Қазыбек Иса. АЛАШ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІН ҰМЫТ ҚАЛДЫРУ – ӘДІЛЕТСІЗДІК!
2021 ж. 03 наурыз
3741
0
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса "Ақ жол" партиясы фракциясы атынан Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Е. Л. Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады. "Қазақ үні" ақпарат агенттігі сауалдың толық мәтінін оқырманға ұсынады.
Құрметті Ералы Лұқпанұлы!
Биыл 30 жылдығы аталып өтетін Қазақ Елі Тәуелсіздігі жолындағы ғасырлар бойғы жанқиярлық күрестердің ішінде Алашорданың орны айрықша!
Орта Азияда алғашқы заманауи саяси партия құрып, Алашорда автономиясын жариялаған Алаш арыстары Азаттық жолындағы ұлы күресте ұлт болашағы үшін саналы түрде құрбандыққа бара білуімен қандай құрметке де лайықты.
Басты Ұраны - Жерді сатпау, Елді сақтау,Тілді сақтау болған Алаш арыстарын ұлықтауды Президенті Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында бастап берді: "Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында Тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды.Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек" – деп, атап көрсетті.
Сонымен қатар Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі комиссияның мемлекеттік деңгейдегі іс-шаралар қатарында Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы да бар екені көңілге қуаныш ұялатады.
Сондай-ақ, Қарағанды қаласының Октябрь ауданына Әлихан Бөкейханның атын беру жөніндегі шешімді халық зор қуанышпен қарсы алды.
Соңғы кезде Алаш тақырыбы ел арасында кең тарала бастағаны өте қуанышты тенденция.
Ел тәуелсіздігі жолында жанын пида еткен Алаш қайраткерлерінің асқақ рухын қастерлеп, есте қалдыру шаралары (көшелерге, мектептерге, елді мекендерге есімдерін беру, ескерткіштер қою, т.б.) елорда мен өңірлерде тиісті дәрежеде жүзеге асуы қажет.
Алайда, Алаш десе қарапайым көпшіліктің есіне тек Алашорда үкіметінің көрнекті көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді бірнеше тұлғаның есімдері ғана келеді. Шын мәнінде бұл тізім әлдеқайда ауқымды.
Еліміздің түкпір-түкпіріндегі Алаш ұстанымын насихаттаған, сол үшін құрбан болған жергілікті Алаш қозғалысы қайраткерлерінің ерліктері ескерілмей, есімдері әліге дейін белгісіз болып отырғаны өкінішті. Бұлардың бәрі Тәуелсіз Қазақ Елі үшін құрбан болғандар! "Әруақ риза болмай, тірі байымайды" деген дана халқымыздың сөзін ұмытуға болмайды.
Сол себептен, 2019 жылы «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев «Алаш» институтымен бірлесіп, бұрын белгісіз болып келген 700-ден астам тұлғаны құрайтын жергілікті Алаш қайраткерлерінің тізімін дайындады. Алаштанушы ғалымдардың зерттеулерінің негізінде жасалған тізімге көпшілік қауымға есімдері ұмыт болған әр өңірдің жергілікті Алаш қайраткерлері енгізілді. Әрбір облыс, қала әкімдеріне сол жерге қатысы бар, сол жерден шыққан Алашшыл азаматтардың тізімі жіберіліп, олардың аттарын жергілікті жердегі көше, мектеп, т.б. нысандарға беруді ұсынған болатынбыз.
Алайда, алынған жауаптар көңілге қонбайды. Көбінесе жауаптар жалтарма сипатта, бұған дейін Алаштың ел аузындағы жиырма шақты танымал басшыларының есімдерін атаумен ғана шектелген.
Сонда біздің шенеуніктер Алаш идеясын бүкіл қазақты оятатын, біріктіретің ұран емес, кейбір жекелеген адамдардың көзқарасы ғана деп көрсеткісі келетін сияқты.
«Ақ жол» партиясы, әрине, бұндай кертартпа әрекеттермен келісе алмайды.
Мысалы, біз Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің өзіне ғана Алаш арманы үшін айқасқан 125 адамның тізімін жібердік! Атап айтсақ, Тұрағұл Абайұлы, Биахмет Сәрсенов, Хамит Тоқтамысов, Жахабай Әтікұлы, Жұбандық Болғанбайұлы және тб. Олардың барлығы еліміздің азаттығы үшін өз өмірлерің саналы түрде құрбан етті. Осы 125 батырдан бір адамның аты ескерілді ме? Жоқ.
Ең өкініштісі - осындай жағдай барлық облыстар мен қалаларда да қалыптасып отыр.
Бұндай әділетсіздікті біз үлкен саяси қателік деп санаймыз. Оған жоғарыда аталып кеткен мемлекет басшысының мақаласы да нақты дәлел.
Жалпы, бізде мемлекет тарапынан бекітілген тізім бар, соған енген тұлғалар ғана әлгідей құрметке ие бола алады. Ол тізімге көп Алаш қайраткерлері кірмеген. Президенттің аталмыш мақаласындағы Алаш туралы талапты ескере отырып, сол мемлекеттік арнайы тізімді қайта қарау керек.
Бізге енді Тәуелсіздіктің 30 жылыында Рухани жаңғыру бағытындағы мемлекеттік мүдде мен ұлттық идеология талап ететін сындарлы саясат пен нақты іс-әрекет қажет.
Сол себептен, «Ақ жол» партиясы, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойының қарсаңында, Алаш қайраткерлерінің қасиетті есімдерін мәңгілік есте сақтап, ономастика тұрғысында қолдану үшін аталған тізімді Үкіметке жіберіп отырмыз.
Осыған байланысты, «Ақ жол» фракциясының депутаттары, 2019 жылы біз жолдаған хаттарды жергілікті әкімдіктерге қайта көтеруді тапсырып, Алаш көсемдерімен бірге мыңдаған жергілікті Алаш қайраткерлерінің қасиетті есімдерін ұлықтау шараларын бақылауға алуыңызды сұрайды.
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары