Мәсімов те, оның үкіметі де отставкаға кетсін!
2016 ж. 08 мамыр
9624
29
Жақында ҚР Мәжілісіндегі Қазақстанның халықтық коммунистік партиясының жетекшісі Владислав Косарев мырза Кәрім Мәсімов тізгінін ұстап отырған министрлер кабинетіне сенімсіздік вотумын (қарсы дауыс беру) жариялауды ұсыныпты. Бұл туралы «КТК» арнасы хабарлаған.
Қазақстандағы күллі коммунистердің лидері осылайша Мәсімов пен оның Үкіметін отставкаға жіберуді талап етіп, Парламенттің бірлескен отырысында мәселені төтесінен қойды. Мәжілістегі ең егде (Косарев мырза биыл 82 жасқа толады) депутаттың ашуын туғызғаны - Мәсімовтің министрлер кабинеті қазына қаржысын оңды-солды шашып жатқандығы. Ол Парламент белгілеп берген бюджетті көрсетілген мақсатқа емес, өзге де пайдаларға жұмсап жатқанын ашық айтты.
Косаревтің өзінің айтуынша, қазіргі Қазақстан Үкіметі «мұнай инесінің үстінде отыр». Ал Мемлекетке түсетін негізгі пайда қаражаттар үлкен бизнеске кетіп жатыр. Мүмкін Косаревтің айтпағы Ақ орда төңірегіндегі кейбір алпауыт кәсіпкер - шенеуніктердің қалтасын қомпайту үшін болса керек. Ал қарапайым қазақстандықтар бұл қаржының иісін де сезбеуде. Қаһарына мінген Косарев ақсақал, тіпті Мәсімов пен оның ұжымы бірқатар Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда да арта қалып жатқанын айтып, бұл мәселеде де бармақ басты, көз қыстылықтардың болып жатқанын ескертті. Владислав Косаревтің деректеріне сүйенсек, еліміздің аграрлық секторына бөлінген қаражаттың 60 пайыздан астамы діттеген мақсатта игерілмеген. Ал міндетті медициналық жәрдемге бөілетін қаражаттың жалпы сомасы 360 миллионнан да аспаған. Демек, еліміздің тұрғындары тиісті тегін медициналық жәрдемге қолдары жетпей отыр деген сөз.
Мәсімов мырза мен онің қарамағындағылардың салғырттығын сынға алған Владислав ақсақал Үкіметті отставкаға жіберуді ұсынды. Десе де, Косаревтің айтуынша, бүкіл министрлерді отставкаға жіберуге болмайды. Тек халық пен қоғам алдында өз абыройларын түсіріп алған (дискредиттелген) министрлер орынтақтарын босатулары тиіс.
Владислав Косарев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Менің ойымша Үкімет енді оянуы тиіс. Қазір сіз де, біз де мына халық та, мына қоғам да Мәсімов Үкіметінің мұнайға ғана телміріп, жан бағып отырғанын жақсы түсінеміз. Мемлекет қазынасы өзге арналар арқылы өзге мақсаттарға жұмсалып жатыр. Мемлекет ақшасы – халықтың игілігіне жұмсалуы тиіс еді ғой.
Естеріңізде болса, Қазақстандағы коммунистердің көсемі Владислав Косарев Мәсімов Үкіметінің қазақ жерін сату және жалға беру туралы бастамасына жалғыз өзі қарсылық білдірген болатын. Парламенттегі жұрт жүздерін жылы танитын көп қалаулы қылыс қалып, Астанадағы кабинеттерінің есіктерін тарс жауып, тым-тырыс жатқанда, дәл осы Владислав Косарев «Abai.kz» порталына арнайы сұхбат беріп, жерді сатуға болмайтынын айтып, араша сұраған еді.
ҚР Президентінің жарлығымен жерді сату мен жалға беру туралы бастаманы халыққа дұрыс насихаттай алмаған, дәлірек айтсақ өздеріне артылған міндеттерін атқара алмаған бірқатар шенеунік отставкаға кетіп жатқан кезде Косарев мырза сол министрлердің басшысының өзін отставкаға жіберуді Парламенттің бірлескен отырысында ашық айтыпты.
Естеріңзде болса, Қазақстандағы Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлағаннан кейін 25-наурыз күні, Парламенттегі креслоларға жайғасқан жап-жаңа депутаттар Кәрім Мәсімовке «премьерлік» тізгінін тапсыруға сенім білдірген болатын. Бірақ бұл шешім бір ауыздан қабылданбаған. Мәжілістегі 107 депутаттың 96-сы Мәсімовке сенетіндіктерін білдірсе, 4 депутат бұған қарсы болған. Тағы 7 депутат дауыс беруден қалыс қалып, Мәсімовке 100 пайыз сенуге болмайтынын білдірген еді.
Ал Президен Нұрсұлтан Әбішұлы осы мәселелерге қатысты «халыққа ұнамайтын заң керек жоқ бізген. Бірақ та түсіндіру керек»,-деп оң жағында отырған Мәсімовті емес, дөңгелек үстел үстінде Елбасынан сәл алыстау отырған бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаевқа жүктеген еді. Сондай-ақ, 26-сәуір күні Қазақстан халқы ассамблеясының кезекті отырысында сөз сөйлеген Елбасы – «шешім қабылдамас бұрын халықпен ақылдасу керек» деді.
Мемлекет басшысының осы сөздерін негізге ала отырып, жерді сату және жалға беру мәселесінде өзімбілемдікке салынған, халық пікірімен санаспастан шешім қабылдап, оны күштеп енгізбек болған Кәрім Мәсімов және оның қарамағындағыларды отставкаға жіберу керек деген депутат Владислав Косаревтің ұсынысына өзге әріптестері не дер екен?
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz