КӨК ТУ КӨП ТУ ЕМЕС!
2020 ж. 26 сәуір
1923
0
Сондықтан Елдің де, Тілдің де қасиеті Көк туы көкке биіктей берсін!
Ержан Әділ бауырым, сенің сұрақтарыңа Тілді қолдау Ашық хаты майданында жүріп, дер кезінде жауап бере алмай қалып едім, айып етпессің, енді сәті түсті.
Алдымен Серікжан Біләштың Көк туға байланысты сөзін ақтаған адвокаттығыңа келетін болсақ, менің Серікжанды алғаш қолдағандардың бірі екенім жазбамда жазылды. Сондықтан да мен еліміздің 17 зиялысы жазған Ашық хатқа қол қоймағанымды бұрын да айтқанмын. Енді оны бірінші кластың ақпақұлағына айтқандай қайта ежелей бермей-ақ қояйын.
Мен бұл жерде Ұлтшыл бауырым, ақты ақ, қараны қара деп турасын айтатын Марғұлан Боранбайдың "Серікжан Біләштың Көк туымызды "көк дамбалға" теңеуі мен Қытайдағы ұйғырларды Қазақстанға әкелуді қолдауына қалай қарайсыздар?" деп, төтеден қойған тіке сауалына жауап берушілердің екі түріне талдау жасадым.
Серікжанның қателескенін білсе де, дос ретінде кінәсін айта алмағандарды жау немесе өз ойы жоқ құлдар деп екіге бөлдім. Олай деуімнің негізі бар екенін сонда да көзсіз ақтап жатқандарға қарап-ақ қазір де көзім жетіп отыр.
Мен сөзімнің басын "Ауыздан шыққан сөз көңілдегі ойдың көрінісі бодады" деп бастаған болатынмын, сен соған көңіл аударсаң...
Мысалы, сен тілді қорғаушы ұлтшыл бауырларымыздың бірісің. Әр ісіңе риза болып, қолдап, бөлісіп, сайтымызда да жариялап келе жатырмыз. Ал сенің менің сөзімнің байыбына бармай, бас салып Серікжанды ақтай жөнеліп, "Жалпы ақылы сау адам түпкі ниет пен ауыздан ойламсыз шығып кеткен кезбе сөзді ажырата білу керек" дегеніңе қарағанда, ертең сен де "түпкі ниетің "Тілді қорғау керек" деп жүріп, қанша қателессең де: "Тілді қорлау керек" деп, 180 градусқа айналып кетіп, қарсы шығып, "кезбе сөз аузыңнан шығып кете ме"? Солай айтуың мүмкін бе? Тіпті кеңкелес болып, есіңнен адасып қалатын болмасаң, олай Айтпайсың! Өйткені сендегі "түпкі ниет" ондайға - "Тілді қорлау керек!"деуге жібермейді.
Сол секілді Серікжанның түпкі ниеті дұрыс болса, Қазақтың қасиетті Көк туын "көк дамбалға" теңемеуі керек еді?!. Сен ақтағандай "ауыздан ойламсыз шығып кеткен кезбе сөз" болса, өзіне келгесін кешірім сұрауы керек еді...
Енді екінші сөзіңе келейік! "Мысалы, сіз мемлекеттік тілді қолдау туралы ашық хатқа халықтық қолдау жинау арқылы елдің ықыласына бөлендіңіз. Көп істің басында жүрсіз. Бірақ ватсап топтарында сіздің "Қазақ газеттерінің арасында рейтинг бойынша біздің "Қазақ үні" газетінің алдына түсіп тұрған газет жоқ" деп масайраған сөзіңіз тарап жүр. Орыс газеттерінен арттасыз..Жалпы бұл не мақтан?"-деп кінә артасың.
