Семейге Алаш, Өскеменге Әлихан есімін беру ұсынылды
2017 ж. 20 ақпан
7818
10
– Ия, сіз дұрыс айттыңыз. Алаш ұлттық-территориялық автономия деп ресми түрде жарияланғанымен, Алаш – ұлттық-демократиялық парламенттік республика болып дүниеге келді. Оны Алаш тарихына қатысты құжаттар бұлтартпай дәлелдейді. Ал, енді үкіметтің бүгінгі Қазақ елі үшін теңдессіз тарихи маңызы бар Алаш республикасының 100 жылдығын атап өтуге қатысты іс-шараларға тоқталатын болсам, әзірше үкімет ауыз толтырып айтатындай іс-шараларды жоспарлай қоймағанға ұқсайды. Бүгінгі Қазақ елінің берік іргетасын қалап, жер көлемі жағынан әлемдегі 9 мемлекет болып отырған елдің бүгінгі шекарасынбелгілеп кеткен Алаш республикасының 100 жылдық мерейтойы да, Алты Алаш көсемі Әлиханның 150 жылдығы сияқты, жетім қыздың тойындай өтетін сыңай байқалады. Мерейтойлық іс-шаралардың жоспарын жасау Мәдениет және спорт министрлігіне жүктелген көрінеді. Бірақ үкіметтің арнайы комиссиясы не қаулысы болмайды. Ол дегеніңіз үкімет тарапынан жеткілікті қаржы мен қолдау болмайды деген сөз.
Еуразия ұлттық университетінің «Алаш» ғылыми зерттеу институты өз тарапынан мерейтойлық іс-шаралардың жоспарын жасауға өз ұсыныстарын берді. Оларға қысқаша тоқталып өтсем, Алаш тақырыбын орта мектеп пен жоғарғы оқу орындарының оқу бағдарламасына міндетті пән, тақырып ретінде енгізу, Алаш республикасы мен Алаш қайраткерлері туралы деректі, көркем фильмдер түсіру, балалар үшін анимациялық өнімдер шығару, баспасөз құралдарында жүйелі түрде тарихи ағартушылық материалдар жариялау, Ұлттық банк тарапынан қымбат металдан Алаш Орда ұлттық кеңесінің 15 мүшесінің барельефімен (яғни бейнелерімен) шақалар (монеталар) құйып шығару, Қазпошта тарапынан олардың портреттерімен пошта маркаларын шығару, Семей қаласына Алаш автономиясының астанасы болғандағы Алаш атауын қайтару, Петропавл қаласына «Қызылжар», Павлодарға «Баянауыл», Өскеменге «Әлихан» есімін беру, Ресеймен шекаралас облыстардың орталықтары мен елдімекендерінде, Астана мен Алматы және Семей қалаларында Алаш республикасы мен қайраткерлерін ұлықтайтын монументалды ескерткіштер орнату, Алаш қайраткерлері жерленген Мәскеудегі Дон, Ваганьков, Новодевичье және т.б. зираттарына, Алаш ардақтылары өмір сүрген, қызмет атқарған немесе айдауда болған Омбы, Орынбор, Самара, Воронеж сынды қалалардағы тұрғын үйлер мен мекемелерге ескерткіш тақталар орнату және т.б.
Өз тарапынан Алаш институты Алаш қайраткерлері мұрасының жинақтарын құрастырып, бірқатар зерттеу мен монографияны баспаға ұсынады. Нақты айтсам, Әлихан Бөкейхан туралы қазақ және орыс тілдерінде 2 томдық, ағылшын, түрік және украин тілдеріндегі 1 томдық монография, ұлт көсемінің 15 томдық мұрасының 3-15 томдарын, Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры Райхан Имаханбетпен бірлесе отырып, Ахаңның 10-томдық шығармалар жинағын, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қызметкерлерімен бірлесе отырып, Елдес Омарұлының 3 томдық шығармалар жинағын, сондай-ақ Ғұмар Қараштың, Жасылық Төленұлының, Абдолла Байтасұлының және басқа да Алаш ардақтыларының шығармаларын, оқулықтарын баспаға ұсынуды жоспарлап отырмыз. Егер Мәдениет және спорт министрлігі қаржы бөліп жатса, осылардың бәрі де жарық көрмекші.
