Сатира - от ұстаған ұл сияқты
2019 ж. 04 наурыз
8144
0
«Адам деген миллиондаған ғасырлардың туындысы» болса, ХХ ғасырдан екі-ақ жас кіші Ғабең, Ғабит Мүсірепов 1956 жылы ашылған саяси-сатиралық «Ара-Шмель» журналының алғашқы Бас редакторы болды. Қазақ баспасөзінің тарихына көз жүгіртсек, бұған дейін де «Садақ», «Шаншар», «Балға» атты әзіл-сықақ журналдары жарық көріп, бесіктен белі шықпай жатып шетінеген сәбидей қысқа ғұмыр кешкенін профессор Темірбек Қожакеев пен Тұрсынбек Кәкішұлы ағаларымыз ғылыми еңбектерінде дәлелдеген. Тумай туа шөккен осы бір әзіл-сықақ үш журналдың тізгінін Бейімбет Майлин, Жүсіпбек Аймауытұлы, Ілияс Жансүгіров ұстағанын біреу білсе, біреу білмейді.
Ұлы Отан соғысынан кейін ес жиып, еңсесін көтере бастаған ел-жұртымыздың езуіне күлкі үйіру керек болды ма, әлде етек ала бастаған қоғам дертіне сатираның «уын» сеуіп айықтыруды мақсат етті ме, әйтеуір екі есеп – бір есеппен «Ара» журналы қанат кақты. Түрлі-түсті бояумен безендірілген саяси-сатиралық журналдың негізгі діттеген бағыттамасы да алғашқы бетте айғайлап тұрды.
Ұшқалы тұрған «Арамын»,
Алдарыңа барамын.
Қисық,
Қыңыр,
Қырсауды
Талқыңа сүйреп саламын.
Жексұрын,
Жылпос,
Тоңмойын,
Төрешілді табамын,
Табамын да, шағамын!
Астыңғы жағына «Ара» деп қол қойыпты. Авторы кім? Белгісіз. Сөз зергері Ғабең жаңа басылымның мазмұны мен мағынасына, көркемдік жағына көп мән бергендіктен, сол кездегі сайыпқыран сатириктеріміз – Асқар Тоқмағамбетов, Садықбек Адамбек, Шона Смаханұлы, Мыңбай Рәшті жұмысқа қабылдап, жұмыла кіріскен. Сонда осы өлеңді кім жазған? Меніңше, төртеуінің де қолтаңбасы бар деп ойлаймын.
Қырғауыл аңға шықсаң атқан тәуір,
Бал болса жанай өтпей татқан тәуір.
Жаманмен құшақтасып бір жүргеннен,
Жақынның аяғында жатқан тәуір.
Алла-тағаланың бұйрығы ма, әлде басыма қонған бақ па, ағаларымыздың табаны тиіп, табалдырығын тоздырған сол «Араның» бір мүйішіне фельетонист болып қабылдандым. Айхай, жиырма бестегі кезім. Жақсы ағалардың аяғында жатқандай өзімді ерекше сезіндім.
Бар арманым – балалар ақыны болу еді. Жұмыстың ыңғайына қарай, сатираның сарайынан бір-ақ шықтым. Кілең күлкінің күймесіне мінген сықақшы ағалардың арасына тап болғаныма таң қалам. Әшейінде әзіл-оспақ жаза қоймайтынмын. Анда-санда тиіп-қашқаным болмаса, сол жанрдың соңына білек сыбана кіріспегенім рас. «Араға» ат ізін салып кеткен сатирик ағалардың қолтаңбасы бөлек. Оқимын да қызығам. Елігем. Еліктеймін. Көбісін көрмегем. Сырттай білем. Ал «Арада» істейтін ақ сауытты ағаларым – Оспанхан Әубәкіров, Оспанәлі Иманәлиев, Мыңбай Рәш, Төленді Нұрмұхамедов, Сақтапберген Әлжіков, Үмбетбай Уайдин, Қажытай Ілиясов. Бас редакторымыз – Нұрғазы Шәкеев.
– «Ара» ара болады, шаққан жері жара болады! – дейді Оспанхан аға.
– «Ара» ылғи шаға бермейді, кейде бал жинайды! – дейді жауапты хатшымыз Сақтапберген Әлжіков.
– «Арада» жұмыс істеу жалаңаш құйрықпен кірпішеннің үстіне отырғанмен бірдей! – депті Қалтай Мұхамеджанов.
Журналдың шежіресіне құлақ түрсем, бір кездері «Ара-Шмель» журналында Олжас Сүлейменов, Жұмекен Нәжімеденов, Әкім Тарази, Сарбас Ақтай секілді атақты қаламгерлер де жас кезінде жанын салып жұмыс істеген екен.
Өлеңімнің басы еді быжық-тыжық,
Басы быжық, болғанмен арты қызық.
Әшейінде өлеңді айтпаушы едім,
Көргеннен соң сіздерді кеттім қызып...
От шайнаса да аузы күймейтін арқасы бар ардақты ағалардың ортасына түскесін маған да желік бітіп, қыза бастаған секілдімін. Бір күні сол аяғын сылтып басып көк көз, көңілді кісі келді. Жазбай таныдым. Садықбек Адамбек!
– Ассалаумағалейкум, аға! – деп атып тұрдым.
– Бір жас бала жұмысқа тұрды деп еді. Сол сен бе? – деді. Басымды изедім.
– Не бітірдің?
– КазГУ-ді... одан кейін Владивосток қаласында екі жылдық әскери-партия мектебінде оқып, жақында оралдым, аға.
– Нешедесің?
– Жиырма бесте.
– Қай жерденсің?
– Шәуілдірден.
– Е-е, Алпамыстың тұқымы екенсің ғой?
Басымды изегендей ишара таныттым. Сол жылдары жүзге, руға бөлініп, әркім жерлестерін жетектеген берекесіз әдет белең ала бастаған екен.
Садықбек ағам:
– Бері жүр! – деді де, дәп бір мен қашып кететіндей қолтығымнан қысып ұстап, бөлмемнен дәлізге шығарды. Сөйтті де жан-жағына жалтақтап қарап:
– Ешкім естіп қоймасын. Мен саған бір әңгіме айтайын! – деді құлағыма сыбырлап. – Ано-о-оу жер түбіндегі құмның қойнауынан жерлестері бір кесірткені Алматыға ап келеді. Аяғының астына құм төсейді. Аузына шөп қыстырады. Шөлдеп өлмесін деп жанына бір құты су қояды. Сол кесіртке бес жылдан соң крокодил боп шыға келеді. Сен, шырағым, «Араға» крокодил боп келген екенсің, байқа, бала!.. Бұлтақтап жүрсең бұлар сені бес жылдан соң кесіртке қып жібереді. «Бөлінгенді бөрі жейді», исі қазақты бөлме, бөлінбе!..
– Ой, аға, мен кесіртке де емес, крокодил де емес, арамын ғой! – дедім әзілдеген сыңай танытып.
Сәкеңмен солай таныстым. Шығармаларын ден қойып оқыдым.
– Аға, – дедім бір күні, – сіздің «Атылған қыз туралы аңыз» деген сатиралық романыңызды оқып шықтым.
– Қалай екен? – деді қиғаштай қарап.
– Индиский кино секілді жүдә, қызық. Кейіпкеріңіз аяқ астынан тырапай асып өліп қалады. Өліп қалған геройыңыз қайтадан тіріліп кетеді...
Байқаймын, бұл пікірімді онша ұната қоймады. «Не деп тұрсың?» дегендей жақтырмаған сыңай танытты.
– Әшейін әзілдегенім ғой, аға. Әр сөзіңіз – найзағай, әр ойыңыз найзадай. Мысалы, халықаралық тақырыпқа жазған памфлетіңізде «Аузына атом бомбасын тістеген ей, ХХ ғасыр, тыңда мені!» деп безерген дүниенің бетін бері қаратып сөйлеуіңіз тасқындаған таланттың белгісі!
– Жүр, үйге! Шай ішіп қайт! – деді Сәкең жүзіне қан жүгіріп.
Негізі жазушының мінезі жас баладай-ау, сәл нәрсеге мұңаяды, сәл нәрсеге тыңаяды. Ойпырмай, ойнап айтам деп шайдан құр қала жаздадым.
Күндердің күнінде жаңадан шыққан «Нива» жеңіл автокөлігін алдым. Ол кезде ондай машинаға қол жеткізу бүгінгі күні самолет сатып алғанмен бірдей еді. Ойда-жоқта Сәкең ұшырасып:
– Мәшинең құтты болсын, – деді, – мені үйге апарып тасташы.
