ОРЫСША БІЛМЕЙТІНІН АЛҒАШ МАҚТАНЫШ ЕТКЕН АРДА ҚАЗАҚ
2020 ж. 03 қыркүйек
4734
1
Парламент тарихындағы тұңғыш қазақша заң жобасының авторы Әкім Ысқақ алпыста!
Бүгін қазақ қайраткері һәм қаламгері Әкім Ысқақ досым асқаралы Алпыс жасқа толып отыр екен, құтты болсын айтамыз.
Біз білгенде Әкім Ысқақ әйгілі сатира сардары Көпен Әмірбек көкесінен кейінгі екінші орынға ен салып қойған ерекше жалынды сықақшы еді. (Ол кезде шоқтығы биік Шона Смаханұлы өмірден өтіп кеткен болуы керек, әйпесе Көпен көкесі екеуінің рет сандары бір саты төмендеп тұрар еді).
Екеуміз де әдебиетке өзге мамандықтан келіп қосылдық. Ол физик, мен суретші едім... Менің есімде қалғаны, осыдан 35 жыл бұрын ғой деймін, шамасы, Ордабасы ауданындағы Абай мектебінің физика пәнінің мұғалімі Әкім Ысқақ Шардара ауданы Қызылқұм ауылындағы мектептің сурет пәнінің мұғалімі Қазыбек Исаны мектебіне кездесуге шақырды. Суретші деп емес, ақын деп. Мен қасыма Байырқұмның баласы ( бұл теңеуді алғаным үшін Байырқұмның тұңғыш мүсіншісі Тілен Бинашев жездем өкпелемейтін шығар), сақалы қауғадай (салафиттерге қатысы жоқ, ол кезде ондай атауды есітпегенбіз де) Елтай суретшіні ертіп алып барған едім...
Бұрын студент кезімізде жас ақындар құрамында талай кездесулерге болғанбыз. Бірақ бұл менің өмірімдегі тұңғыш әдеби шығармашылық кездесу еді.
Кейін 1985 жылы болуы керек, сол кезде дүрілдеп тұрған республикалық жас ақын-жазушылар кеңесінде ел ықыласына бөленген екеуміз Алматыға бірге келдік. Сатириктер сақадай сай пысық қой, Әкім маған "Шардараның балығын алып шық" деген соң біраз балықты сала салғанмын. Оо кезде Алматыдағы қонақүйлерде орын жоқ, күйіп тұрған кезі. Әкім "Қазақстан" қонақүйінің"бір айға дейін ешқандай орын жоқ" деген кассиріне "Социалистік Қазақстан" газетіне оралған Шардараның сары сазанын ұстата қойды... 25 қабатты қонақүйдің төбесінен Алматыға масаттана қарап жаттық екеуміз.
Биыл жемісті жетпіске жетіп жатқан қазақ сатирасының сардары, көрнекті қаламгер Көпен Әмірбек көкемізбен танысуға себеп болған да сол кезде Әкім Ысқақ еді.
Көпекеңнің «Нива» мәшинесі бар екен. Жазушылар одағынан шығып, сол мәшинеге мініп, Әуезов-Тимириязев көшелері қиылысындағы Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіндегі мейрамханаға келіп отырғанбыз. Көпекеңнің тек алдыңғы екі есігі ғана ашылатын көлігіне мініп-түсіп жатқанымызда ағамыз: "Әйгілі сатирик Садықбек Адамбеков көкем осы мәшинеме бір мінгенде: » мынауың құйрықтан бір теуіп мінгізіп, сақалыңнан сүйреп түсіретін көлік екен» деді деп, бәрімізді бір күлдіріп алған еді...
Әкім кейін елдің қолдауымен Парламент депутаты болды. Парламенттің 30 жылдығында тұңғыш қазақша заңды Әкім Ысқақ жасады. Жанында қандастарымыз ақын Алмас Ахметбек бастаған командасы жақсы жұмыс істеді.
Әкім Ысқақтың Үкіметтің шикі заң жобасына балама ретінде ұсынған заң жобасы Мәжілісте қаралмас бұрын «Егемен Қазақстан» газеті арқылы бүкілхалықтық талқылауға ұсынылды. Одан кейін 1997 жылдың 2 сәуірі күні Президент жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңесте қаралды. Оған Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбай жетекшілік етті.
"Өте қызу талқылау болғаны есімде. Кенес мүшелерінің барлығы дерлік мен ұсынған балама жобаны қолдап, Мәжіліске кеңес хаттамасын ұсынды. Әсіресе соңғы талқылауда заңгер-академик Салық Зиманов өте белсенділік танытты. Онымен қоймай Мәжіліс төрағасына өз атынан ресми хат жолдап, менің жобамның қабылдануын сұрады. Хатында: «Үкімет ұсынған заң шикі әрі құқықтық мәртебесі өте төмен, заман талабына сай емес» деп көрсеткен.
