Қазыбек Иса. ЕЛ БАСЫНА КҮН ТУҒАНДА ЕЛ ІШІНДЕ БАРРИКАДАЛАР БОЛМАУЫ ТИІС
2020 ж. 02 сәуір
4742
1
Мемлекетті босқа сынаушылар - коронавирусқа жанама вирус қосушылар...
ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДАҒЫ ТӨТЕ ШЕШІМ
"Құдай берсең - жатқанға бер"-деп, үйде жатқан жағдайымыз бар! Әрине, журналистердің жұмысқа мінетін аты - компьютері үйінде, жұмысын жалғастыра беруде. Ал қалам ұстағандардың жағдайы жаман болмағанмен, қалақ ұстағандардың, кетпен-күрек, құрал-сайман ұстағандардың жағдайы қиын болуда. Нәсібін түзден тапқан кәсіп иелерінің жұмыстары тоқтап тұр, жағдай өте күрделі. Қазір жұмыстан бұрын ең күрделі мәселе - күнделікті азық түлікті тауып жеуіміз болайын деп тұр... Иә, бұл тек Қазақстанның ғана емес, әлемнің басына түскен апат болуда. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың дер кезінде шешім қабылдап, еліміз тарихында тұңғыш рет республика бойынша төтенше жағдай жариялауының арқасында бұдан ондаған есе зардапты болуы мүмкін апаттың алдын алды. Италия, Испанияда Індеттен қырылғандарды жерлеуге үлгере алмай, мұз сарайлары мәйітханаларға айналуда. Сан-Паулу қаласындағы ұшы-қиыры жоқ қазылып қойған қабірлерді көрсетуде - жаның шошиды. Алпауыт елдер АҚШ, Алманияда да жағдай өте ауыр. Барлық ел қазір мылтықсыз соғыс жағдайын кешуде. Осы уақытқа дейін отыз мыңнан асып кетті Індеттен қаза тапқандар. Ендеше соғыс жағдайындағыдай қатаң әскери тәртіп пен жанкешті жұмыс қажет! Денсаулық министрлігі ғана емес, бүкіл елдің күштері, әскери, қорғаныс саласы, ішкі істер министрлігі тб құзырлы салалар түгел жұмылуы тиіс! Кеше Қазақстан Президенті Мәлімдеме жасап, қиындықта қалған халықты қолдаудың ауқымды, кешенді шарасын жариялады. Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл кемел шешімін -Төтенше жағдайдағы төтенше қайрат, төте шешім деуге болады. Дағдарысқа қарсы шаралар және экономикалық тұрақтылық үшін 1,2 триллион теңге бөлінетін болды. Енді 42500 теңге жәрдем ақшаны күнделікті кірісі жоқтардың барлығы, жұмыссыз қалғандардың барлығы да, ешқайда тіркелмеген құжатсыздар да, табысы тоқтап қалған микро, шағын және орта кәсіпорын жұмысшылары да алатын болады. Бұл қаржылық қолдау жалпы еліміз бойынша 3 миллиондай адамды қамтиды. Сондай-ақ, "Жұмыспен қамту жол картасы" бойынша 300 миллиард теңге бөлініп, 7 мың жоба бойынша 250 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады. Нұрсұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында карантинге байланысты жұмысынан айрылғандар осы жобаларға қатысса, алғашқы күні 85 мың теңге көтерме ақы алады да, ай сайын өз жалақыларын алады. Қаржылық индексациялау, яғни, әлеуметтік жәрдемақылар, зейнетақы да 10 пайызға өседі. Шағын және орта бизнеске, микробизнеске қолдау көрсетіледі. Жалпы, дағдарысқа қарсы шаралар үшін 6 триллион теңге бөлінбек.ПРЕЗИДЕНТ ШЕШІМІН ҚОЛДАУ - МЕМЛЕКЕТТІ ҚОЛДАУ!
Осындай алапат ауқымды шараларды қабылдаған мемлекет басшысын ел де жаппай қолдауы тиіс. Қазіргідей қиын-қыстау, әлемдік апат кезінде Ел Ерге қарайды дегендей, бар ауыртпалық Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың иығына түсіп, Ер ерік-жігері мен қайрат-қажырын көрсетіп жатқанына халықтың көзі жетіп отыр. Ендеше бәріміз де мемлекет басшысын қолымыздан келгенше қолдай білуіміз керек! Дәл қазір Қазақстан халқы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, біртұтастығын көрсетуі керек. Елге қауіп төнгенде ел ішінде ешқандай алауыздық болмауы керек, барлық баррикадалар жойылуы тиіс! Ел басына күн туған дәл қазір Президентті қолдау орнына негізсіз тырнақ астынан кір іздеп, әйтеуір "сынау үшін сын тағушылар" - індетті індету, коронавирусқа жанама вирус қосушылар!АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚОЛДАУ – АУАДАЙ ҚАЖЕТ
Апат жағдайында аңырып қалған Ауыл шаруашылығына қолдау жасаған Президент шешімдерін естіген жер еміп, мал өсіріп өскен елдің де еңсесі көтерілуде. Жанармайды 15 пайыз арзандату тб жәрдем шаралары дәл қазір егіс жұмыстарын бастап жатқан дала дихандарына ауадай қажет көмек болып тұр. Тек бұл шешімдердің жергілікті жерде орындалуы ойдағыдай болса деңіз. Бүгін Түркістан облысы, Жетісай ауданы Асықата кентіне хабарласқан ел ағасы, кезінде үш ауданды басқарған ел ағасы Тойым Жүніс мемлекет басшысының шешімдеріне ризалығын білдіруде: -Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шұғыл шешімдеріне дән ризамыз. Соның ішінде ауыл шаруашылығына баса назар аударуы қуана құптарлық. Тек енді оның орындалуы қалай болар екен, астанадан басталған қолдаулар ауылға жете ме екен деп уайымдап отырмыз. Неге осы біздің елде Агробанк құру арман болып келеді осы уақытқа дейін?!. Шаруалар тікелей сол банкпен жұмыс істесе, несиелерін, ссудаларын сол бір жерден алып тұрса, артық ақшасын да, сол банкте сақтаса, бұл екі жаққа да тиімді емес пе?-дейді Тойым ақсақал. -Бұндай мақсатты іске асыратын "ҚазАгро" корпорациясы бар емес пе? -Ол корпорацияның не істеп жатқанын білмейміз, әйтеуір әлі күнге шапағаттары ауылға жете қойған жоқ. Ауылды көрмегесін ауыл шаруашылығана қандай себі тиеді дейсің?!. Иә, еңбек ардагерінің сөзінің жаны бар. Шынында еліміздің арқа сүйер азық-түлік ордасы болар ауыл шаруашылығына неге салалық жеке банк ашпасқа? Сонда мемлекеттің ауылшаруашылығына байланысты шешімдерінің іске асуы қаржылық жағынан қамтамасыз етіліп отыратын еді. Мысалы, Тұрғын үй-құрылыс жинақтаушы банкі ашылғалы тұрғын үй мәселесі жақсарып келе жатқаны белгілі. Былтыр көп балалы аналарға және жас отбасыларға байланысты баспана мәселелерін шешуде "Бақытты отбасы", "Өз үйім" тб бірнеше жобалар Алматы қаласында, тб өңірлерде сәтті іске асты. Сол секілді мемлекет шешімдерімен бөлінген қолдау қаржылар далада егін егіп, мал өсіріп жүрген шаруалардың қолына тікелей тимегесін даму бола ма?!.ҮКІМЕТ ҮДЕДЕН ШЫҒА АЛА МА?
