Тоқаев: Барлық азаматтарымызды вакцина салдыруға шақырамын
2021 ж. 01 сәуір
1608
0
Мемлекет басшысы еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қалыптасқан күрделі эпидемиялық ахуал жайында айтты. Жағдай бүкіл қоғамды алаңдатып отыр. Атқарушы органдардың жұмысына азаматтарымыздың көңілі толмайды.
«Жалпы алғанда қазіргі жағдайымыз жақсы емес. Тіпті ахуал өте күрделі деп айтуға болады. Коронавирус індеті қайта өршіп келеді. Мұны Қазақстан ғана емес, көптеген елдер бастан өткеруде. Нақты деректерге қарасақ, оның негізгі себебі вирустың мутацияланған жаңа штамдары болып отыр. Оған қоса, азаматтарымыз және бизнес өкілдері індеттен әбден қажып, соның салдарынан сақтық шараларына салғырт қарай бастады. Бұл, әрине, жағдайды одан бетер ушықтыруда», – деді Президент.
Мемлекет басшысы коронавируспен күресудің бірден-бір әрі сенімді жолы вакцина салу екенін атап өтті. Мұны локдауннан шығу жолын ертерек ойластырған елдердің тәжірибесі дәлелдеді. Бүгінде олардың экономикасы мен азаматтары күнделікті өмірде пандемияның зардабын тартып отырған жоқ. Израиль мен Біріккен Араб Әмірліктерінде, вакцина салдырудан көш басындағы елдерде туризм, сауда, мейрамханалар желісі, шағын және орта бизнес секілді пандемия алғашқылардың бірі болып шарпитын салалардың жұмысы қайта жанданған. COVID-19 індетімен күресте Қытай Халық Республикасы айтарлықтай жетістіктерге жетті. Пандемия қаупіне шұғыл әрекет ете білу мен жұмыла жұмыс істеу қабілеті Қытайдың індетке қарсы тиімді күресуіне мүмкіндік берді.
«Қытай әлемде алғашқылардың бірі болып коронавирустың жаппай таралуын ауыздықтай алды. Сөйтіп ауру жұқтырғандардың санын азайтты. Экономиканың қайта қалпына келуін қамтамасыз етті. Қытайдың үлгісімен Азияның Жапония, Оңтүстік Корея, Вьетнам және Сингапур сияқты елдері де пандемияға қарсы нақты іс-қимылдар жасады. Сондықтан бізге пандемияға қарсы күресте және вакцина салу кезінде Қытайдың осы ұтымды тәжірибесін ескерген жөн. Жалпы Қытай Қазақстанның ұзақмерзімді стратегиялық серіктесі. Әлемнің екінші экономикасы болып саналатын бұл елмен ынтымақтастық біз үшін пайдалы әрі мемлекетіміздің ұлттық мүддесіне сай келетінін түсінуіміз керек», – деді Президент.
Бүгінгі таңда елімізде 47 мыңдай адам ғана иммунитет қалыптастырудың толық курсынан өтті. 137 346 адам бірінші компонентті енді ектірген. Жағдайдың бұлай болу себебі – вакцинаның жетіспеушілігі.
«Вакцина сатып алу үшін алдын ала келісімшарт жасау жөнінде былтырғы маусым айынан бері бірнеше рет тапсырма бердім. Осы уақытқа дейін Үкімет «Спутник V» вакцинасы мен отандық екпе өндірісі бойынша уағдаластықтар еліміздегі вакцинацияны толық қамтиды деп сендіріп келді. Осы ақпараттың негізінде Парламент Мәжілісінің жаңа құрамына арнаған үндеуімде 1 ақпаннан бастап жаппай вакцина салынатынын айттым. Өткен екі айда халықтың 0,1 пайызына жетпейтін бөлігіне ғана екпе егілген. Маған енді өзге мемлекеттердің басшыларымен қосымша вакцина алу жөнінде келісім жасауға тура келеді. Бұдан бөлек біз тапсырысты жедел жеткізу үшін коммерциялық және қаржылық тұрғыдан тиімсіз шарттарға келісуге мәжбүр боламыз», – деді вакцина сатып алу барысын сынаған Қасым-Жомарт Тоқаев.
Вакцина сатып алу проблемасынан бөлек, оны жеткізу, сақтау, тікелей екпе салу мәселесі де шешілген жоқ. Вакцинаны өңірлерге тасымалдау көлемінің ұлғаюына байланысты емханалардағы қоймалар мен мұздатқыш құрылғылардың жетіспеуі мүмкін. Сондай-ақ вакцина көлемінің өсуін ескере отырып, шприцтер қажетті мөлшерде сатып алынбаған деген мәлімет бар.
