Қарыз қамытынан қашан құтыламыз?
2016 ж. 17 мамыр
5168
15
Тап болған қаржылық қиыншылықтан шығудың оңай жолын жақсы меңгерген Үкіметіміз бюджеттің тапшылығын жою үшін Халықаралық қайта құру және даму банкінен тағы да 1 миллиард доллар несие алуды жоспарлап отыр. Сөйтіп, онсыз да әлемнің бірқатар мемлекетіне қарыз Қазақстанның берешегі тағы 1 миллиард долларға артпақшы. Мәжілістің кезекті отырысында көтерілген бұл мәселе бастапқыда санаулы депутаттардың ашу-ызасын туғызғанымен, әдеттегідей басым дауыспен бекітіліп кетті. Тағы да депутаттар дәрменсіздік танытты.
– Жалпы ішкі өнімнің өсімі 4-5 пайызға жеткен кезде бюджеттік тапшылықты 1 пайызға дейін төмендетіп отырмыз. Сондықтан қарыз жағынан, борышты төлеу жағынан ешқандай күмән жоқ, – деді ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов ақшаны қиналмай-ақ өз қалтасынан алып шығып бере салатындай болып. «Тіпті қажет болса, тағы да осынша қаражат аламыз» деді қарсы шыққан екі-үш депутаттың сөзін масаның ызыңындай көрмеген министр сенімді түрде. Соған қарағанда Бақыт Сұлтанов «Кейін айтпады деп жүрмеңдер!» деп ескерту үшін ғана келген сыңайлы біздің пәрменді Парламентіміздегі Мәжіліс отырысына.
Былтыр тек қана ресми деректер бойынша сыртқы қарызымыз 153 миллиард доллар көлемінде болғаны белгілі. Осыншама қыруар қаржының жартысынан көбі квазимемлекеттік сектордың еншісінде екен. Мемлекеттің кепілдігі болмаса бірде-бір халықаралық банк ешкімге қарыз бермейтінін ескерсек, оның бәрі халықтың мойнында тұр деген сөз. Ал «квазимемлекеттік сектордағы» кәсіпорындарға кім ие екенін бір Құдай ғана біледі. Өйткені ондай құпиялар қарапайым адамдардың түсіне де кірмейді. Ұлттық банктің өткен жылғы мәліметіне сүйенсек, еліміздің қаржы саласына қаражат бөлу бойынша Нидерланды көш бастап тұр. Оларға Қазақстан 43 миллиард доллар қарыз. Ал екінші тұрған Ұлыбританияға 26 миллиард, Қытайға 13 миллиард борышпыз. Мемлекеттің сыртқы қарызын саусақпен санап шыққан депутаттар, дүние есігін енді ашқан сәбидің өзі 8 мың доллардан берешек боп туады деп дабыл қаққанмен бас қаржыгердің қарқынын қайтара алмады.
Бұл жолғы қарыз елдің экономикалық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған саясатты қаржыландыруға арналады деген әдемі сөздерді алға тартқан Үкімет өкілі 1 миллиард долларды 20 жылда 1 жарым пайыздық үстемемен қайтарамыз деп бастамаларының тиімділігін түсіндірді. Ал, депутаттар ең жеңіл деген қарыздың салмағы ауыр болатынын, оны қалай да үстемемесімен қайтару керектігін айтты.
Көптеген қисынсыз жобаларға үнемі қарсы шығатын Нұртай Сабильянов несие алғанша экономиканы реттеу керек деді. Тіпті, бизнестен пайда көрудің орнына, оларға есепсіз көмектесіп қаржы бөлетін әлемдегі жалғыз ысырапшыл елміз деп сын айтқанмен министрдің сағын сындыра алмады.