Ал осындай ауыртпалық басып тұрған қиын кезеңде жұмысты төтенше жағдайға сай жаңа қарқынмен жандандыра білу Үкімет үшін ауыр сынақ болып тұр. Егер Үкімет үдеден шыға алмаса, осынау орасан мемлекеттік қолдаудың жемісі жетімсіз болары анық. Президенттің баяғы ескі сарынмен ілбіп келе жатқан әкімдер мен министрлерге "жұмысты жаңаша істей алмасаңдар орындарыңнан аламын" деуі де тегін емес... Иә, қазіргі әкімдер мен министрлердің көбісінің тірлігіне қарасаң, пультпен басқарылатын роботтарға ұқсайды. Ел игілігі үшін өздерінше бастама жасау жоқтың қасы. Бейне бір жоғарыдағы электр сымы тоқ бермесе, тоқтап қалатын троллейбустар секілді... Енді ел басына төнген қатер кімнің кім екенін көрсететін болады.ЕРІКТІЛЕР ЕРЛІГІ ҚҰРМЕТТЕУГЕ ЛАЙЫҚ
Пандемия апатымен ашық майданда айқасып, өмірлерін тәуекелге байлап жүрген дәрігерлер қауымына сансыз алғыс айтамыз. Жағдайы қиын жандарға азық-түлік тасушы көптеген ұйымдар мен партияларға, жүздеген волонтерлерге де Алла жар болсын. "Ақ жол" партиясы да бұл жолда ұйымшылдық танытып, облыстық филиалдары ешқандай жарнамасыз-ақ жағдайы нашарларға және дәрігерлерге қолдау жасап, көмек беру акцияларын ұйымдастыруда. Сол секілді көптеген еріктілер ешкім міндеттемесе де, адамгершілік, имандылық қасиеттері арқасында қайрат көрсетуде. Биылғы жылды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алдын ала бірнәрсені білгендей "Волонтерлар жылы" деп жариялаған ба деп ойлап қаласың... Мысалы, әлеуметтік теңсіздікті айтып көшеге шыға қалса, полициялар дереу ұстап әкетіп қамап қоятын қоғам белсендісі Құрал Сейітханұлы бауырымыз енді өзі әлеуметтік жәрдем жасауға ұйытқы болуда. Белгілі қоғам белсенділері Мақсат Ізбасаров, Еркін Рақыш, Сәуле Әбілдаханқызылармен бірге өздері еріктілерді ұйымдастырып, жәрдем беруші азаматтарды тарту арқылы жүзден аса көп балалы және жағдайы қиын отбасыларға тікелей азық-түлік тасып, көмек беріп жатыр. Енді қай кезде де, Құралдар көшеге шықса, полицейлер оларға күш емес, құрмет көрсетуі тиіс... Бұндай еріктілер барлық жерде еңбек етуде.ҚАЗАҚ ҚАЛТАЛЫЛАРЫ ҚАЙДА?
Қазақ қалталылары да Елбасымыз құрған "Biz birgemiz" акциясы аясында қаржылай көмек көрсетуде, оларға рахмет! 31 наурызда бұл қорға 26 миллион доллардай қаржы құйылғаны айтылды. Бірақ біз бәрін ежелден бәсекелес туыс еліміз Өзбекстанмен салыстырамыз ғой. Өзбекстанда президент Ш. Мирзяев құрған қорға өзбек олигархтары миллиард доллардан аса (1 миллиард 51 миллион) көмек беріп жатқанын көріп отырмыз. Миллиардерлер Алишер Усманов, Искандер Махмутовтар әрқайсысы 400 миллион доллардан аударды. Тіпті, біздің Елбасының ерекше қамқорлығының арқасында Қазақ қазба кеніштерінен миллиардер болып отырған "Евразиягруп" қорының үш нояны: Патох Шадиев, Алиджан Ибрагимов, Александр Машкевичтер де сол байлығынан Қазақстанға неге көмек бермейді?!. Қайта баспасөз беттерінде Шадиевтің Қазақстанға емес, Өзбекстанға 200 миллион доллар аударғаны туралы ақпарат тарап жүр. Бұның рас-өтірігі белгісіз әзірше... өйткені, аталмыш қор өкілдері бұл ақпаратты теріске шығаруда... Осыларға қарап отырып, әншейінде өзбекті менсінбейтін қазақтың Форбес тізіміндегілер неге түгел қолдау көрсетпейді? Неге әшейінде жалтырап жүргендердің енді қолдары қалтырап қалған деп ойлайсың? Жалпы ішкі өнімі Өзбекстаннан үш есе жоғары, жерінде Менделеевтің элементтер кестесіндегі