– Жүріңіз, аға.
– О бастағы әдетім сол, мен мәшиненің алдына мінбеймін.
«Ниваның» есігі екеу-ақ, артына отыру үшін алдыңғы есікті ашып, орындығын ілгері құлатып, адамдар үңгірге кіргендей тоңқандап артына бауырлап өтетін. Сәкең сөйтті. Үйіне жеткесін алдыңғы есіктен тонқандап сыртқа шықты.
– Машинам қалай, аға? – дедім көрімдік дәметкендей.
– Отлично! Мінген адамды құйрықтан теуіп кіргізіп, сақалдан сүйреп шығарады екен! – деді. Жәй әшейін айта салды. Табиғи таланттың аты талант қой, шіркін! Әшейін сөзінің өзі әдеби әзіл дүниедей.
Күндердің күнінде Сәкең телефон шалды. Желтоқсан айының екінші жартысы болатын.
– Әй, әнеукүнгі мәшинеңді мініп, азанғы сағат алтыда үйге кел, – деді, – Ақгөбедегі азаматтар соғым сойып жіберген екен. Соны таңертең пойыздан күтіп аламыз. Түсіндің бе? Кешікпе!
Құлқынсәріде вокзалға барып, алты қап соғымды арқалап «Ниваға» арттық та, Қазақстан Жазушылар одағы ғимаратының іргесіндегі үйіне келдік. Төртінші қабатгағы пәтеріне алты қап етті алты рет арқалап шығару оңай ма? Қара терге түстім. Ақтөбелік ағайындар табан қазысы бар бір жылқыны мүшелеп, қазы-қартасын айналдырып, бұрыштап, тұздап дайындап жіберіпті. Оның бәрін балконға жайып қойдық.
Садықбек ағам – Арыстың кісісі. Ақтөбеде кімі бар? Бұл неғылған енапат соғым?
– Биыл жазда Ақтөбе облысындағы жылқышылар ауылын жарты айдай аралап, жол жүріп қайттым! – деді Сәкең сөз тоғанын ағытып. – Өзім де ат мініп, айлы түннің астында жылқы бағып рахатқа баттым. Жылқышылардың өмірі тұнған хикая. Романтика!
Айт дегенде өлеңді үстеуші едім,
Тоят алмай тұғырдан түспеуші едім.
Теңбіл көктің баласы – затым тұлпар,
Тұнық судан басқаны ішпеуші едім! – деп халқымыз жылқыны жырға бекер қосты ма? Жылқы баласы кез келген суға тұмсық тіремейді, жүзіп барып тұнығынан ішеді. Міне, сол жылқышылар өмірінен очерк жазғым келді. Көп материал жинап кайттым. Сөйтсем, мен белгілі ақын, беделді композитор Бәкір Тәжібаевтың «Ақбұлақ» ауылына барыппын. Ақтөбенің вокзалында Бәкірмен ойда-жоқта жолығып қалдым. Мен Алматыға бара жатырмын. Ол Алматыдан келе жатыр екен. Амандасып, қауқылдастық.
– Иә, Сәке, біздің жаққа... Кездесуге кеп пе едіңіз? – деді Бәкір.
Жай-жапсарымды түсіндіріп, пәлен-түген деген жылқышылардың жайлауында жарты ай демалғанымды айтып, ризашылықпен қайтып бара жатқанымды тілге тиек етіп ем:
– Оһо-о, тура біздің ауылға барған екенсіз ғой! – деп Бәкір балаша қуанды. Сосын «Қалай, астыңызға ат мінгізді ме?» деді.
Үндемедім. Қалай үндейін, аудан басшыларынан ондай сый-сияпат көргенім жоқ. Қалай көрейін, өйткені мен олардың ешқайсысына жолыққам жоқ. Қалай жолығайын, бір басшысы – комаңдировкада, екіншісі демалыста екен.
– Қойыңызшы, – деді Бәкір менің сөзіме иланбай, – жасырып тұрсыз-ау? Біздің аудан бай аудан. Бір ат мініп, бір ат жетектеп қайтқан шығарсыз?
– Сенбесең алмағанымды айғақтап, жазып берейін! – дедім. Ол да қуақы екен, сөмкесінен қағаз бен қалам суырып, қолыма ұстата қойды. Қапелімде не дейін, әзіл-шыны аралас бір шумақты сүйкей салдым.
