Қазыбек Иса: Ресей тілінде сөйлейтін Қазақ байлары өз халқын ойламайды
2020 ж. 03 сәуір
2990
0
Қазақ қалталылары да Елбасымыз құрған «Biz birgemiz» акциясы аясында қаржылай көмек көрсетуде. 31 наурызда бұл қорға 26 миллион доллардай қаржы құйылғаны айтылды.
Бұл туралы белгілі ақын Қазыбек Иса өзінің "ЕЛ БАСЫНА КҮН ТУҒАНДА ЕЛ ІШІНДЕ БАРРИКАДАЛАР БОЛМАУЫ ТИІС" атты мақаласында айтты, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.
- Біз бәрін ежелден бәсекелес туыс еліміз Өзбекстанмен салыстырамыз ғой. Өзбекстанда президент Ш. Мирзяев құрған қорға өзбек олигархтары миллиард доллардан аса (1 миллиард 51 миллион) көмек беріп жатқанын көріп отырмыз. Миллиардерлер Алишер Усманов, Искандер Махмутовтар әрқайсысы 400 миллион доллардан аударды. Тіпті, біздің Елбасының ерекше қамқорлығының арқасында Қазақ қазба кеніштерінен миллиардер болып отырған «Евразиягруп» қорының үш нояны: Патох Шадиев, Алиджан Ибрагимов, Александр Машкевичтер де сол байлығынан Қазақстанға неге көмек бермейді?!. Қайта баспасөз беттерінде Шадиевтің Қазақстанға емес, Өзбекстанға 200 миллион доллар аударғаны туралы ақпарат тарап жүр. Бұның рас-өтірігі белгісіз әзірше… өйткені, аталмыш қор өкілдері бұл ақпаратты теріске шығаруда… - деп жазды қоғам қайраткері.
Автордың сөзінше, Өзбектермен салыстырғандағы бұл айырмашылықтың негізі – ұлттық руханиятта жатыр.
- Қарапайым формуламен қазақша айтсақ – Өзбек байлары өз елінде өзбек тілінде сөйлейді, өзбек тілінде ойлайды, сондықтан өзбек халқын ойлайды! Ресей тілінде сөйлейтін Қазақ байлары өз елінде өз тілінде сөйлемейді, өз тілінде ойламайды, сондықтан өз халқын ойламайды!
Өзіміздің өзге тілді байларымыздың барлығы қазір қиындыққа душар болған өз еліне көмек беруде ме? Жалғанды жалпағынан басып жүргендер, өзге елдің әншілеріне миллиондап шашып жатқандар, өзге елдің астанасындағы саунада жарты миллиондай долларын «ұрын келгендерге» «жұмсап» жатқандар, қазір еліне қандай қаржы беруде?!. - деп санайды Қазыбек Иса.
Сонымен бірге, ол халық қасіретінен пайда таппақ болғандарға Алланың жазасы ауыр болатынын айтып, Қызылорда облысындағы атышулы оқиғадан мысал келтірді.- Қиындықта көмек беруді, әкімдер мен министрлерден жаңа қарқын күтуді айтамыз, Қызылорда облысы әкімі Қ.Ысқақовтар тобы былтырғы Арыс апатына жиналған қаржыдан қарпып қалғандары анықталып, масқара болуда. Оларды тексеріп барған Жемқорлармен күрес органының басшысының өзі жемқорлықтың «үлгісін» көрсетеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі департамент директоры Арлан Андасов 400 мың доллар пара алуда қолға түсіп, абақтыда жатыр… - деп жазды ол.
qazaquni.kz