Вице-премьер Дариға Назарбаеваның 2016 жылдың ақпанында Сенат депуаттарының сауалына берген жауабында Астанада Алаш аллеясы ашылып, ескерткіш орнату және көркем фильм түсіру мәселесі қарастырылып жатқанын хабарлаған еді. Бірақ, өзің білесің, бұрынғы Еңбекшілдер деген шағын ғана көшеге Әлихан Бөкейханның есімін беруден басқа бірде бір мәселе шешілген жоқ.Қарағандыда қазіргі Оқтябрь ауданына Әлиханның есімі берілмей қалды. ЮНЕСКО сынды халықаралық беделді ұйым «бүкіл дүниежүзілік даңқты қайраткер» деп танылған ұлт көсемі Әлиханның туғанына 150 жыл толған мерейтойының мемлекет тарапынан елеусіз өткенін айта берсең, сөзің жетпейді...
Ал Алаш республикасы мен қайраткерлерін соншама ұлықтаудың сыры неде деген сұрақ тууы ғажап емес. Ең алдымен қазақтың қазақтығын, қазақтың қазіргі тілі мен әдебиетін, жалпы мәдениетін қалыптастырған, бүгінгі еліміздің іргетасын қалап, шекарасын белгілеп кеткен ұлтшыл азаматтарымызды ұлықтау – бүгінгі өскелең ұрпақты тәрбиелеу, олар тәлім-тәрбие алатын, үлгі тұтатын өнеге болуы үшін ауадай қажет. Тарихы жоқ халықтың келешегі жоқ деп ата-бабаларымыз жай айтпаса керек.
– Бүгінгі күні Алаштанушы ғалымдар арасында келіспейтін пікір қайшылықтары бар ма? Бар болса ол қандай мәселелер?
– Ең алдымен айтарым: Алаш қозғалысы мен Алаш республикасының тарихында зерттелмеген, тіпті ғалымдарға беймәлім беттері әлі де аз емес. Алаш тақырыбы толық ашылған жоқ. Алаш жұмбағын жан-жақты әрі толық ашып беру бүгінгі алаштанушы ғалымдардың қолынан келе қоймас дер едім. Өйткені кеңестік тарихтану мектебінен шыққан бүгінгі ғалымдар сол мектептің қалыбынан, құрсауынан, шырмауынан шыға алмады. Оның бірден бір дәлелі: бұқара халықты, қоғамды айтпағанда, тарихшы ғалымдардың арасында Алаш автономиясының құрылғанын, жарияланғанын теріске шығаратын, керісінше Тұрар Рысқұлұлы сынды алғашқы қазақ коммунистері мен Көлбай Төгісов-Төленгітов сынды қайшылықтары бар тұлғалардың тарихи рөлі мен миссиясының бояуын қоюлатып, «жаманын жасырып, жақсысын асырып» көрсеткісі келетін сыңай байқалады. Турасын айтқанда тарихшылардың, зерттеушілердің арасында рушылдық демесем де, жершілдік сипат байқалатыны құпия емес.
– Алашатану ғылым қай деңгейде? Жас ғалым, зерттеушілер көбейіп келе ме?
– Жас ғалымдардың арасында Алаш тақырыбына деген айтарлықтай қызығушылық бар-ау.Жалпы өскелең жастардың ұлттық тарихқа деген ынта-ықыласы зор. Бірақ жалпы ұлттық ғылымның бүгінгі күй-жайы жастардың оған деген ынтасының, ықыласының бетін қайтарады. Жас ғалымдарды былай қойғанда, ғылыми-зерттеу институттары мен ғылым доктор-профессорларының әлеуметтік жағдайын айтуға ауыз бармайды.
