ОРЫС ТІЛІН «РЕСМИ ТІЛ» МӘРТЕБЕСІНЕН АЙЫРУҒА НЕ КЕДЕРГІ?
2016 ж. 25 тамыз
4168
7
«Қазақстанда орыс жұртшылығының үлесі төмендей келе 20%, енді орыс тілі қалай ресми тіл болады», - деп жазады саясаттанушы Әзімбай Ғали.
«Қазақстанда орыс жұртшылығының кері сальдосы, яғни кеткендердің келгендерден азайюы 1970 жылдан басталып келеді, яғни бұл үрдіс кеңес заманында басталып, бүгінге дейін жалғаcуды. Кеңес дәуірінде жыл сайын Қазақстаннан кетушілердің келушілердің артықтығы орта есеппен 30-35 мың адам болды. Кеңес үкіметі Қарақалпақстанға көшетіндерге сол заманда бір «Жигули» автокөлігінің құнын беретін, бірақ көшірілген орыс көп тұрақтамайтын, ал мемлекеттің ақшасы зая кететін. Яғни, деколонизация 1970 жылдан басталды десек болады, бұл үрдіс стихиялық түрде жүрді.
Орыс билігі дүркіреп, КСРО да бәрі орыстанып жатқан тұста орысқа ешбір жергілікті ұлт өкілі тіс батыра алмайтын, бірақ орыс жұртшылығы өзін өзге ұлттық республикаларда жайсыз сезінді.
Орыстың Қиыр Шығыстан, Қазақстан мен Өзбекстаннан кету себебі бар еді. Орталық Ресей мен Қазақстан арасындағы тұрмыс деңгейінің үлкен айырмашылығы болды. Ресейдің Еуропалық бөлігінде тұрмыс Қазақстаннан едәуір жоғары болды, соны білген жергілікті орыстар сол жаққа көше берді.
Екінші фактор: Өзбекстанда еңбекақы бізден де төмен, ал Тәжікстанда Өзбекстаннан да төмен болды. Сондықтан алдымен орыс қауымы Тәжікстанда және Өзбекстанда таусылды. 1990 -шы жылдарда ұлттық республикаларға орыстарды көшіретін қаржы тым азайды, КСРО-ның мемлекетттік жоспарлау органдары бұл шараларға қаржы талап ете берсе де, ақша бөлу азая берді.
Қазақстанның егемендік жылдары дағдарыстан шығу үшін Қажыгелдин экономикалық «шоковая терапия» әдісін пайдаланды. Басқа амал жоқ еді. Аз уақыттың ішінде ескі әміршілдік жоспарлық экономикалық жүйе жойылып, орнына нарықтық қатынастар орнады. Бұл игі іс еді. Бірақ елімізде тұрмыс денгейі қатты құлады. 1994 жылы кері миграциялық сальдо (эмиграция) 410 мыңға көтерілді. Бірақ бірте -бірте Қазақстаннан эмиграция үрдісі бәсеңдей берді.
Көшкендер орыс, украин, неміс ұлт өкілдерінен болды. Іс жүзінде көшкендер саны одан да көп болды, себебі 1989-1994 жылдары алдымен моңғол қазақтары, кейін қытай қазақтары көптеп көшіп келе бастады. Оралмандардың ең үлкен бөлігі (60%) Өзбекстаннан еді. Ал көшкендердің ішінде неміс пен гректер аз болған жоқ. 1989 жылдан бастап КСРО үкіметі тарапынан оларға өз атамекендеріне көшіп кетуге рұқсат берілген. Соңғы жылдары эмиграция мөлшері 23-25 мың адам, ал орыс депопуляциясы 20 мыңға жеткен. Эмигранттардың құрамы негізінен жастар мен орта жастағылар. Студент жастар арасында қыздар көп. Сонда орыс тұрғындарының саны жылма жыл 43-45 мыңға азайып отырды.
1992 жылдан бастап орыс, украин, белорус, татар арасында депопуляция үрдісі орын алып, бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Яғни, туған орыстың санынан өлген орыстың саны көбірек. Бірқатар этностар табиғи жолмен тез өсіп (қазақ, өзбек, ұйғыр ), басқалары — орыс, украин, татар, неміс азая бастады. Мұндай үрдіс посткеңестік мемлекеттердің бәрінде, соның ішінде Ресейде де жүрді. Сонымен, орыс жұртшылығының үлесі төмендей келе 20 пайызға жетті, ал қазақ үлесі 67% денгейінде. Демографиялық ара-салмақтың өзгеруі ұлт саясаты, тіл саясатындағы басымдықтардың өзгеруін талап етеді», - дейді саясаттанушы.
Әзімбай Ғали Қазақстанда «Орыстың үлесі бар болғаны 20% болса, орыс тілі ресми тіл рөлін қалай атқарады? Елде аз-ақ адам сөйлейтін тілге қалай басымгерлік беріледі? Олай болса, бұл саясаттың қисынын айқындайтын кез келді» деп санайды. Дереккөз: qamshy.kz