«Вакцинация ісін созбалаңға салу – жәй ғана проблема салу емес, мемлекеттік маңызы бар міндет. Әңгіме еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне қатысты болып отыр. Бұл азаматтарымыздың арасында дертке шалдығушылар мен өлім жағдайының көбеюі деген сөз. Бұл – бизнес кірісінің азаюы, бюджетке салықтың толық түспеуі, жалпы ұлттық байлығымыздың төмендеуі. Сондықтан бұл жұмыс төңірегіндегі бақылау өте қатал болуы керек. Алексей Владимирович, дәл осы уақыт аралығында Денсаулық сақтау министрі Үкіметтегі ең негізгі тұлға екенін бұған дейін сізге айтқан болатынмын. Сіздің ерекше құзыретіңіз бар. Жұмысыңызды тәп-тәуір бастап едіңіз. Бірақ кейін қарқыныңыз айтарлықтай бәсеңдеп қалды. Сәуір айында жағдайды күрт өзгертуіңіз керек. Өйтпеген жағдайда кадрлық шешімдер қабылданады. Ал оған сіз қуана қоясыз деп ойламаймын. Бұл тек Денсаулық сақтау министріне ғана емес, тұтас Үкіметке қатысты мәселе», – деді Мемлекет басшысы.
Тұрғындардың індетке қарсы иммунитетін көтеру жұмысы тиімді ақпараттық-түсіндіру шараларымен қатар жүруі керек. Осы маңызды жұмысқа кәсіби мамандарды, жаппай екпе салуды қолдайтын белсенді азаматтарды тартқан жөн. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытта отандық бизнестің ұстанымы өте маңызды деп санайды. Қызметкерлермен және олардың отбасы мүшелерімен түсіндіру жұмысын жүргізу қажет.
«Мен барлық азаматтарымызды вакцина салдыруға шақырамын. Бұл өзіңізді, ата-аналарыңыз бен жақындарыңызды қорғау үшін қажет. Әрі-беріден соң, бұл біздің азаматтық парызымыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, бір жылдық пандемия кезінде жинаған тәжірибе мен қолдағы құрал-жабдықтардың арқасында қазіргі қалыптасқан жағдайдан шектеу шараларын қатаңдатпай, экономикаға аса көп салмақ салмай шыға аламыз. Алайда негізгі жұмыс әртүрлі секторлардың қызметін шектеп, мониторингтік топтардың рейдтері мен айыппұл салуға бағытталып отыр.
«Бір ғана Алматы қаласының өзінде 250 мың адам жұмыс істейтін 50 мың кәсіпорын шектеу шараларының шеңберінде қалып қойған. Шектеу шаралары мен рейдтер біз күткен нәтижеге жеткізіп отырған жоқ. Қайта әлеуметтік наразылыққа себеп болып тұр. Мониторингтік топтың жұмысы бизнесмендер тарапынан сынға ұшырап жатыр. Тексеру топтары өз жұмыстарын алалап, күмәнді жағдайда атқаратыны айтылады. Кей нысандар тексеруден көз ашпаса, ал кейбірінде тексеру мүлде болмайды екен. Жүйелі түрде, қасақана тәртіп бұзатын адамдарды ғана жазалау керек», – деді Президент.
Президенттің пікірінше, прокуратураның жанынан рейдтер барысында орын алатын заң бұзушылық фактілері бойынша шағымдарды қабылдайтын колл-орталық ашу керек. Ведомствоаралық комиссия әкімдермен бірлесе отырып, мониторинг жүргізетін топтардың жұмысын реттеуі тиіс.
Өткен жылы шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында дағдарысқа қарсы бірқатар бұрын-соңды болмаған шаралар қабылданды. Олардың қатарында салық жүктемесін азайту, жеңілдікпен несие беру және қолдаудың басқа да түрлері бар. Сонымен қатар бизнестің кейбір түрлері әлі де карантинге байланысты шектеуде қалып отыр.
