Оқырман ойы - "Оңай" жүйесі тиімді ме, тиімсіз бе?
2016 ж. 15 ақпан
3966
0
Жуырда ғана Алматы қаласының тұрғындары "ОҢАЙ" атты бірегей көлік картасы жүйесіне көшкен болатын. Бұл жүйеге көшу Алматы қаласы жолаушылар мен жүк тасымалын дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша іске асырылды. Жобаның жалпы құны 12 миллион АҚШ долларын құрайды және оған кеткен қаражат мөлшері 7 жылдық мерзім ішінде өзін-өзі толық ақтайды деп күтілуде.
Әлемнің ірі қалаларында осыған ұқсас жүйелердің бұрыннан бері жұмыс істеп отырғанын атап өтуіміз керек. Мысалы, көршілес Ресейдің Мәскеу қаласында "Тройка" атты қоғамдық көлік карталары қолданыс табуда. Бұдан бөлек, Лондондағы "Qyster", Ыстамбұлдағы "IstanbulKart" және т.б. көптеген мысалдар келтіруге болады.
Билік басындағылардың аталған жүйені енгізудегі көздегені неде? Мұндағы басты мақсат осы саладағы қаржы айналымын көлеңкелі нарықтан шығару еді. Осы арқылы қала бюджетіне түсетін қаражат көлемін арттыруға мүмкіндік туатынына қала басшылығы сенімді. Алайда, тиынды теңгеге жалғап жүрген қарапайым халыққа бұл жүйенің енгізілуі тиімді ме? Ендігі ретте осы сұраққа тоқталайық.
"Оңай" картасының енгізілуі оңтүстік астанамыздың қоғамдық көлікпен қатынайтын халқын біршама міндетті әрекеттерден босатты. Енді валидаторға тиын салып, чекты сақтап әуре болмай-ақ бір мезетте жол жүру ақысын төлеуге мүмкіндік туды. Бұл карталардың қолданылу аясының барлық қоғамдық көлік түрлерін қамтуы аталған жүйенің сөзсіз артықшылықтарының бірі саналады. Студенттер мен зейнеткерлерге көрсетілген жеңілдіктер де жүйенің тиімді жақтарын ашып көрсетуде. Аталғандар енді қаламыздың қоғамдық көліктерінде 80 теңгенің орнына 40 теңге жолақы төлейтін болды. Дегенмен де, бұл жүйеге көшу оңтүстік шаһар халқының кейбірінің наразылығын тудырмай қоймады. Қала басшылығы бұл жүйені қанша жерден тиімді қылып көрсеткісі келгенімен, кейбір тұрғындарымыз үшін бұл жүйенің тиімді болмай отырғаны анық.
Біріншіден, "Оңай" картасына көшу бұған дейін бір айлық жол жүру билетін қолданып жүргендер үшін өте тиімсіз. Себебі, қоғамдық көлікке әр мінген сайын қалтаңыздағы картадан ақша шегеріліп отырады. Бұл әсіресе күніне көп мәрте қоғамдық көлікпен қатынайтын жолаушылар үшін тиімсіз болып отыр.
Екіншіден, қаладан шеткері аймақтарда тұратын және қаламызға қонақ болып келгендер үшін де бұл жүйенің тиімсіз екені белгілі. Тасымалдаушылардың қолма-қол төлеуді жоққа шығаруы қоғамдық көлікті пайдаланатын қала қонақтарына "Оңай" картасын сатып алуды міндеттейді. Бір үйден бірнеше адамның осындай картаны сатып алуы отбасылық бюджетке біршама шығын келтіргені түсінікті.
Үшіншіден, жергілікті билік үшін де қаржылық тиімсіздіктер орын алуда. Жүйені жарнамалау жұмыстары қарқынды жүргізіліп, көше бойындағы алып билбордттарға танымал эстрада жұлдыздарының атынан "Оңай" картасын пайдалануға шақырған үгіт материалдар насихатталуда. Аялдамалар мен қоғамдық көлік ішінде арнайы промоутерлер үнпарақтар таратып, жаңа жүйенің қыр-сырын жолаушыларға танытып жүр. Осы жұмыстардың барлығы тегін жүзеге асып жатпағаны кез-келгенімізге айдан анық.
Әрине, тиімді-тиімсіз жақтары толығымен сұрыпталмаған бұл жүйенің қоғамдық сұранысты қанағаттандыра алатынын немесе алмайтынын әлі айтуға болмайды. Біреулер бұл жүйенің қолданысқа енуін дұрыс деп санаса, енді біреулер қарсы пікірлерін айтып наразылық танытуда. Осы себепті, "Оңай" картасының авторларына бұл жүйені сақтап қалу оңай түспеуі мүмкін.
Мақала авторлары: Қалдаров Санжар, Жақсылық Орынбасар
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Халықаралық қатынастар факультеті
"Әлемдік экономика" мамандығының 1-курс студенттері;
Жетекшісі: Досыбаева Г.К. доцент