КІМ «АЛА ЖОЛДЫҢ» АВТОРЫ БОЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ?
2016 ж. 24 қазан
6390
0
(немесе саясаткерлік «блеск и нищета» туралы)
«Я тебе о чем? О смысле жизни.
А ты мне о чем? О пузе!..»
Ю.Бондарев, «Мгновения».
Мұхтар мен дихандар дауы жайлы сөз басталса болды, оның жақтаушылары, О.Сүлейменовше айтқанда «агрессивно-активное меньшинство», бірден оны сүттен ақ, судан таза, күнәдан пәк етіп қорғаштай жөнеледі, ал, безразлично-молчаливое большинство (азғантай орысшамыз үшін айыпқа бұйыра көрмеңіздер) «қай жеңгенің – менікі» деп қызықтап қана отырады. Ары барғанда «пияздай ұсақ-түйекті айтып ұсақталмаңдар, жерді, елді қорғаңдар!» деп көсемсиді (бұлай дейтініміз, солардың басым көбі кешегі жер дауында ауыз ашуға жарамағандар, ондайлар әдетте жол көретуге ұста келеді), немесе «бұл - жеке адамдардың арасындағы дау, өздері шешіп алсын» деп, «өзінің түйесі жоғалмағандықтан» ақылшы бола қалады. Тіпті «сауап бопты, қағаздарын қанттай қылып жүрмей ме?» деп, жаны ашымастық танытады, табалайды. Оның ешқандай да майда іс емес екенін, керісінше, нағыз принципиалдық тұрғыдан қаралуы тиіс, адамдық, әлеуметтік маңызы аса жоғары екенін, егер қазақ, оның ішінде өзін «ұлт жанашырымын» деп көрсететін адам бұны істесе, шетелдіктерге, қытай мен жөйтке, өзгесіне «қазақты қанама!» деп ауыз аша алмай қалатынымызды біле тұра білмегенсиді. Ендеше, біз талай бейнеролик жарияланғандықтан, кім кімге қарыз деген сұрақты қазбаламай-ақ - сот болса қағаз жүзінде дәлелі жоқ дихандар сөзсіз жеңіледі - шамамыз келгенш, жоғарыда айтылған «өмірдің мәні» жайлы бір-екі ауыз пікір білдірейік.
Ал, өмірдің мәні негізінен адамгершілікте екеніне ешкім дауласа қоймас. Осы тұрғыдан келгенде, 4 диханның өзінің үстінен «еңбекақымызды жеп кетті» деп арыз түсіргенін естіген Мұхтар Тайжан не істеуі керек еді? 4 жігітті жинап алып, «кәні, қандай кінә тағасыңдар?» деп сұрауы, ешқандай сотсыз, тергеусіз, бітімгершілікпен (қазір мемлекеттің өзі көп мәселені осы жолмен шешіңдер деп жатыр) шешуге тырысуы керек еді, солай емес пе? Оның орнына ол таныстарын пайдаланып, істі тоқтатып тастаған. Г.Қыстаубаев Бас прокурордың атына Ашық хат (Мұхтардың өзі «Геройхан арыз жазды» деп жүр) жазған соң іс қайта қозғалыпты.
«Мешкей деген жақсы ат па?» дейді қазақ. «Неге басқа емес, менің артымнан сөз ереді?» деп ойланбағаны ма Мұхтардың? Жаман атының шыққаны жанына батпағаны ма сонда? Император Юлий Цезарь әйелінің жеңіл жүрісі бар екенін естіген бойда, онымен ажырасып кетеді. «Күдіктенсең, бірден ажырасқанша, анық-қанығын тексермедің бе?» деген достарына: «Цезардың әйелі күдіктен тыс болуы керек!» деп жауап беріпті... Бұл – бұрын. Бүгін - соңына сөз ілестірген кез келген министр өркениетті елдерде сол күні жұмыстан кететіні жайлы арыз береді. Себебі, қызметті, атақты орнына келтіруге болады, ал, кірленген абыройды қайтып қалпына келтіру өте қиын. Орыста: «Я сначала работаю на авторитет, а потом авторитет – на меня» деген мақал да бар. Ал, бізде...
