз керек. («Дәрігер, ең алдымен өзіңді емдеп ал!» деген сөз бар). Ондай болмаған жағдайда – айтқаны сөзі мен жасаған іс-әрекеті үйлеспейтіін жандарды қазақ атамыз «екіжүзді» деп атаған. Кейде маған Үкімет мүшелерінің немесе мемлекеттік қызметкерлердің өзге тілде сөйлегені – қазақ тілін үйренгісі келмейтін адамдарға немесе шовинистік топтарға көрсеткен қолауы сияқты болып көрінеді. Үкімет отырысындағы Сіздердің сөйлеу тілдеріңіз оларға: «Саспаңдар, Қазақстандағы биліктің тұтқасын ұстап отырған біздің де таңдауымыз - орыс тілі, жоғарыда сендердің қолдаушыларың, қорғаушыларың бар» деген ой береді, жел береді, қолтықтарына су бүркеді... Біз қазақ тілін дамыту, тірілту, мемлекеттік тіл дәрежесінде қоғамдық өмірдің барлық саласында қолдану бағытында сан түрлі тәсілдер қолдандық. Заң да қабылдадық, 10 жылдың ішінде жасалатын жұмыстардың бағдарламасын да жасадық, басқа ұлт өкілдерін теледидарға да шығардық, қазақша ән айтқызып би билеттік...Меніңше, тілді дамытудың жолы біреу-ақ – бұл қазақ тілінде жазу және сөйлеу. Бұл бағытта жүктің үлкені – елдің басшыларына – Сіздерге түседі. Әркім өзінің арының алдында жауап беруі керек. Айт кететін тағы бір мәселе бар. Ол Кеңес заманынан бері келе жатқан «балаларды алдау» тәсілі. Құдай үшін, сөздің басын қазақ тілінде бастап, бес минуттан кейін орыс тіліне көшуді қойыңыздар. Бұл қазақтілді қоғамды алдау болып табылады. Біз бала емеспіз! Көп жағдайда бұндай сасық тәсілді шетелден келетін әртістер қолданады. Олардың «Алматы, салем! Мен сени жақсы көремин!» деген үш ауыз сөзіне жастарымыз жарылып қала жаздайды. Оларды түсінуге болады; концертін беріп, ертең еліне кететін адамдардың үш ауыз қазақша айтқанына ризамыз. Бірақ, өкінішке орай, Сіздер ертең кетіп қалмайсыздар ғой. Қысқасы, ұяттарың болса, толық қазақша, ұяттарың болмаса, басынан аяғына дейін не орысша не ағылшынша, немесе шүршітше сөйлеңдер. Қазақ халқы бәрін де көтереді. Ал екі тілде жартылай сөйлеу – мәдениеттілікке жатпайды. Бұл Кеңес заманында орыстан басқа ұлттарды алдау үшін жасалған жымысқы тәсіл. Оны қазақтың барлығы түсінеді, енді Сендердің де түсінетін уақыттарың болды деп ойлаймын. Өз басым, қазақ тілін жақсы білетін атқамінерлердің Үкіметтің отырысында неліктен бөтен тілде сөйлеулерінің себебін ашқым келіп, азаматтардың пікірін сұрадым. Сондағы жауаптарды Сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмын – мүмкін, келісерсіздер, ал мүмкін, «жоқ, оның себебі былай» деп біздің көзімізді ашарсыздар:- "Президентке еліктеу, сол кісінің қаһарынан қорқу. Сондықтан Президент сияқты екі тілде сөйлеу"-дейтіндер бар. (Бұл пікірмен өз басым, келіспеймін. Орыс тілділерге тіке қарап отырып, «Он бес жылда аюға да тілді үйретуге болады» деген, Ассамбллеяның сессиясында: «100 қазақ отырған жерде 5 орыс отырса, біз орысша сөйлейміз. Біз сорлы халықпыз ғой» деп бармағын тістеген, «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген ұран тастаған кісіге өзге шенеунңктер жалтақтап, орысша сөйлейді деу – миға кірмейтін мәселе);
- "Үкімет мүшелері қазақ тілін білгенмен, тәрбиелері орысша, сондықтан басқа елдің мемлекеттік тілінде сөйлеудің өрескелдік екендігін білмейді. Ұлттық тәбие алмаған". (Әрине, тәриесіз деген сөз жақсы емес, бірақ ақыл тоқтатқан жандар ненің дұрыс, ал ненің бұрыс екендігін өздері де айыра алады деп ойлаймын);
- "Қазақ тілінде сөйлесе, «ұлтшыл» деген атаққа қалармыз деп қорқатын болар". (Бұл пікірдің жаны бар сияқты. Бірақ олардың «біз «мемлекеттік тілде» сөйлеп отырмыз, демек біздерді «мемлекетшіл» деп атаңдар» деп құтылып кетулеріне болады ғой);
- "Орысша сөйлеу, олар үшін үйреншікті, ыңғайлы, бір сөзбен айтқанда - «комфортно». Ресми стилдегі қалыптасқан бюрократтық тұрақты тіркестерді орысша айту – олар үшін өте ыңғайлы". (Бұл пікірмен келісуге болады. Бірақ Үкімет мүшесі деңгейіне көтерілген жандар өздеріне ыңғайлы жағын ойламай, мемлекеттің тілін қолдану, дамыту,осы бағытта үлгі көрсетуді ойлағандары жұрыс сияқты);