Ұлттық Ғылым академиясы мемлекеттік мекемеден қоғамдық ұйымға айналып, оның құрамындағы ғылыми-зерттеу институттарының (ҒЗИ) бір бөлігі өндірістерге, бір бөлігі Білім және ғылым министрлігінің қарамағына берілгенін қазақ қоғамы біле бермейді. Металлургия, мұнай-химия сынды өнеркәсіп орындарына берілген ҒЗИ-лардың жағдайынан хабарым жоқ. Ал осы күні Білім және ғылыми министрлігінің қарамағындағы және жоғарғы оқу орындарының құрамындағы ҒЗИ-лар өгей баланың күнін кешіп жүргені ащы да болса шындық. Өйткені оның ішінде әсіресе ЖОО құрамындағы ҒЗИ-лардың мәртебесі әлі де нақты белгіленбей келеді.
– Өзге түркі халықтарының Алашорданы өздерімен байланыстыра зерттеген еңбектері бар ма?
– Бұл сауалға нақты мысалмен жауап бере алмаймын. Бар айтарым – Әзірбайжан, Қырғызстан, Башқұрстан, Татарстанда Алаш қозғалысы мен Алаш автономиясының тарихын өздерінің ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысымен тығыз байланысты зерттеген ғылыми шығармалар жоқ емес. Оның үстіне Түркияда ғалымдар тарапынан Алаш республикасының тарихы мен Алаш қайраткерлерінің шығармашылық мұрасына деген қызығушылық күн санап артып келеді деп айтуға болады.
– Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл аясында да еселі еңбек еттіңіз. Біраз кітаптар шығардыңыз. осы орайда сізде көмек қолын созған демеушілер туралы айта кетсеңіз. Қазір жеке ғалымдардың зерттеуіне, кітап шығаруына көмек қандай?
– Ия, Алты Алаш көсемі, бүгінгі Қазақ елінің іргетасынан шатырына дейін көтеріп, шекарасын белгілеп берген Алаш ұлттық-демократиялық республикасының төрағасы (президенті) Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толғаны тойланған 2016 жылы менің бір емес, бірнеше кітабым басылып шықты. Атап айтсам, өзің атап кеткен қазақ, ағылшын және орыс тілдеріндегі «Әлихан Бөкейхан. Alikhan Bukeikhan. Алихан Букейхан» жинағының ізінше қазақ және орыс тілдеріндегі, екі тілде де 2 томнан тұратын «Әлихан Бөкейхан. Қазақ жерінің жоқшысы» және «Алихан Букейхан. Творец истории» атты монографиям, ұлт көсемі шығармаларының тұңғыш 15 томдық толық жинағы жарық көрді.
Демеуші дегенге мен мына нәрсені ерекше айта кеткім келеді. Қазақтың ХХ ғасыр басындағы ұлт көсемі Әлиханның туғанына 150 жыл толған мерейтойы ЮНЕСКО-ның 2015 жылғы 18 қарашадағы Қарарына сәйкес осы беделді халықаралық ұйым аясында тойлануға тиіс болуына қарамастан, аталған кітаптар мен 15 томдық қомақты жинақты басып шығаруға үкіметтен, ұлттық бюджеттен бір тиын қаржы бөлінген жоқ. «Әлихан Бөкейхан. Alikhan Bukeikhan. Алихан Букейхан» жинағы Алаш көсемінің туғанына тура 150 жыл толуы қарсаңында, яғни 2016 жылдың 5 наурызына қарай белгілі кәсіпкер, меценат Жеңіс Түркия басқарып отырған «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының қаржылай қолдауы арқасында жарық көріп, оның алғашқы тұсаукесері Түркия астанасы – Анкарада өткен болса, қазақ және орыс тілдеріндегі тұңғыш 2 томдық монография (бас аяғы 4 кітап) шымкенттік белгілі кәсіпкер, ұлтжанды азамат Әбдімәжит Сыздықбековтің қамқорлығымен басылып шықты. Көпшілік Әбдімәжиттің өзін онша тани бермейтін де шығар. Бірақ оның елі үшін істеп жүрген ісін бір қазақ қоғамы емес, атағы жер жарған кәсіби боксшымыз, бірнеше атау бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкиннің бүкіл әлемдегі жанкүйері жақсы біледі. Неге десеңіз: Генаның рингке киіп шығатын әйгілі көк қазақ шапанын (арақасында үш «G» әрпі тоқып жазылған және үнемі жеңіс әперіп жүрген шапапынан айтамын) иығына сол Әбдімәжит Сыздықбеков жапқан.
«Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қоры да өткен жылы белгілі Шоқай танушы ғалым Садыкова Бахыт апаймыздың “Turkistan mili birligi” ғылыми зерттеулер жинағын 1000 данамен шығарса, Зуқа батырдың туғанына 150 жыл толуын халықаралық деңгейде кең тойлауға үкіметтен артық атсалысқан жоқ па!
Ащы да болса ашығын айтсам, биыл да Алаш республикасының 100 жылдық мерейтойының жүгі тағы да демеушілердің мойнына артылатын түрі бар.
Әлекеңнің қазақ-орыс тілдеріндегі 15 томдық тұңғыш толық жинағы да демеушілердің қолдауымен жарық көрді. Оның ішінде ең алдымен Қарағанды облысы әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековті, Маңғыстау облысының Түпқараған ауданының әкімі Темірбек Асауовты атап өткім келеді. Жеке кәсіпкерлерден «Қазақстан-Коммерция» АҚ президенті Жауғашты аға Нәбиев пен ол құрған «Ұлы дала елі» қоғамдық бірлестігі, «Алтын Қыран» компаниялар тобының жетекшісі, халықаралық қорының президенті Ісләмбек Салжан, «Қазақмыс» корпорациясының басшылығы қаржылай қолдау көрсетті.«Ақ жол» демократиялық партиясының демеуші табуға мүмкіндігінше қолқабыс көрсеткенін айта кету керек.
Ал енді аталған кітап-жинақтардың қанша данамен басылып шыққанын да ұмытпайық. Ресми дерекке сәйкес, бүгінгі таңда еліміздің халқы 18 миллионға жетіп қалса, осы халыққа қызмет көрсететін кітапханалардың саны 12 мың болады. Бұл да ресми мәлімет. Ал үш тілдегі «Әлихан Бөкейхан. Alikhan Bukeikhan. Алихан Букейхан» кітабы мен 15 томдық «Әлихан Бөкейхан. Шығармалары – Сочинения» жинағы 1 мың данамен, ал қос томдық «Әлихан Бөкейхан. Қазақ жерінің жоқшысы» және «Алихан Букейхан. Творец истории» монографиялары бар-жоғы 500 данамен ғана жарыққа шықты. Ал енді Мәдениет министрлігінің «Әлеуметтік құнды әдебиеттер бағдарламасы» бойынша шығатын кітап та бас-аяғы 2 000 данамен таралады. Мұндай таралым кімге жетеді деген сұрақтың өзі артық емес пе?
Әйтсе де 2016 жылдың соңында Мәдениет және спорт министрлігі 15 томдық жинақтың 1 және 2 томдарын, атап өткенімдей, басып шығаруға қаржы бөліп, ол өткен желтоқсан айында басылып шығып, 2 мың дана кітап елдегі 12 мың (!) кітапханаға таратылды. Ал биыл Мәдениет және спорт министрлігі Алаш республикасының 100 жылдығы аясында қалған 13 томын – 3-15 томдарын 5 мың данамен, яғни бұрынғы тираждан 2,5 есе көп данамен басып шығарады-ау деген үмітім бар.
– Бұған дейін де Әлихан Бөкейхан туралы біраз еңбектер жарыққа шыққан. Сіздің кітабыңыздың басқа басылымдардан айырмашылығы неде? Қаншалықты жаңа деректер енгізілді?
