Әлиханның атын ауданға бермесе, әкім не депутат емес, ақын жауап береді
2016 ж. 24 желтоқсан
2936
7
"Құрамында 10 мүшесі бар «Сарыарқа» пікірталас клубы Қарағандыдағы көше аттарының өзгеруіне қарсылық білдірді. Пікірталас клубының мүшесі Юрий Мирзоев Қарағанды облысының әкімі Н.Әбдібековтың Ә.Бөкейхановтың атын Октябрь ауданына беру туралы ұсынысына қарсымын дейді."
«Әлиханның атын Октябрь ауданына беру қажет деп санаймын. Ел басына күн туған 1937 жылы қазақ халқының, осы аймақтың болашағын ойлаған 25 мыңға тарта азаматын атып тастады. Оның ішіндегі басшысы осы Әлихан Бөкейханов болатын. Ал «Октябрь» бізге не әкелді?», – дейді қала тұрғыны Жексен Әбдірахманов.
Жиналғандардың көпшілігінің тарихты толықтай білмейтіндігін байқадық. Олар тіпті қаладағы «Асфальтная», «Приканальная» сияқты көшелердің де атын өзгертуге қарсылық білдіруде.
«Бұл біздің тарих. Көшелердің аты өзгермесін. Октябрь ауданының да атын өзгертуге қарсымыз. Әлихан да Мәскеуге, Ленинге барған екен. Сонда ол да коммунист болған шығар. Онда несіне өзгертеміз. Осы коммунистік атаулар тұра берсін», – дейді Октябрь ауданының тұрғыны Лидия Маргачева.»
Міне, біздің «Қазақ үні» ұлттық порталында жарияланған хабарлар...
Біз қазір биліктен ұлттық мәселеге келгенде күдер үздік. Олардың ешқайсысы Елбасы Н.Назарбаевтың БҰҰ-да қазақ тілінде сөйлеген ерлігін өз елімізде қайталай алар емес.Тек Үкімет басшысының орынбасары Иманғали Тасмағамбетов қана "Тіл бар жерде қазақ бар. Тіл жоқ жерде қазақ жоқ!"-деп турасын бір-ақ кесіп айтып, мәлімдеді.
Қазір қазақ биліктен күдер үзді. Ұлттық мәселеде. Сондықтан ел үміті тек руханият өкілдерінде! Қарағандыда биыл 150 жылдығын ЮНЕСКО аясында әлем атап өтіп жатқан Алаш көсемі Әлиханға аудан атын бермесе, оған әкім емес, ақын Серік Ақсұңқарұлы жауап беру керек! Өйткені, мен мысалы, Қарағанды облысы әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтен еш уақытта үміт күтпеймін. Тек мен ғана емес, бүкіл қазақ қазір биліктен, қазақ тілінде аты-жөні мен арыз жаза алмайтын әкімдер мен Ерлан Ыдырысов сияқты мемлекеттік тілге миы жетпейтін, қазақ тілінде сұрақ қойған осы қарағандылық Мәжіліс депутаты, кеше ғана "Қазақ үні" газеті мен сайтының Жыл депутаты болған Генадий Шиповскихке Ресей тілінде жауап берген Ішкі істер министрі Қ.Қасымов секілді министрлерден үміт күтпейді... Біз кімнен үміт күтеміз? Біз Қарағандыда Алаштың арынды ақыны Серік Ақсұңқарұлыдан үміт күтеміз. Қазақстанда Мұхтар Шаханов пен Дулат Исабековтен, Дос Көшімнен үміт күтеміз. Ақтауда сондай оқиға болса, жұрт Светқали мен Сабыр Адайдан бір тірлік күтеді. Көкшетаудан Баянғали көкемнен үміт күтеді. Керекуде Арман Қани мен Руза бар. Таразда Несіпбек ағамыз, Қызылордада Шәкизада мен Берік , Ақтөбеде Мейірхан мен Ертай және облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, , Атырауда Нұрлан Ноғаев (айтпақшы, екі облыс әкімі ел үміт күтетін), бар. Өзі жауапкершіліктен қашып отыр демесін, Астанада әкім Әсет Исекешев емес, Үкімет басшысының орынбасары, руханият қамқорлары Иманғали Тасмағамбетов пен қайраткер Ислам Әбішев және ақын мен - Қазыбек Иса жауап беремін ұлттық мүддедегі кемшілікке. Оңтүстікте де кеше барған облыс әкімі, нағашым Түймебаев түймедей жауапкершілік алмай-ақ қойсын, әйгілі жазушы Мархабат Байғұт, ұлтшыл журналист Өмірзақ Ақжігіт және сол облыстың тумасы болғасын мен жауап беремін. Ел қазір үмітті әкімнен емес, ақыннан, жалпы руханият өкілдерінен күтеді.
Сондықтан, Қарағандыда Октябрь ауданына биыл 150 жылдығын ЮНЕСКО аясында әлем атап өтіп жатқан Алаш көсемі Әлиханға аудан атын бермесе, оған сол облыстың тумалары Серік Ақсұңқарұлы бастаған облыс зиялылары кінәлі!!! Өткенде ғана мен Қарағандыда дүкеннен қазақ тілінде бір бөлке нан мен бір бөтелке су ала алмаған студент туралы мақалада Серік ағаға үміт артып жаздым, Бір күнде мыңға жуық адам фейсбукта бөлісіп, 365инфо.кз секілді орыс тілді сайттардың өзі көшіріп басты.
Әлиханның атын ауданға бермесе, Октябрь ауданын қимай отырса, облыс, қала, аудан әкімдері емес, депутат Тінікеев емес, ақын Ақсұңқарұлы жауап береді...Себебі Серік ағаның рух шақыратын жырларын оқысаңыз, тек осындай ойға, берік түйінге келесіз! Өйткені қазір ел әкімге емес, ақынға сенеді! Өмірінде мемлекеттің депутаты болып отырып, мемлекеттің тілінде сөйлемеген, тек Ресей тілінде сөйлейтін, өзі депутат жасаған (!!!) байғұсын басынан ұратын депутат тінікевтер тек біздің мемлекетімізде ғана кездесетін шығар...
25 жыл болды Тәуелсіздік алғанымызға! Ширек ғасырда біз дүкеннен мемлекеттік тілде бір бөлке нан мен бір бөтелке су ала алмасақ қандай мемлекетпіз?!. Неменеге жетісіп желігеміз??? Бұған кім жауап беруі керек? Тек Ақындар ма?? Биліктегілер не істер отыр сонда???
Қазыбек ИСА
qazaquni.kz