– Мысалы индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асырып жатырмыз. Сол арқылы мол салық түсіреміз дедік. Неге оны дұрыстап жолға қоймасқа? Неге сол жобаларымыз салықты бізге түсірмей отыр? – деді Сабильянов. Тағы бір белсенді депутатымыз Азат Перуашев та қарыз қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырып бара жатқанын баса айтып, алмақтың да салмағы бар екенін министрдің есіне салды. Айтса айтқандай, жылдар бойы есепсіз қаржы салып келе жатқан біздің жобалар қашан жемісін береді? Нәтиже болмаса ондай бағдарламаларға ақша жұмсап, белшеден қарызға батудың қажеті қанша? Пайдасыз жобаларды ойлап тауып ұсынатындар өз қалтасын ғана ойлайтыны осыдан-ақ көрініп тұрған жоқ па? Әйтпесе, нәтиже беретіндей уақыт болды ғой. Министр мен банкирлер келеді-кетеді, ертең осы бастан асатын борышты біздің балаларымыз бен немерелеріміз төлейді ме? Ұрпақ алдындағы жауапкершілік деген болу керек қой!
Бірнеше депутаттың жанайқайын халық арасында «Үкіметтің тұрақты адвокаты» атанған жалғыз ғана депутат Аманжан Жамаловтың «Әріптестер, әңгімені көбейтпей жобаны қолдағанымыз жөн» деген бір ауыз сөзі басып кетті. Дауысқа салып жібергенде тек 1 депутат қарсы болып, тағы біреуі қалыс қалды.
Бір қызығы, Үкімет өзінің бұл жолғы ұсынған жобасын «Бірінші несие алу туралы» деп атапты. Осыған қарап Үкімет басында отырғандар жиырма жылдан аса жайбарақат ұйықтап, кенеттен шошып оянған ба деп қаласың. Қайдағы бірінші несие?! Біз шетелден қарыз алып келе жатқанымызға қанша жыл болды? Тәуелсіздіктің таңы атқалы көріп келе жатқанымыз осы несие емес пе? Егер ұмытып қалсаңыздар естеріңізге салайық, биыл Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл толады, министр мырзалар. Есептеу білмесеңіздер сыртқы қарызымыз ресми деректер бойынша 153 миллиард доллардан баяғыда асып кеткен. Оған қатардағы қарапайым халықтың өздеріңіздің қолдап-қорғап отыратын банктерден жоғары мөлшерлемемен алған несиелік ішкі қарыздарын қосып қойыңыздар, қанша дегенмен олар да біздің адамдар ғой. Әлде қарапайым адамдарды есептен шығарып тастап па едіңіздер? Осындайда мынадай орынды сұрақ ойға келеді. Ешқайсысы кедей болып есептелмейтін (көбісі бай адамдардың қатарында екені белгілі) біздің жоғары лауазымды шенеуніктер өз есеп-шоттарындағы ақшаның санын шатастырмайды ма екен? Әй қадам, о жағына келгенде олар алдына жан салмайды. «Маңдай термен» тапқан ақшаның соңғы тиынына дейін жатқа білетініне біз сенімдіміз. Өйткені ол өзінің «жанын қинап» жинаған жеке қаржысы ғой. Офшорлық аймаққа апарса да есебінен айырылмайды. Өздері ешқашан несие алып көрмеген соң қарыз қамытының мойынды қажайтынын білмейді ондайлар. Ал халықтың ақшасын оңды-солды шашуға болады, бюджет қаржысын сорпаша сапырып, ботқаша былықтырса үстінен пайда көруге мүмкіндік туады. Тәртіптің, бақылаудың жоқтығы қаржының талан-таражға түсуіне жол ашады. Оны қадағалауға міндетті шенеуніктер қайта-қайта қарыз алуды ғана біледі. Тым болмаса бір рет болсын «Осы мен қай халықтың есебінен байып отырмын?» деген сұрақ ешкімді мазаламай ма? Халықты, дәлірек айтсақ өз ұлтың борышқа белшесінен батыратындай Қазақ пен Қарыз бір құрсақтан шығып па? Тоятын да тоқтайтындай уақыт жетті ғой. Ұрлықты қойып, халық қаржысын ұқыпты, үнеммен жұмсап, нәтижелі жұмыс істеуді қашан үйренеді екенбіз? Тіпті осы жөнінде айтқан Елбасының ескертулерін елемейтін біздің билік басындағылар депутаттардың жанайқайын естуші ме еді...
Зейнолла АБАЖАН
qazauni.kz