– Жоқ, бұған дейін шыққан еңбектер Алты Алаш көсемі Әлиханның өзі, оның өмірі мен сан қырлы ғылыми-публицистік, саяси-қоғамдық қызметі туралы емес, тек қана оның саяси-қоғамдық қызметі Алаш ұлт-азаттық қозғалысы, партиясы және Алаш республикасының (ғылыми зерттеулер мен мақалаларда автономия ретінде қарастырылды) тарихы контексінде сипатталып келді. Ал менің монографиямда тұңғыш рет Әлиханның дүниеге келуінен өмірінің соңғы күніне дейінгі бүкіл ғұмыр жолы сипатталды. Кітапта Әлиханның ғұмырнамасы бұлтартпайтын тарихи деректерге, мұрағат құжаттарына, оның ішінде КСРО мен ҚазССР КГБ-сы, Ресейдің ФСБ-сы мұрағаттарынан алынған құжаттар бар, туған туысқандарының, ғылым мен баспасөз және публицистикадағы әріптестерінің, Алаш қозғалысы, Алаш партиясы және Алаш республикасындағы үзеңгілестерінің естеліктерін арқау ете отырып сипатталды. Қазақ не орыс тіліндегі 2 томдық монографияны мұқият оқымай, жай парақтап шығып-ақ, онда Әлихан өмірінің әрбір сәті белгілі бір тарихи дереккөзіне сүйене отырып сипатталғанына көз жеткізе аласың. Ал кітапқа әділ бағасын, оның қаншалықты тартымды, қызықты, сенімді немесе сапалы жазылғанын оқырман айта жатар.
– Алаштану тақырыбына байланысты алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Биыл бүгінгі Қазақ елінің негізі, іргетасы болған Алаш республикасының, әділін айтсақ – бүгінгі Қазақстанның 100 жылдығы тойланатынын ескере отырып, жалғыз мен емес, «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының жоспарлап отырған іс-шарасы өте қомақты. Оның ішінде өз басым мүмкіндік болса бюджет есебінен, болмаса – демеушілердің қолдауымен Әлихан Бөкейхан туралы тұңғыш монографияны 5 тілде – қазақ, ағылшын, түрік, украин және орыс тілдерінде, сондай-ақ 15 томдық «Әлихан Бөкейхан. Шығармалары – Сочинения» жинағын кемінде 5 мың данамен басып шығарып, екеуінің ішінен монографияның тұсаукесерін Астана-Алматыда ғана емес, Анкарада, Киевте, Мәскеуде және Лондонда өткізуді жоспарлап отырмын.
Оған қоса «Алаш» иинституты Алаш республикасының 100 жылдығы мерейтойы аясында Алаш қайраткерлерінің, атап айтқанда Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйі басшығылымен, яғни Райхан Имаханбетпен бірлесе отырып, Ахаңның 10 томдық шығармалар жинағын, сонымен қатар А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қызметкері Орынай Жұбаевамен бірлесе отырып, Елдес Омарұлының 3 томдық шығармалар жинағы, Шымкент қаласындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының мұражайының бұрынғы директоры Ханбибі Есенқарақызы құрастырып әзірлеген «Ақ жол» газетіндегі материалдар жинағының 11-25 томдарын, сондай-ақ Жақсылық Төленұлының, Абдолла Байтасұлының және т.б. Алаш ардақтыларының мұрасын жинақ етіп баспаға ұсынбақшы. Міне осы және басқа да құнды тарихи дүниелерді басып шығаруға Мәдениет және спорт министрлігіне үміт артамыз. Одан қайыр болмаса, әдеттегідей, елдің көзі ашық, көкірегі ояу кәсіпкерлеріне, ұлтшыл азаматтарының көмегіне сүйенеміз.
Сөз соңында айтарым: кезінде, осыдан тура 1 ғасыр бұрын, қазақтың қазақтығын сақтап, қазақтың қазіргі мәдениетінің негізін қалап берген «Қазақ», «Сарыарқа» газеттері, «Айқап», «Абай» журналдарын шығаруға қаржы беріп, Орынбордағы І және ІІ Жалпықазақ құрылтайының бар шығынын көтеріп, жаңа дүниеге келген Алаш республикасына, оның Алаш армиясын жасақтауға да Ұлы даланың меценат, демеушілері зор үлес қосты емес пе! Ондай ұлтшыл, елшіл мырза азаматтар бүгінгі Қазақ елінде де аз емес.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Қойшыбек Мүбарак,
Дереккөз: The Qazaq Times