Бардым, Бәкір, «Ақбұлақ» отаныңа,
Мыңғырған мал сыймайды қотанына.
Па, шіркін, ақын елі қандай жомарт,
Мініп қайттым өзімнің қ...ма!
Кейін Бәкір барып өлеңімді аудан басшыларына көрсетсе керек. Мынау содан келген соғым ғой.
***
...Жаңа жыл қарсаңы. Екі құрдасым екі кештің арасында:
– Ет табасың ба? – деді.
– Оны неғыласыңдар?
– Қыздар пәтеріне шақырып еді. «Ет ала келіңдер» деп тапсырған. Базар жабылып қалды. Дүкенде ет жоқ.
– Сендерде бет жоқ...
– Өз үйіңнен өзің ұрлап алсаң да, бізге ет тауып бер! – дейді екеуі қасапшының пышағындай жалаңдап.
Садықбек ағаның балконы көз алдыма елестейді. Бір жылқының еті жайрап жатыр. Ендігі сүр боп та қалған шығар?
– Жүріңдер!
Салып ұрып Сәкеңнің үйіне бардық. Екеуінің біреуіне:
– Анау төртінші этажды көрдің бе? – дедім.
– Иә!
– Мен сол балконнан ет лақтырам. Сен қарға түсірмей қағып алып тұр. Жарай ма?
– Ал, мен ше? – деді екіншісі.
– Сен менімен бірге барасың. Садықбек Адамбеков – үлкен сатирик. Амандасып біткесін аяғыңды шешпей: «Аға, сізді көргеніме қуаныштымын. «Аюбайдың ажалы» деген пьесаңыз керемет!» деп мақтай бер. Мен сол кезде балконға өтіп кетемін де, ет лақтырам. Келістік пе?
– Қайтадан айтшы, – деді ол, – Сәкеңнің неменесі керемет деп мақгаймын?
– Пьесаңыз керемет деп айта бер.
– «Пьеса» деген немене?
– Өй, мақау! Е, жарайды... «Аюбайдың ажалы, Аюбайдың ажалы» деп судырата бер.
Келістік. Есігін қақтық. Ашты. Сәкең:
– Әй, қулар, екі кештің арасында неғып жүрсіндер? – деді секемдегендей.
– Сізді Жаңа жылыңызбен құттықтап келдік, аға.
– Е, онда жоғары шығыңдар!
Аяқ киімді сірісінен басып сыпырып, босағаға тастадым да, балконға тарттым. Уақыт жоқ. Жұмыс қауырт. Сәкең сыртымнан:
– Әй, қайда барасың? – деді. Естімеген болдым. Құрдасым болса Сәкеңнің алақанын амаңдасқан күйі қысып ұстап ешқайда жібермей тұрғанын байқап қалдым. «Аюбайдың ажалын» айтып біткенше, бір-екі етті лақтырып үлгердім. Бөрікті аспанға лақтырып жерге түсетіндей уақыт болған жоқ, Садықбек ағам сарт еткізіп білегімнен ұстап алды да, ішек-сілесі қатып күлді:
– «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» деген рас екен. Детдомда жүргенімде түнде бақанға жайып қойған жұрттың етін мен де ептегем. Бірақ сен сияқты біреудің үйіне баса-көктеп кіріп сүбелі соғым ұрлағам жоқ. Бір көжелік, жарты көжелікке жететін екі-үш түйір ет алатынмын. Мен ғой – детдомның жетім баласымын. Сен ше? Көпен Әмірбеков атыңмен ет ұрлап басыңа не күн туды сонша? – деді. – Ет ұрлайтын болсаң еті тірі, көзі ашық адамды ертіп жүрмейсің бе? Мына барымташы балаң қолымды қысқаштай қысып «Аюбайдың тажалы, Аюбайдың тажалы!» деп ұрып тұр. «Әй, әдебиеттің иісі мұрнына бармайтын баланы қайдан тапқансың?» деп саған айғайласам – жоқсың. Балкон жаққа бара жатқаныңды сезгем. Жүрегім су ете қалды. «Пошел, вон!» деп қолымды сілкілеп жұлып алып, саған келсем... Шынында да, Аюбайдың тажалын жасап жатыр екенсіңдер.
– Біздікі ұрлық емес, аға. Жиендік. Сіз маған нағашы боласыз.
