Батыстың қысымы бойынша мұнай бағасын қолдан төмендеттік - Сауытбек Әбдірахманов
2016 ж. 06 мамыр
2582
4
«Мәңгілік ел» ұлттық идеясын түсіндіру мақсатында ел аралауға шыққан депутат елдегі жағдайдың қиындап кеткенін айтты деп хабарлайды NUR.KZтілшісі.
САУЫТБЕК ӘБДІРАХМАНОВ. ФОТО: NUR.KZ
«Бізге тұрақтылық керек. Тұрақтылық дәл қазір қай кездегіден де қадірлі. Маған бүкіл жер шары шайқалып тұрғандай әсер етеді. Планета орнынан қозғалып, осы дүние сәл ауытқып тұрғандай. Расында да, адам таң қаларлық жағдайлар болып жатыр», - деді мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманов.
Мәжіліс депутаты көрші ел саясатының Қазақстанға да қауіп төндіріп тұрғандығын атады.
«Қазір көрші елдің басшысы өзімен туыстас, діндес, тілдес тұрмақ айдаладағы Сирияның көкпарын тартып жүр. Неге? Өйткені, үлкен стратегиялық мәселелер күн тәртібіне қойылып отыр. Өте қарапайым тілде айтатын болсақ, Сирия арқылы мұнай мен газ Еуропаға жеткізілетін болса, оны қолға алған жағдайда оншақты жылдың ішінде жүзеге асады. Ол жоба жүзеге асатын болса Батыс Еуропаның, Ресейдің мұнаймен газға тәуелділігі азаяды. Ол деген нақты тетіктен айрылу деген сөз»,- деді депутат.
Қиындықтардың күрделене түсетінін айтқан халық қалаулысы саяси жағдайға болжамдар жасады.
«Батыстың қысымы бойынша мұнай бағасын қолдан төмендеттік. 70-ші жылдардың басында импорт киімдердің қаптап кеткенін де көргенбіз. Қысқасы, осындай ірі- ірі саяси текетірестердің салдарынан біздің экономикамыз елеулі қиындыққа душар болып отыр»,-дейді Әбдірахманов.
Ол Қазақстанның жағдайын жалақысы едәуір төмендеп қалған отбасыға теңеді.
«Президент премьер-министр Мәсімовты қабылдаған кезде бюджет түсімінің төмендегінін айтты. Одан кейін ресми түрде айтыла бастады. Бюджетте түсім 40 пайызға азайды. Айтуға оңай. Қарапайым бір үйдің жағдайына келетін болсақ, 100 мың теңге алып жүрген адамның аяқ астынан 60 мың теңге алатынындай. Ондай кезде отбасы қандай күйге түседі? Қазақстанның қазіргі таңда бастан кешіп отырған қиындығы осындай жағдайда», -дейді ол.
Мәжіліс депутаты азық-түлік қауіпсіздігі сақталмаған Қазақстан еттің өзін шетелден алып жеп отырғанын қынжыла айтты.
«Бүгінде Қазақстанның аграрлық саласында елеулі проблемалар қордаланып қалды деуге болады. Ол үшін экономист не сарапшы болудың қажеті жоқ. Көкшетаудың, Созақтың, Астананың, Ақтөбенің кез келген азық-түлік дүкеніне кірсеңіз болды. Біздің елімізде азық-түлік қауіпсіздігінің қамтамасыз етілмегендігі көзге ұрып тұрады. Шекаралас Ақтөбе облысында ғана емес, іштегі Шымкенттегі де, Тараздағы да жағдай осы. Қазақстан осындай күйді бастан кешіруге тиіс ел ме? Қазақстан сырттан ет сатып алуға тиісті ел ме?»,- дейді Сауытбек Әбдірахманов.