Назарбаев: Қазақ хандығының 550 жылдығы – бүкілхалықтық мереке

Тараз қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументті ашу рәсімінде елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды ұлық мерекемен құттықтады.

image120926

Фото: news.gazeta.kz

«Бүгінгі біздің бас қосып отырғанымыз баршаңызға мәлім, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы. Осы ұлық мерекемен барлығыңызды шын жүрегіммен құттықтаймын. Елордамыздан бастау алған, 2000 жылдық тарихы бар Тараз  қаласында жалғасып жатқан бұл мереке біздің халқымыз үшін, әсіресе, келер ұрпақ үшін өте керек еді. Біз бодандық кезеңінде жүріп, тәуелсіздік алмай жүрген кезде өз тарихынан ажырап қалған халықпыз. Біздің тарихымыз терең екенін жастарға көрсетпесек, біздің онда «Мәңгілік Ел» болу деген идеямыз орындалмайды», – деді елбасы.

Сондықтан да мемлекет басшысы осы жылдардың ішінде көне тарихымызды барлық жер-жерлерден іздестіріп, тауып, жинап, жазып, есімізге түсіріп келе жатқанымызды баса айтты.

«Біз кеше ғана бола қалған халық емеспіз. Сонау сақтардан, ғұндардан, түркі мемлекеттерінен, одан кейін Алтын Ордадан қалған. Керей мен Жәнібек  артына ел ертіп, Шудың жағасына ту көтерген кезде, қазақ деген сөз сол кезде шыққан болатын. Соны дүниежүзіне паш ету үшін, әсіресе, ұл-қыздарымыз, келе жатқан ұрпақ тарихымыздың терең екенін білсін деп осыны жасап отырмыз. Қазіргі қиын-қыстау заманға қарамай осындай үлкен кешен ашып, ескерткіш қойдық», – деді президент.

Сонымен бірге елбасы Қазақ хандығының 550 жылдығы бұл бүкіл халықтық мереке екенін де атап өтті.

«Қазақ хандығының 550 жылдығы  бұл бүкіл халықтық мереке. Мерейтойлық шараға ежелгі қаланы жаңғыртып, келбетін тағы да бір өзгерттік. Тараздың 2000 жылдығын атап өтеміз деп бір жаңартқан болатынбыз. Енді 550 жылдыққа байланысты Тараз қаласының іші де, сырты да абаттанып, әдемі болды. Қазақстанның барлық облыстары атсалысты. Оларға зор рахметімізді айтайық», – деді елбасы.

Президенттің атап өтуінше, осының барлығы біздің ұрпақтың ата-бабалардың аманатына адалдығымызды, Ұлы дала рухына тағзымымызды білдіреді.

«Осы тойға 17 мемлекеттен арнайы келген барлық ағайынға рахметімізді айтамыз. Қазақ хандығының 550 жылдығы қазақтың тарих қойнауынан бері қарай өсіп-өркендеп келе жатқан ел екендігін, ұлт екенін көрсетеді. Еліміздің ұлы тарихын әлемге танытып жатырмыз», – деді Назарбаев.

Дереккөз: ИА "Казинформ"