Мұхтар Тайжан: «ПЛАТОНОВ, ХАЛЫҚТЫ ЖАМАНДАУДЫ ТОҚТАТ!»
2016 ж. 28 мамыр
3221
7
Жер реформасы бойынша қоғамдық комиссияның бүгінгі отырысында қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан құқық қорғау органдарына үндеу жасауға шақырды.
«Біздің жұмысымыз жақсы басталды. Осы аптада көп жұмыс атқардық. Бірақ елімізде не болып жатқанын өзіміз көріп отырмыз. Мамырдың 21-і күні Әнұранды айтқан қарындастарымызды милиция алып кетті.
Ол қалай? Апаларымызды, жетпістен асқан ақсақалдарымызды алып кетті. Ол қалай? Біз осында жұмыс істеп жатырмыз. Жақсы үрдіс басталды деуге болады. Билік пен халық арасында келіссөз… бір қолмен, ал екінші қолмен митингке шыққан азаматтарымызды ұрсақ, ол қалай?
Мен осы мәселені үшінші отырыста көтеріп отырмын. Біз тиісті органдарға үндеу жасауымыз қажет. Біз Кравченко (Бас прокурордың орынбасары — авт.) мырзамен осы аптада кездестік. Кездесу жақсы өтті. Бір-бірімізді түсіндік. Бірақ кеше қарасам, Бас прокуратурадан өте қатал мәлімдеме шықты. Сосын мен осында отырған Артур Платоновқа (журналист, КТК телеарнасының бұрынғы жүргізушісі, бүгінгі Парламент депутаты – авт.) айтайын деп едім.
Артур, митингке шыққан азаматтарды жамандауды тоқтат! Олар – Қазақстан азаматтары. Олар ешқандай бұзақылық жасаған жоқ. Митинг үшін ақша төлеп жатыр дейді, тағысын тағы. Бәлкім, біреу біздің бүгінгі процесімізді бұзғысы келіп жатқан шығар.
Ұлтаралық алауыздық, ақша үшін, біреудің мүддесі дейді, билікті жаулап алғысы келді дейді. Ондайға бой бермеу керек. Мен өтінемін, тиісті органдарға үндей жасайық», — деді М.Тайжан комиссияның бүгінгі отырысы барысында.
Baq.kz