Дулат ИСАБЕКОВ: «АҚ ЖОЛДЫ» ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ МЕН МӘДЕНИЕТІНІҢ ШЫНАЙЫ ЖАНАШЫРЫ ДЕП БІЛЕМІН
2016 ж. 01 наурыз
6287
17
МЕН "АҚ ЖОЛДЫ" ҚОЛДАЙМЫН!
Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы, драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:
«АҚ ЖОЛДЫ» ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ МЕН МӘДЕНИЕТІНІҢ ШЫНАЙЫ ЖАНАШЫРЫ ДЕП БІЛЕМІН
Кезектен тыс сайлау науқаны барысында алты бірдей партия бақ сынайтыны белгілі. Қазіргі таңда ел көлемінде үгіт-насихат жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бәйгеден қайсысының аты озып келетінін күнілгері бағамдауға да болатын секілді. Алдағы сында бірінші орынды «Нұр Отан» партиясы иеленетініне күмән жоқ. Ал қалған орындардың қай партияларға бұйыратыны әзірге жұмбақ. Көп ұйымдардың ішінде «Ақ жол» партиясына бүйрегім бұрады. Өйткені, партия мүшелері қазақтың әдебиеті мен мәдениетіне шынайы жанашырлық танытып келеді. Мәселен, кеше ғана, «Ақ жолдың» ұйымдастыруымен өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ел мен Ер» мүшәйрасы жоғары деңгейде өтті. Аталмыш жыр додасында кіл жүйріктерді анықтап, оларға қолдау көрсетуінің өзі аға буын өкілі ретінде менің де көңілімді бір серпілтіп тастады. Егер де партия тізім бойынша алдағы сында жоғары нәтиже көрсете білсе, болашақта да қазақ ұлтының әдебиеті мен мәдениетіне көптеп көңіл бөлетін фракция болады деген ойдамын. «Ақ жол» партиясы алдағы сайлауда халықтың үлкен қолдауын иеленетініне сенемін!
Сәбит ДОСАНОВ, жазушы, Мемлекеттік және М.Шолохов атындағы Халықаралық сыйлықтардың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ ҚОРҒАЙТЫН ҰЙЫМ
«Ақ жол» демократиялық партиясы – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сынды қазақ зиялыларының басын қосқан «Алаш» партиясының заңды жалғасы. «Ақ жолдың» өзгелерден ерекшелігі сол, ол – қазақтың ұлттық мүддесінің қорғаушысы. Шындығын айту керек, қоғамды нарық билеген бүгінгідей заманда қаржы-қаражат мәселесі алға шығып кетіп, Отанға деген патриоттық сезім екінші сатыға түсіп қалды. Бұл партия ұжымы осындай өліара шақта құлдыраған құндылықтарды қалпына келтіру жолында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Осылайша, халыққа қалтқысыз қызмет етудің арқасында «Ақ жол партиясы» «Нұр Отаннан» кейінгі белді партиялардың біріне айналды. Мен алдымыздағы Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі депутаттығына кезектен тыс өткізілетін сайлауда «Ақ жол» партиясын қолдаймын және сайлаушыларды да осыған шақырамын.Серік ТҰРҒЫНБЕКОВ, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:
«АҚ ЖОЛДЫ» ҚОЛДАУҒА ШАҚЫРАМЫН!
«Ақ жол» партиясы еліміздің әрбір аймағындағы филиалдарымен бірге қарапайым тұрғындардың мұң-мұқтажына көңіл бөліп, олардың көкейінде жүрген өзекті мәселелердің оң шешімін табуына ықпал етіп келеді. Мұның барлығы партияның республикалық деңгейде жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқандығын көрсетсе керек.
«Ақ жол» партиясының құрамында қоғамның жағдайына бей-жай қарай алмайтын азаматтар топтастырылығандығын айтуға тиіспіз. Елбасының бастамасымен орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту ісі қолға алынғаны белгілі. Осы игі істі жүзеге асыру жолында «Ақ жол» партиясы ауқымды істер атқарып келеді. Партия қатарының кәсіпкерлермен толыға түсуі бұл саладағы кездесетін кейбір түйткілдердің түйінін тарқатуға ықпал етті. Мен «Ақ жолды» еліміздің экономикалық хал-ахуалының жақсаруына, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің, яғни ел руханиятының дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан қоғамдық саяси ұйым деп білемін. Яғни, еліміздегі жан-жақты, әрі белді партиялардың бірі. «Ақ жолды» қолдау үшін өзім де алғашқылардың бірі болып дауыс беремін және соған сіздерді де шақырамын!
Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, тарих ғылымының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі:
ЕЛ РУХАНИЯТЫНЫҢ ЖАНАШЫРЫ
«Ақ жол» партиясы ел өмірімен қатар мемлекеттік маңызды шараларға да белсене араласып келеді. Мәселен, партияның ұйытқы болуымен былтырғы жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған бірқатар тындырымды тірліктер атқарылды. Яғни, Қазақстан тарихшылары қауымдастығы мен «Ақ жол» партиясы бірлесе отырып, «Қазақ хандығының 550 жылдығы» атты медаль шығарды. Сөйтіп, ел руханиятын дамытуға ықпал етіп жүрген зиялы қауым өкілдеріне салтанатты түрде табыстады. Мұның өзі ел тарихына деген тағзым деп білемін. Сондай-ақ, Алашқа қатысты атқарып жатқан ауқымды істерінің де жөні бөлек. Оның барлығы да осы уақытқа дейін жұрт назарында екені белгілі. Ендігі жерде, 2017 жылы Алаш қозғалысының 150 жылдығын жоғары дәрежеде атап өтуге күш салады деген ойдамын. Партия төрағасы Азат Пеуашевтың тікелей бастамасымен жүзеге асып жататын ілкімді істер алдағы уақытта да өз жалғасын таба беретініне сенімдімін. Бұл жолғы сайлауда да жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектестік білдіремін!
Дос Көшім, саясаттанушы:
НАҒЫЗ ЕЛ ҚАМҚОРЫ
Егер салыстырмалы түрде алатын болсақ, Қазақстан Парламентіндегі қызмет атқарған партиялардың ішінде «Ақ жолдың» орны бөлек деп есептеймін. Және, меніңше, бұл партияның мүмкіндігі де, болашағы да әлі алда. Қазіргідей жағдайда қандай да бір саяси партияның емін-еркін, нағыз демократиялық жолмен жұмыс істеуі қиын шаруа. Біз көбіне осы жағдайға көп мән бере қоймаймыз. Сондықтан, кейде «Ақ жол» өйтпеді, бүйтпеді деу де қисынсыздау көрінеді...
«Ақ жол» партиясының фракциясы дайындаған толықтырулар мен өзгерістердің кейбіріне, айталық, мемлекеттік тілді қолдануға қатысты мәселеге өзім де тікелей араластым, сонда бұл ұйымдағы азаматтардың нағыз ел жанашыры екенін аңдағанмын. Одан соң өздерін «Алаштың ізбасарларымыз» деп атаған партия Алаш мұрасын зерттеу мен оны халық арасына таратуға бірталай еңбек сіңіріп келеді. Дегенмен, осы бағыттағы істі әлі де болса жандандыра түссе деген тілек те жоқ емес.
Сұлтан Хан АҚҚҰЛЫ, белгілі алаштанушы ғалым, журналист:
«АҚ ЖОЛ» АЛАШ РУХЫН АСҚАҚТАТЫП КЕЛЕДІ
Л.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің «Алаш» ғылыми зерттеу институтының тізгінін қолға алғалы бері «Ақ жол» партиясымен ынтымақтастықта жұмыс істеп келе жатқан жайымыз бар. Партия елді толғандырған өзекті мәселелердің оң шешімін табуына ықпал етумен қатар, Алаш мұрасының ел арасында кеңінен насихатталуына барынша үлес қосуда. Оның бір дәлелі деп, «Ақ жол» партиясының ұйытқы болуымен жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты ұлттық байқауды айтуымызға болады. Байқаудың бірден бір ерекшелігі – жәй ғана республикалық дәрежеде емес, ұлттық деңгейге көтерілгендігі. Бұл өз кезегінде Алаш мұрасының тың деректермен толыға түсуіне мүмкіндік туғызып отыр.
Сонымен қатар, 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілгелі отырған Алаш көсемі – Әлихан Бөкейханның ұлы тойын туған елімізде де жоғары деңгейде өткізу қажеттігі туралы депутаттық сауалды да Үкіметке «Ақ жол» фракциясының депутаттары жолдаған-ды. Нәтижесінде, Алаш арысының тойын өз дәрежесінде атап өту үшін мемлекет тарапынан қажетті қаржы бөлінетін болды. Партияның келешекте де да осы бағытта атқаратын істері жандана түседі деген ойдамын. Ендеше алдағы сында сәттілік тілеймін!
Дайындаған: Гүлмира САДЫҚ
"Қазақ үні" газеті
Мақаланың жариялану ақысы "Ақ жол" партиясының сайлау қорынан төленді