Мұхтарға да абыройдан ақша жақын болғаны ма, іс қайта қозғалғаннан кейін де мәмілеге келудің орнына «жыласаң, тағы ұрамынның» керін келтіріп, «дәлелдері жоқ адамдар маған жала жауып отыр» деп, қарсы арыз беріпті.
Өздеріңіз ойлаңыздаршы, жыл он екі ай бойы егінінен басқаны ойлауға шамасы келмейтін шаруалар сонда істейтін өзге шаруасы жоқ, ерігіп жүрген жандар болғаны ма? Олар біреуден ақша өндіріп алу үшін жала жауыпты деген сөз қисынға келе ме? Қазақ «сөздің өтірік-шынына қарама, қисынына қара!» демей ме? Жарайды, жігіттерді сайтан азғырыпты, «миллионер» Тайжаннан ақша өндіріп, қарық бола қалғысы келіпті дейікші. Жаланы қандай адам жабады? Әдетте, бұндай істе әбден тісқаққан әккі, қолында құжаттары сақадай сай адам ғана жала жаппай ма? «Уәде – Құдай аты» деген қазақы ұғымда тәрбиеленген, өзінің қажетті қағазын дұрыстай алмай жүрген ауыл баласына қайдағы жала жабу?
Мысалы, 11 қазанда Шеңгелдіде өткен отырыста Бейсен есімді жігіт Мұхтарға: «Сіз менің үйіме келіп отырғанда маған берген тілхатыңызды «сізге сенбеймін бе?» деп, өзіңізге қайтарып бердім ғой!» десе, Мұхтар: «Мен қайтып алған жоқпын» деді. Бейсен: «Онда кәзір осы жерден шыққан соң мешітке барып, сөзіміздің растығына Құран ұстайық» деген ұсыныс жасады. «Мақұл, барайық!» болды жауабы. Бірақ, кейін далаға шыққанда Мұхтар, неге екені белгісіз, барғысы келмей қалды...
Жалпы, Шеңгелдідегі отырыс неге нәтижесіз аяқталды? Мұхтарды оған шақырған жігіттер ол қатесін, кінәсін, оның ішінде Батырғали Әмриевке «7 мың тоннаны ұйымдастырдыңыз, сол үшін пайда табайын-таппайын, әр келіге 2 теңгеден (14 млн.теңге) сізге» деген уәдесін де мойындар, мойындау деген ерлік қой, сөйтіп, екі жақты қол алыстырып, табыстырып, мәселені түпкілікті шешіп қайтармыз» деген үмітпен барған еді. Ал, ол жерде басынан өзі ғана сұрақ қойып, өзіне ыңғайсыз сұрақтардан бұлтарып, «сөз берем сіздерге» деп отырған Мұхтар бір уақытта орнынан тұрды да, «кетемін» деді. Егер Айдын Егеубаев пен «кәзір сіз сөйлейсіз» деген соң кезегін күтіп отырған Азат Көкен тез ес жиып, «жұрттың сұрағына жауап бермей қайда кетіп барасың?» деп, жолына көлденең тұра қалмағанда, Мұхтар кетіп те қалар еді. «Кет, былай!» деп, Айдынның көкірегінен итермелей салып, «міне, көрдіңіздер ме, бұлар – арандатушылар!» деп шыға келді. Қасындағы Жазира атты қыз ФБ-ға бірер сағаттан соң: «Мені ұрды бұлар!» деп жар салыпты. О, тоба! Желідегі оның бір жанашыры: «Геройхан Жазираны түйіп жіберді» деп, біраздан кейін: «Геройхан Жазираны түйіп жібергендей болды» деп жазыпты. Тағы бір досы: «Өңшең шәуілдеген қанден, швальдар бұның бәрі» деп пікір білдіріпті... Оу, сол роликті елдің бәрі көріп отыр ғой! Мысалы, мәдениеттанушы, журналист Бердалы Оспан А.Қоқайдың видеотаспасында Мұхтар Тайжан өз қарсыластары туралы, «олар тапсырма орындаушылар» дегені, Айгүлдің «олар кімнің тапсырмасын орындайды, нақты айтыңызшы» деген сұрағына жауап бермей кеткені жайлы коммент қалдырыпты.