«Үкімет келесі мәселелерді жедел пысықтауы керек. Бірінші, зардап шеккен салалардағы шағын және орта бизнес нысандары үшін салықтың жекелеген түрлерін және төлемдердің мерзімін шегеру. Екінші, салық және кеден қарыздарын мәжбүрлеп өтеуді уақытша тоқтату. Аталған шаралар жаппай вакцина салу басталғанға және шектеулердің басым бөлігі тоқтатылғанға дейін жалғасуы тиіс. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне, Ұлттық банкке экономиканың зардап шеккен секторындағы шағын және орта бизнестің несиелері бойынша төлемдерді шегеру мүмкіндігін қарастыруды тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, Үкімет жаппай вакцина салу арқылы пандемия жағдайын сәуір айында жақсарта алса, мамырдың басынан бастап шағын және орта бизнес нысандарының жұмысына қойылған шектеулерді біртіндеп алып тастауға болады. Көп нәрсе тұрғындарға, соның ішінде, шағын және орта бизнес саласында еңбек ететін азаматтарға вакцина салудың қаншалықты сәтті өтетініне байланысты болмақ.
Цифрлық шешімдерді жедел қолдану карантин жағдайындағы шектеулер кезінде халықтың қарым-қатынасын реттеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте, ASHYQ жобасының аясын ұлғайту бизнестің ғана міндеті емес. Үкіметке жүйені кеңейтуді және белсенді енгізуді қамтамасыз ету қажет. Цифрлық шешімнің тағы бір түрі ретінде бизнес объектілердегі азаматтардың көп шоғырлануын анықтауға мүмкіндік беретін, мобильді операторлардың мәліметтері негізінде қызмет ететін «жылу карталарын» енгізуді пысықтау тапсырылды.
«Мен елімізге мутацияланған штамдардың кірмеуі үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырған едім. Елімізге келетін азаматтардан ПТР-тесттің теріс нәтижесі қатаң түрде талап етілуі тиіс болатын. Алайда бұл тапсырмалар орындалған жоқ. Ақпан айынан бері ПТР зерттеулерінің қорытындысын алмаған әуе жолаушыларының саны екі есеге көбейген. 2020 жылдың қараша айында Қазақстанға келген ПТР анықтамасы жоқ азаматтардың үлесі 7,3 пайыз болса, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 27 пайызға жетті! Нәтижесінде елімізде жұғу қаупі өте жоғары мутацияға ұшыраған үш бірдей штам расталды», – деді Президент.
Қазіргі уақытта дертке шалдыққан адамдардың саны күн санап өсіп барады. Сондай-ақ ауыр және аса ауыр жағдайдағы науқастардың саны да көбейген. Бұдан бөлек өлім жағдайлары да артқан. Сонымен қатар дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдар мен жабдықтар жетіспейді. Жан сақтау бөлімдері 64 пайызға ғана жабдықталған.
«Денсаулық сақтау саласына шектен тыс күш түсу қаупі бар. Оның алғашқы әсерін сезініп те үлгердік. Үкіметке және өңір әкімдеріне жан сақтау бөлімшелерін жабдықтау бойынша шараларды қабылдауды және оған бас дәрігерлер мен әкім орынбасарларын жауапты ретінде бекітуді тапсырамын. Былтырғыдай жабдықтар мен дәрі-дәрмектерді басқа стационарлардан алу жағдайларына жол бермеу қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Жұғу қаупі жоғары штамдар анықталғаныннан кейін жеке қорғаныш заттарымен қамтамасыз ету мәселесі де өзекті бола түсті. Ең біріншіден, медицина қызметкерлерінің өздерін қорғау қажет. Жекелеген аймақтарда сатып алынатын жеке қорғаныш заттарының тапшылығы немесе сапасыздығы байқалады.
«Біз «СҚ-Фармация» басшылығын ауыстырдық. Бұл – жаңа басшылықтың басқарушылық мүмкіндіктері көрінетін сәт. Болмаса, қызметінен босатылады. Денсаулық сақтау министрлігіне медицина қызметкерлеріне арналған жеке қорғаныш заттарының сапалы болуын және жеткілікті көлемін қамтамасыз етуді қатаң бақылауға алуды тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Жамбыл облысының әкімінен қазақстандық вакцина шығаратын зауыттың пайдалануға берілу мерзімі туралы сұрап, кәсіпорынға өзі баратынын айтты.
«Вакцина құю желісі 2021 жылдың тамыз-қыркүйек айларында іске қосылады. Зауыт осы кезден бастап вакцина шығара бастайды», – деді Бердібек Сапарбаев.
Президент жиын соңында Қазақстан халқын вакцина салу мәселесіне жауапкершілікпен қарап, түрлі қауесеттерге сенбеуге шақырды. Барша қазақстандықтардың денсаулығы және материалдық игілігі жаппай вакцина салдырудың сәтті өтуіне байланысты болмақ.
Жиында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев сөз сөйледі.