Сол талқылауда Герольд Бельгер ағамыз Үкімет ұсынған жобаны сынға алды. Сондағы айтқаны, бұл заң өмірден алынбаған, шешуші рөл атқара алмайды, заңның тал бойынан қазақ ұлтына қатысты жақсылықтарды көре алмай тұрмын, деді. Сонымен қатар академик Манаш Қозыбаев: «Депутат Әкім Ысқақтың балама заң жобасының мәртебесі биік екені сөзсіз...», деп мені қолдап Мәжіліс Төрағасына хат жолдады. Іле-шала жазушылар атынан Н.Оразалин, С.Оразалин, М.Мағауин, Қ.Жұмаділов, Ә.Тарази, Қ.Ысқақ, Қ.Тұрсынқұлов, Т.Медетбек бастаған бір топ азамат қол қойып, менің жобамды қуаттаған хаттары Мәжіліс пен Сенат төрағаларының атына келіп түсті. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің мүшелері К.Сағадиев, Н.Мамыров, А.Гаркавец, П.Сәбитова да мені қолдап үндеу тастады.
Бұдан мынадай қорытынды жасауға болады. Қазақ зиялылары қазақтардың байырғы Отанына оралуына мүдделі. Демек мемлекеттік тілдегі заң жобасы көкейлерінен шыққан. Сол себепті зиялы қауымның қолдауына ие болдым"-деп жазады 20 жылдан кейін Әкім Ысқақтың өзі.
Масқара болғанда, Қазақ Парламентінің 30 жылдығында қазақша заң екеу ғана. Екіншісін, "Отбасы туралы заңды" отты ақын Фариза Оңғарсынова жасаған. Парламентте қазақша заң болуы үшін қаптап кеткен, мемлекттік тілде заң жазбақ түгілі өз атын да, атасының атын ("ова", "овна", "ович") тіпті жаза алмайтындардың орнына қазақ қаламгер-қайраткерлері бару керек екенін осыдан-ақ анық аңғарамыз.
Әрине, Әкімнің қазақша заң жазуына парламенттегі орысқұлдар қарсы шықты, ең болмаса баяндамаңды "орысша жаса" деп талап қойды. Әкім олардың бәрінің маңдайларынан салып жібергендей сілейтіп жауап берді: "Мен орысша білмеймін" деп. "Орысша білмеймін" деу ол кезде біздің орысқұлдар үшін отанын сатумен бірдей еді. Ол кезде ғана емес, Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл болса да, екі президент көрсек те (құдайға шүкір, екінші президентті көрмей өтеміз бе деп уайымдап жүруші едік), әлі де солай! "Ресей тілінің Конституцияға не қатысы бар, алып тастап, мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек" деген "Қазақ үні" сайтындағы Ашық хатқа 123 мыңнан астам қол қойылғанында шаруасы жол олардың... Мен осы талапты Ұлттық Кеңестің бірінші отырысында көтергенде Президент Тоқаев жақсы қабылдаса да, Ұлттық кеңестегі мүшелердің біразы және қатысып отырған Үкімет мүшелері мен әкімдер бомба түскендей өліп кете жаздады. Менің сөзімнен ілік іздеп, ештеңе таппағасын, мемлекеттік тіл туралы мемлекет басшысының "Ең бастысы -Қазақ тілі болуы тиіс", "Қазақ тілі ұлтаралық қатынастар тілі болуы керек" деген, шет тілін (орыс тілі де қосылуы керек шет тіліне) балабақшадан алып тастап, мектепте бастауыштан кейін оқыту туралы және рухымызды көтеретін "Алтын Орда-Жошы хан -Ұлытау" бастамасы үшін президентке алғыс айтқанымды "жағымпаздық" деп жазғырудан басқа жол таппады. Осындай рухты сөзді мемлекет басшысының аузынан күткенімізге отыз жыл болған жоқ па,қалай риза болмайсың? (Іске асуы басқа тақырып). Мені кінәлап отырғандардың өздері күні кеше бұрынғы да, кейінгі де президенттер туралы ода жазып, тіпті кітап та шығарғандарымен шаруасы жоқ...
Иә, солай, Кеңес Одағы империясының құлдығынан құтылмаған кезде (әлі де құтылған жоқпыз) бірінші рет "МЕН ОРЫСША БІЛМЕЙМІН!"-деп 1997 жылы Парламент мінберінен мәлімдеген ордалы Оңтүстіктің Ордабасы ауданынан шыққан Әкім Ысқақ болды...