Біріншіден , өзің "көп істің басында жүрсіз" дегеніңдей, мен Ұлттық мүддені қорғауда қолыма қалам алғалы қал-қадерімше қайрат көрсетіп келемін. Өзің "мемлекеттік тілді қолдау туралы ашық хатқа халықтық қолдау жинау арқылы елдің ықыласына бөлендіңіз"-дегеніңдей, мемлекеттік тіл үшін күресіміз бір бұл емес, 20 жылдай болды. 2004 жылы Парламенттегі қазақ тіліне қарсы депутаттарды әшкерелеуіміз сең қозғаған сенсациялық оқиғаға айналған. 2011 жылы да Конституциядан орыс тілін алып тастап, Мемлекеттік тіл заңын қабылдауды талап еткен әйгілі 138-дің хатын жариялағанбыз. Мұқаңның өзі бастап, 5 мыңдай адам жиналған митингі ұйымдастырғанбыз. Ондағы сөзім нің видеосын жүздеген сайт (Ресейді Кеден комитеті сайты да бар) көшіріп басқан.
Бүгінгі 100 мыңнан асып кеткен Тілді қолдау хаты 2017 жылы 118 Ұлт зиялысы бастап қол қойған хат! Ал 9-ыншы сәуір күні менің бұл хатты қайта жариялауым - бір күнде 10 мыңнан аса қол қойылуы Қазақ тілі мәселесінің пісіп-жетіліп, күні туып тұрғанын көрсетті
Ал ""Қазақ газеттерінің арасында рейтинг бойынша біздің "Қазақ үні" газетінің алдына түсіп тұрған газет жоқ" деп жазу, осы қол қойып жатқан елдің еңбегін көрсетіп, рухын көтеру бауырым! Сен тар ойлағандай, ешқандай масайрау емес! Әйтпесе рейтингіміз 19-шы орын емес, 9-11-ші орындарда да болғанбыз талай рет! Осы 19-шы орынның өзінде тек қазақ газеттері сайты емес, орыс газеттері сайтының да алдына шығып кеттік. Сен жалған айтқандай, "Орыс газеттерінен арттассыз" деп жалған айтқаныңдай емес. Сол рейтингте скриншотта орыстілді әйгілі "Время", "Караван" газеттерінің бізден кейін тұрғанын көріп тұрып, қалай бұлай айтып отырсың?!. Мақсатың Серікжанды қайтсең де ақтау үшін әйтеуір бір себеп тауып, өзің секілді Қазақ тілі үшін күресіп жүрген Қазыбек ағаң мен "Қазақ үнін" бір тұқыртып қалу ма, түсінбедім бауырым?!.
Бұл жерде біз масайрасақ, енді саған жауап кезінде айтып отырғандай, 8,5 мың сайт тіркелген Зеро рейтинг каталогында "Қазақ, орыс, неміс, ағылшын, өзбек, тб газеттерінен алдымызда ешкім жоқ!" деп жазар едік, және сол кезде солай болып та тұрды рейтингіміз. Біздің "қазақ газеттерінен" деп айтып отырғанымыз, алдымызда қазақ билігі мен қазақ қалталылары асырап отырған, бізден штаты да, бюджеті де жүздеген есе жоғары орыстілді сайттар (газет сайттары емес) бар болатын. Олардың рейтингілері де күмәнді екені белгілі болып қалған жайы бар. Ал кезінде еліміздің белгілі бір қазақ газеті "Күн сөнсе де біздің газет сөнбейді!" деп жар салған! Әне, масайрау деп соны айтады.
Ержан бауырым, Ұлттық мүддені қорғаудың Ақ жолында жүрген әріптесім болғасын, жауапсыз қалдырмайын деп арнайы тоқталып отырмын! Әйтпесе, әркімге жауап беріп отыруға уақытым жоқ қазір және ол қажет те емес!
Ең бастысы, Тіл Азат болмай, Ел Азат болмайды! Сондықтан Елдің де, Тілдің де қасиеті Көк туы көкке биіктей берсін!
Көк ту әркім ойына келген оттауын айтып, әркім оны ойына келген долбармен ақтай беретіндей көп ту емес!
Қазыбек Иса,
Қазақ үні