барлық қазба байлығы бар Қазақстанға бұл сын емес пе? Өзбектермен салыстырғандағы бұл айырмашылықтың негізі - ұлттық руханиятта жатыр. Қарапайым формуламен қазақша айтсақ - Өзбек байлары өз елінде өзбек тілінде сөйлейді, өзбек тілінде ойлайды, сондықтан өзбек халқын ойлайды! Ресей тілінде сөйлейтін Қазақ байлары өз елінде өз тілінде сөйлемейді, өз тілінде ойламайды, сондықтан өз халқын ойламайды! Өзіміздің өзге тілді байларымыздың барлығы қазір қиындыққа душар болған өз еліне көмек беруде ме? Жалғанды жалпағынан басып жүргендер, өзге елдің әншілеріне миллиондап шашып жатқандар, өзге елдің астанасындағы саунада жарты миллиондай долларын "ұрын келгендерге" "жұмсап" жатқандар, қазір еліне қандай қаржы беруде?!. Қиындықта көмек беруді, әкімдер мен министрлерден жаңа қарқын күтуді айтамыз, Қызылорда облысы әкімі Қ.Ысқақовтар тобы былтырғы Арыс апатына жиналған қаржыдан қарпып қалғандары анықталып, масқара болуда. Оларды тексеріп барған Жемқорлармен күрес органының басшысының өзі жемқорлықтың "үлгісін" көрсетеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі департамент директоры Арлан Андасов 400 мың доллар пара алуда қолға түсіп, абақтыда жатыр... Халық қасіретінен пайда таппақ болғандарға Алланың жазасы ауыр болатынын неге ойламаймыз? "Жау жағадан алғанда, ит етектен алады" дегендей, базардағы азық-түлік бағасының бас бермей күрт көтерілуі де "жығылғанға жұдырық" болуда... Балалар тағамының да екі есе көтерілгеніне не айтасыз?!.ҮЙДЕН ШЫҚҚАН ӘР АДЫМ – АЖАЛҒА БАСҚАН ҚАДАМЫҢ!..
Ал қарапайым әр адамның тигізер көмегі қандай болуы керек? Үйден шықпай, тәртіпке бағынып отырғаның - коронавирусты жеңудің ең қарапайым жолы! Үйімізден себепсіз сыртқа аттаған әр қадамымыз - таралуы тез тажалға тартып бара жатқанымыз екенін ойлауымыз керек. Яғни, үйден шыққан әр адым - ажалға басқан қадамың! Қорыта айтқанда, Ғаламдық індет байлық-мансапқа қарамайтынын, Алланың жазуының алдында барлық пенде бірдей екенін көрсетуде. "Аштықтың да бір тоқтығы бар" дегендей, карантиннен алар сабағымыз да аз емес. Ел имандылыққа, ұмытып кеткен қанағат-ынсапқа оралуда. "Арпа-бидай ас екен, алтын-күміс тас екеніне" тағы да көз жеткізе бастадық. Тағамның табиғилығы мен дәстүрлігіне ден қоюдамыз. Отбасы құндылығын сезініп, бала тәрбиесіне көңіл аудара бастадық. Бос жүріс пен артық қыдыру, әсіре сауықшылықтан тартынуға тура келді. Цифрлы үкіметтің талабы - онлайн оқу мен жұмыс істеуге дағдыланудамыз. Экологиялық, гигиеналық тазалықта дезинфекцияның рөлін талап етудеміз. Мысалы, түтінге тұншыққан Алматының ауасы қазір тазарып, тау етегінде тұратындарға қала күннен күнге анық көріне бастады. Бұлардың бәрін неге айтып отырмыз?!. Төтеннен келген індетке төтеп беріп, тезірек жою үшін еңсеміз түсіп, езіле бермейік! Алға жылжу үшін оптимистік ой, көтеріңкі рух керек! Медицина атасы, Ибн Сина бабамыз айтқандай: "Дүрбелең - жарты кесел, Сабырлылық -жарты денсаулық, ал Шыдамдылық - сауығудың басы!" Ендеше "Аттанға сүрен қосып", бос дақпыртпен Дүрбелең тудырмай, Сабырлылық сақтап, төтенше індетке төтеп беріп, жеңу үшін Шыдамдылық танытайық, ағайын! Аяқ асты бәле-жаладан, ауру-сырқау, індеттен Аман-сау болайық! Алашқа Алла жар болсын! Қазыбек ИСА, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі, "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары. Qazaquni.kz