Яғни, әділдік іздеген адамға бәрі алақандағыдай көрініп тұр. Тек «көрмес - түйені де көрмес» деп, бекер айтылмаса керек. Мұхтардың отырысқа ертіп барған, қасында отырған Ғабиден Жәкейге «кәзір ауылдан шыға алмай қаласыңдар(?!)» деп, күш көрсеткен «ақсақалы» сол елге белгілі алаяқ екен. Бұндай «достары» бар адамды аяғаннан басқа амал жоқ...
Наполеон «Адамзатқа келетін бәленің бәрі әр адамның өз орнын таппауынан» деген екен. Мұхтар бауырымыз да, сірә, өз орнын таппай жүр-ау. Саясатқа араласқысы келеді екен, ақ жол, алдынан жарылқасын! Бірақ, «мен саясаттан кеттім!» деген сөз әйгілі Болат Әбіловке жарасар, ал, саясатқа келгені кеше Мұхтарға жарасты ма? Жоқ, «копия всегда хуже оригинала», өзі күлкіге қалды. Оның үстіне кетуінен қайта келуі тез болды.
Жарайды, ол жеке бастың шаруасы, жаңылысқан екен, кімде болмайды дейік. Бірақ, саясатқа араласатын адамның алдында екі жол тұрады. У.Черчилль: «Саясаткер сайлаудың қамын ойлайды, қайраткер елдің қамын ойлайды» дейді. Біріншісінің ойы қалайда мансапқа жету, ол жолда Ленин айтқандай «барлық амал жақсы», «саясат – лас қолдың тірлігі» деген ұғым содан туған. Саясаткер ғана Мұхтар секілді бір ғана жер мәселесінде бірнеше рет позициясын өзгертеді, «Қытай агрессор ел емес», яғни, одан қауіп жоқ деуге дейін барады. Ал, сол Қытайдың аумағы 1900 жылы 8,0 млн.шаршы км еді, 2003 жылы 9,597млн.шаршы км болып шыға келді, бар болғаны 103 жылда бүгінгідей әлемдегі 2-ші экономика емес, әлсіз Қытай 1,596 млн.шаршы км, қазіргі Қазақстан аумағының 60%-дай жерді баурына басып алды!
Қайраткер үшін, Абай атамыз айтып кеткендей, мақсатына жету маңызды емес, адал жолдан таймау маңызды. Себебі, ол «жұмысымның жемісін жеп қалуым керек» демейді, еңбегінің далаға кетпейтінін, ертелі-кеш ел игілігіне жарайтынын біледі. Жұлдызы жанып жатса - халық қалауымен! – депутат, министр, тіпті премьер, президент те болып кетуі ғажап емес. Болмай қалса, Аллаға өкпе жоқ...
Дана Нұржігіт қарындасымыз: «Өмірде әркімнің өз жолы бар, ал, оны «дара жолға» айналдыру – өз еркіңізде!» деп жүр. Дұрыс айтады. Мұхтар да «дара жолды» таңдай ма,
жоқ, әлде, түлкібұлаңға толы, ақ пен қарадан тұратын «ала жолдың» авторы бола ма, өзі біледі. Тек, ауыл шаруашылығымен айналыспай жатып, осынша дау тудыруы көңілге күдік ұялатады. Әйтпесе, бизнесте жүрген қазақ жігіті аз емес, тек олар дихандармен соттасып жатқан жоқ. Әзірге әруақты ардақтайтын қазақ үшін оның жиған ең үлкен капиталы – Болатхан Тайжанның ұлы екендігі. Бірақ, бұған оның еңбегі сіңген жоқ...
Қалай болғанда да, біз ақ жүрек, адал ниеттен туған жанашырлық пікірімізді білдірдік, ағалық, адамдық парызымызды орындауға тырыстық. «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» дейтін қазақтай дана, таза, әділ халық жоқ.
Түсінсе – достығымыз бұл, түсінбесе, қайтеміз, «өз сөзіміз өзіміздікі».
Өмірзақ Ақжігіт,qazaquni.kz