– Немене, шешең құлшығаш па?
– Жо-жоқ...
– Енді не?
– Әкемнің әкесінің әкесінің шешесі құлшығаштың қызы болған екен.
– Әй, сенің мынауың да ұрланған еттей шіп-шикі. Өтірік!
Баласы әке-шешесіне ұқсамаса «Нағашыларына тартқан» деп жарастырып қоятын жақсы жорамал бар ғой. Біздікі де сол сияқты болды.
Ағамыз сыбағамызды берді. Жер-жебірімізге жетіп әкемізді танытып ұрысқан жоқ. Бір-екі асым етті сөмкемізге салып:
– Мынау келіннің сыбағасы! – деді. Сыбағаның қай келінге кеткенін қайдан білсін.
– Рахмет, көке! – дедік те жөнелдік.
Көкемнің көркем дүниесі өз алдына, басынан кешкен базыналы оқиғалары Қожанәсір хикаясынан да қызық.
«Ара» журналының отымен кіріп, күлімен шығып жүрген кездерінде Садықбек ағаны шоқтілді Шона Смаханұлы қоярда қоймай:
– Біздің үйге барып демалайық! – дейді. Жол-жөнекей Сәкеңе арақ-шарап, сыра-пыра, тіске басар «зәкүскелер» алғызып, үйіне барады. Азын-аулақ бау-бақшасы бар үй екен, ағаш астында отырып сыралатады. Сырласады. Қараңғылық түскеңде:
– Қайтам! – дейді Сәкең.
– Қайтқаның не? Қон. Таңертең қоян соям! – деп Шөкең жібергісі келмейді. Сонда Садықбек аға айтыпты:
– Аңқау деме Шонаны,
Шона да мені тонады.
Қоян соям дегенге,
Қай ақымақ қонады!
...Қақаған қыста бір беделді кісі қайтыс боп, марқұмның жерлеуіне қатысады. Аязды суықта молда құранды ұзақ оқыса керек. Жуық арада аяқтайтын түрі жоқ. Сонда Садықбек аға атып тұрып:
– Әй, дүмше молда, мені мынаумен бірге көмейін демесең, тоқтат! – деп айғай салғаны осы күнге дейін ел аузына аңыз боп тараған.
Халық әртісі Асанәлі Әшімовтің естелігі ғажайып.
– «Қыз Жібек» фильмін тапсыру үшін Мәскеуге бардық. Кремльдің іргесіндегі «Россия» конақүйіне жайғасып алғасын, Әнуар Молдабеков екеуміз тамақ ішейік деп ресторанға кіріп барсақ, Садықбек Адамбеков жүгерінің шашағындай орыстың сап-сары қызымен отыр екен.
Шүйіркелесіп амандастық. Ай-шай жоқ, жанындағы бос орындықка жайғасып, қазақшалап мал-жан амандығын сұрастық. Сәкеңнің қолы ашық, қонақжай жазушы деп естігенбіз. Обалы не керек, даяшыны шақырып, ас-тамақты аямай алдырды да:
– Әй, қулар, ақыры менің счетымнан тамақ ішетін болдыңдар ғой. Қарап отырмай мені мына орыс қызға мақтап отырындар! – деді. Іздегенге – сұраған, алдымызға жан саламыз ба, жандырып сөйледік. Орысшалап тост көтердік.
– Сіз әлем мойындаған әдебиетшісіз. Алматыда қолға түспейсіз, Мәскеуде көргенімізге қуаньшпымыз! – деп алғашқы тосты алып қойдық.
Әнуар да құрыққа сырық жалғап, өтірікті шындай, ақсақты дыңдай қып қиюластырды.
– Былтыр «Советский писатель» баспасынан сіздің төрт томдық таңдамалыңыз шықты. Алғысөзін Сергей Михалков тамаша жазыпты. Сіздің досыңыз Сергейдің денсаулығы үшін! – деді.
Алып қойдық. Сол сол-ақ екен, өтірікке етіміз үйреніп, бетіміз бүлк етпей көкемізге көпшік қойған тостарды көбейттік.
– Шекспирден кейін Лондонда өте табысты өткен спектакліңіз үшін! – дедік.
– Токиодо тоғыз рет болдыңыз. «Жапонияның құрметті азаматы» деген атағыңыз үшін! – дедік.
– Америка академиясының профессоры атаныпсыз. Атағыңыз құтты болсын! – дедік.
