АЛАШ ТАҚЫРЫБЫ ТӨЛ ӘДЕБИЕТІМІЗДІ ТОЛЫҚТЫРА ТҮСТІ
2015 ж. 10 қараша
3875
0
Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен Еуразиялық топтың (ERG) қаржылық демеушілігімен Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілген «Алаш тарихының ақиқаты» атты жабық бәйге жүлдегерлерін марапаттау рәсімі болып өтті. Салтанатты кеште белгілі сахна шеберлері мен эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.
Атап өтерлігі, бәйгеге еліміздегі және шетелдердегі ниет білдірген қаламгерлердің барлығының қатысуына мүмкіндік берілді. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған шараның ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевтар жүлдегерлерді құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, сенатор Нұрлан Оразалин бұл бәйгенің төл әдебиетіміздің дамуына жаңа серпін бергенін атап өтті.
Талғамы мен талабы жоғары әділқазылар ұйғарымымен проза саласы бойынша бас жүлде жазушылар Тынымбай Нұрмағамбетовке, бірінші орын Момбек Әбдәкімұлына, екінші орын Тұрысбек Сәукетаевқа, Бақытжан Қанапияновқа, Қуаныш Жиенбайға, үшінші орын Әділбек Ыбырайымұлына, Төкен Әлжантегіне, Асқар Алтайға, Серік Сағынтайға берілді. Поэзия жанры бойынша бас жүлдеге ақындар Серік Тұрғынбеков, бірінші орынға Сайлау Байбосын, екінші орынға Серік Ақсұңқарұлы, Әбубәкір Қайран, Жарас Сәрсек, үшінші орынға Қорғанбек Аманжол, Бақытбек Бәмішұлы, Ғалым Әріп, Ескен Елубай, Мыңбай Рәш, Наурызбек Саршаев ие болды. Драматургия жанры бойынша бас жүлдені белгілі ақын Иранбек Оразбаев жеңіп алды. Бірінші орын Рахымжан Отарбаевқа, екінші орын Сұлтанәлі Балғабаевқа, Думан Рамазанға, Жолтай Әлмештегіне, үшінші орын Нұрғали Оразға, Кенжебай Ахметке, Жәркен Бөдешке және Мағира Қожахметоваға бұйырды. Оған қоса жүлдегерлер шығармалары екі томдық кітап болып «Ан Арыс» баспасынан жарық көрді.
Сонымен әдебиет атты әлемді дүбірге бөлеген әдеби бәйге мәресіне жетті. Әрине, бүгінгідей дағдарыс кезінде осындай шаралар арқылы билік назарынан қағыс қалып жүрген қаламгерлерге қаржылық қолдау көрсету құптарлық жағдай. Бәйгеге екі жүзге жуық шығарма ұсынылған екен. Дүбірлі додаға кім де болса құнды шығармаларын ұсынатынын ескерсек ең басты жүлдені қазақ әдебиеті иеленгенін аңғару қиын емес. Бір тақырып аясында екі жүз шығармамен толыққан төл әдебиетіміздің қоржыны кәдімгідей салмақтана түсті деп сеніммен айтуға болады. Енді осындай игі дәстүр жалғасын таба берсе екен деген тілекпен тарқасты аталмыш шараға көптеп жиналған қазақ әдебиетінің жанашырлары.
З.АБАЖАН
"Қазақ үні" газеті