Осы кезде айта кету керек, осындай ерлікті осыдан жиырма жылдан кейін Бас прокурордың кеңесшісі болып жүргенде Нұргүл Қарағойшина Орталық коммуникациялық қызметінде (не деген қиын атау - "Бас Баспасөз орталығы" десе жетпей ме?), жасады. Ол журналистердің Ресей тіліндегі сұрақтарына Қазақ тілінде жауап берді! Сол үшін сол жылы "Қазақ үні" ұлттық порталының дәстүрлі "ЖЫЛ АДАМЫ" таңдауына басым дауыспен ие болды.
Одан соң былтыр 2019 жылы Маңғыстау облысы әкімі Серікбай Тұрымов та Астанадағы Бас баспасөз орталығында Ресей тіліндегі сұрақтарға Қазақ тілінде жауап берді! "Маған Мемлекеттік тілде - Қазақ тілінде жауап беру ыңғайлы" деп қасқайып тұрған қасқа қазаққа ел қатты риза болды!
Әкімнің бір әттеген-айы депутат болғасын сатираны "құрбан етуі" болды... "Неге олай сатираны тастап кеттің? Мықты едің ғой?" дегенімде: "Депутат болғасын сықақ жазып, сайқымазақ болып жүргенім жеңілтектік секілді, салмақты болып, азаматтық тақырыпқа ауыстым" деп ресми мәлімдеме жасады.
Біз Әкімнің алпыс жасын наурыз айында бастап кеткенбіз. Сол кезде менің "1995 жылы Әкім Ысқақ деген қайраткер пайда болды да, бірақ Әкім Ысқақ деген дарынды сатирик өлді" деп, әзіл-шыны аралас әңгіме айтқанымда Көпен көкем "Әкімнің сатирасы өлген жоқ, реанимацияда жатыр" деп үмітімізді қайта оятты.
Сол жиында мен:
«Әбеке, құтты болсын алпысыңыз,
Жалғандықпен әрқашан тартысыңыз,
Жақсылыққа арналсын бар күшіңіз
Құтты болсын Әбеке, алпысыңыз.
Сенім артып өзіңдей туған ұлдан,
Сергиді елің әр жиын, думаныңнан.
Әкім болу әркімге мақсат болса,
Әкімсің сен досым-ау туғаныңнан.
Жүргеннен соң жүрекке жақын ұстап,
Жүреді ылғи жастар да атын ұстап.
Алла қолдап, жұлдызың жарқырасын,
Жаза бергін, жасай бер Әкім Ысқақ!» –
деп суырып салып жыр оқып едім.
Әкімді алғаш сатирик ретінде танығасын, қалжыңдағымыз да келіп тұрады. Әкімнің құрдасы, Көпеннің інісі, өзі де сақа сатирик Базарбек Түкібай да биыл алпысқа толды. Соған арнаған "Базарбек пен костюм" деген өлеңімді жариялау үшін рұқсат сұрайын десем, (бұрын 50 жасында жариялағанымда "жеңгең ұрсып жатыр" деп алғызып тастаған) соны сезген және үйіндегі Қарлығаш жеңгейден қорыққан болуы керек, телефонымды алмады...
Енді Әкімге де ескертпей, (Ұлжан жеңгей ешкімге ешқашан ұрыспайды) кезінде өзінің кітабына кіргізген, 1998 жылы жазған "Әмбебап Әкім" атты өлеңімді қайта жариялап отырмын.
Жүзің жарқын Жүзге жете бер Әкім дос! Алла жар болып, Жұлдызың жарқырай берсін!
ӘМБЕБАП ӘКІМ
Мәжіліскер hәм іскер, сатирик және лирик, сазгер, заңгер, әрі физик Әкім Ысқаққа
Сықақтың тартса садағын,
Салады ел және сазды әнін.
Бал менен уын араның,
Сіңірген бірдей маздағым.
Жазады ойға батыра
Физули сынды ғазалды…
Физиктің махаббатына
Шалынған қыздар гөзал-ды…
Қосжанның қосын көтеріп,
Достардың көшін демеген.
Өжет бір кетпес еті өліп,
Сөзі өткір тіпті жебеден…
Ел ынтық ерек қалпыңа,
Әмбебап Әкім атандың.
Қалаулы болып халқыңа
Бата алдың – Жолға бет алдың.
Жұлдыздай, досым, жарқыра
Басы бұл ұлы сапардың.
Үзеңгі арттың үмітке
Асу көп алда әлі асар…
Ордабысылық жігітке
Ордада жүрген жарасар!
1998 жыл
Қазыбек ИСА
"Қазақ үні"