«АЛАШОРДА» ҮКІМЕТІНІҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛЫП АС БЕРІЛДІ
2017 ж. 07 наурыз
4179
1
Наурыздың 5-і күні Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінде Алаш арыстарына арналған ас өтті. Асты «Қамшы» ақпараттық агенттігі ұйымдастырды. Сондай-ақ астың өтуіне Ахмет Байтұрсынұлының өзі тұрған, қазақ интеллигенциясының ізі қалған Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры Райхан Сахыбекқызы қолдау білдірді. Айта кетсек, бұл күн – Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туған күні. Сондай-ақ, биыл Алаш арыстары атылған қанды «37»-ге де 80 жыл толды. Асты танымал журналист, Алаш әскері туралы зерттеулер жасаған Болат Мүрсәлім жүргізді.
Асқа жиналған қауым алдымен Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы бас мүфтиі Ержан қажы Маямеровпен бірге Алаш қайраткерлеріне, ғасыр бұрын Қазақстанның іргетасы Алаш Орда автономиялық мемлекетін құрған бабаларымызға құран бағыштады. Құраннан соң алаштанушы ғалым Мәмбет Қойгелді Алаш интеллигенциясын ардақтап сөз сөйлеп, баяндама жасады. Ол өз сөзінде «Алаш қайраткерлеріне арнаулы музей салынуы қажет, оны билікке қарап отырмай қалың қазақ өзіміз жабылып салуымыз керек!» деп бастама көтерді. Сондай-ақ «Қамшы» порталы ұсыныс еткен «100 ағаш отырғызу» идеясын осы жаңа мұражаймен байланыстырып, «100 ағаш жаңа музей ауласында бой көтеруі тиіс» деді. Шара барысында сөз алған Президенттің Парламенттегі өкілі Сабыр Қасымов та құттықтауын оқыды. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сұлтанбек Мәкежанов сөз алып, Алаш Арыстарына арналған астың Алаш Орданың 100 жылдығын тойлаудың бастамасы екенін еске салып, құтты болсын айтты. Мұхтар Әуезовтің ұлы, ғалым Мұрат Әуезов те тебірене сөйлеп, әкесі Мұхтар Омарханұлының аузынан естіген естеліктерімен бөлісті. Әлихантанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлы өз сөзінде Алаш Орданың жүз жылдығы бүгінгі Қазақстанның жүз жылдығы екенін жиналған жұрттың қаперіне салып, «Қазақстанның жүз жылдық мерейтойы құтты болсын!» деді. Сондай-ақ, Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы мерейтойына арнап шығарған кітаптарын Байтұрсынұлы мұражай-үйіне табыстады. «Қазақстан РТРК» басқарма басшысының орынбасары Қайнар Олжай корпорация төрағасы Ерлан Қаринның арнаулы хатын оқып, құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ, ұлттық арнаның Алаш идеясын кең көлемде насихаттайтынын, алдағы уақытта бірнеше деректі және көркем фильмдерді халыққа ұсынатынын жеткізді. Сөз алған «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, «Қазақ үні» газетінің президенті Қазыбек Иса «Ақ жол» партиясының Алаш атын ұлықтауда істеген іргелі іс-шараларын айта келіп, партия төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың құттықтау хатын жеткізді. Сонымен қатар, жиылған жұртшылықты Алаш арыстарының жолын үлгі ете отырып ұлтшыл болуға шақырды.
Ал «Ақ орда» республикалық қозғалысы басшысы Қайрат Сатыбалдының арнайы құттықтауын өкіл Қанат Мұсағұлов оқыды. Асқа Торғай өңірінен, Шығыс Қазақстан облысынан, Оңтүстік Қазақстан облысынан ресми қонақтар келді. Әкімдерінің құттықтауын ала келген өкілдер Алаш арыстарына арнап беріліп жатқан асқа ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, сахнаға Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Маралтай Райымбек шығып, одақ басшысы Нұрлан Оразалинның құттықтауын жеткізді. Ал, астың өтуіне кеңесшілік еткен ақын Алмас Ахметбек «Әлихан монологы» өлеңін оқыды. Сөз алғандардың барлығы Алаштың тойына бастама болып жатқан «Қамшы» порталына, порталдың жетекшісі Біләл Қуанышқа алғыстарын айтты. Сөз соңында жоба авторы Біләл Қуаныш «Әр қазақтың Алаш арыстарының алдында қарыздар екенін, Алаш қайраткерлеріне тағзым ету борышы» екенін айта келіп, асқа келген қонақтарға алғысын білдірді. Қонақтар арнаулы тігілген 7 киіз үйде дастарханға жайғасқан сәтте шағын концерттік бағдарлама қойылды. «Тұран тобы», «Алаш ұлы» тобы, Бибігүл Қилымхан, сияқты өнер жұлдыздары әннен шашу шашты. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан асқа 500-дей қонақ қатысты. Олардың ішінде ғалымдар, билік органдарының өкілдерімен қоса журналистер, зиялы қауым өкілдері де болды. Айта кетерлігі, елдегі беделді БАҚ өкілдері басшыларының барлығы дерлік асқа келді. Олардың ішінде журналист Рысбек Сәрсенбай, «Жетісу» телеарнасы бас директорының орынбасары Серік Әбікенұлы, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры-редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Самат Ибраим, «Асыл арна» телеарнасының басшысы Мұхамеджан Тазабек, «Президент және Халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаевтар бар. Сонымен қатар, танымал журналистер Серік Абас-шах, Арман Сқабылұлы, саясаттанушы Айдос Сарымдар да жиынның қонағы болды. Тарихшы ғалымдар Бейбіт Қойшыбай, Қайрат Сақ, Нәбихан Мұхамеджан астың мәртебелі меймандары болды. «Қамшы» порталы астың өтуіне қолдау көрсеткен Алматы қаласы әкімдігіне айрықша алғысын білдірді. Асқа арнап жұма күні жылқы және қой сойылған-ды. Құрбандық мал құранына Ахмет Байтұрсынұлының жиені Айман Байсалова, алаштанушы ғалым Мәмбет Қойгелді, Нәбижан Мұхамедханов, Бейбіт Қойшыбай, Алматы қаласы ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов, Алматы қаласының Бас имамы Нұрбек Есмағамбет қатысты. Ас өткізудің қаржылық мәселесін «Қамшы» порталының өзі көтерді. Астың өтуіне Қастер Әсембай, Думан Жақсыбек, Айбын Оразғали, Біржан Дәулетқазы, Құмар Жұмахан бастаған азаматтар қолдау білдірді. Сондай-ақ Аманжол Қарабаев, Қайсар Тұрсынғожа, Абылай Сәрсенбаев, Рауан Бұғыбаев сияқты Алашшыл жастар киіз үй тігіп, астың дайындығына атсалысты.
qamshy.kz