– Африканың аңшылар қоғамына мүше боп, бұрнағы жылы ұзындығы он бес метр айдаһар анаконда жыланын атып алыпсыз. Сіздің мергендігіңіз үшін! – дедік.
Ақырында амалымыз құрып, өтірігіміз суала бастады. Не дерімізді білмей сасқалақтадық, Қыза-қыза келе:
– Уважаемый, Саке! Вам пора Нобелевскую премию!.. – дей беріп ек, ағамыз сөзімізді шорт бөліп:
– Әй, қулар, – деді, – осы жерден тоқтай қалыңдар, әрі қарай бүлдіресіңдер!..
Бұл – мың хикаяның бір парасы ғана. Топталып айтса, томға жетеді.
***
– Сатирик Садықбек Адамбековтің алпыс жасқа толуына байланысты мақала жазуды саған жүктеп отырмыз! – деді редакция қызметкері арнайы тапсырманы телефонмен хабарлап. – Реті келсе, кезінде комсомол ақыны атанған Сәкеңе сәлемдесіп, сұхбат жүргізсең құба-құп болар еді.
– Жарайды! – деп келісе кеттім. Сәкең шығармасының қыры мен сырын, яғни қай кезде еміренетінін, қай кезде тебіренетінін бір кісідей білсем де, сұхбатты қалай жүргізудің қыбын білмей қобалжыдым.
Менің қай сұрағыма қандай жауап қайыратынын алдын-ала сезсем де, сұхбат алуға бәрібір келе жатырмын. Қызық үшін іштей Садықбек Адамбековпен сұхбат жүргізе бастадым. «Өзіңіз өндіртіп жазған сықақ әңгіме мен фельетонның айырмашылығын қалай түсінесіз?» десем, Сәкең сәл де ойланбастан сөзінің тоғанын былай ағытар еді, әрине» деп сыртынан тон пішіп, топшыладым.
– Шырағым, сенің бұл сұрағың «Күрке үлкен бе, күрке тауық үлкен бе?» деген секілді екен. Сықақ әңгіменің де, фельетонның да өз ерекшеліктері бар, екеуінің пропискасы бір жерде болғанымен, паспорттары бөлек. Бір де бір сатиралық шығарма қуаныш нышанынан жазылған емес. Жаман адамға тән бір белгі – сатирикке түрткі салады. Сатирик тазы сияқты, кейіпкері – түлкі, екеуі бірін-бірі қуа жөнеледі. Түлкі қолыңа түспесе, яғни есебін тауып ініне кіріп құтылып кетсе, тазы тақырға отырып, қыңсылап қалмай ма? Сол сияқты фельетонист есебін таба алмаса, сәтсіздікке ұшырайды. Қолға қалам ұстағанда көздеген нысана – жан-жағын зерттеп алмай, үстірт жазған фельетон бүгін фельетон болса да, ертең сықақ әңгімеге айналдыруға жарамай калады. Оның себебі, сатирик бір күннің ғана бояуын тапқан, ертең жел қағып, қар борағанда өшпей қалатын бояуды ойланбаған. Сондықтан, өз тәжірибемде, сықақ әңгіменің бастапқы төркіні – фельетон. Көркем жазылған фельетон көркем сықақ әңгімеге айналуы оп-оңай.
Сауал:
– Сіз әдебиетке әуелі «Өмір тойы» атты өлеңдер жинағымен келдіңіз. Қазіргі ғасырдың қақ жартысында ән текстерін жазумен айналыстыңыз. Осы салада қандай ой-пікірлеріңіз бар?
Садықбек:
– Бұл сұрау айтуға оңай, ойлауға қиын мәселе. Оқылатын лирикалық өлең мен орындалатын сезімтал ән сөзі екеуі екі бөлек тұлға. Бұл жағдайда бүгінгі ән мәтінін жазушылар халық әндерінің асыл сөздерін жете зерттей бермейді. Кейде алдыңғы екі жолды ұйқас үшін алса да, соңғы екі жолында әрі қарапайым, әрі сыршыл тез жатталатын өлең сөздерін төгіп салады халық.
«Ауылым көшіп барады Қарғалыға,
Кім көнбейді Алланың салғанына.
Іштегі дерт сыртымнан көрінбейді,
Ат жалдап, түйе бойлар арманыма».
Ал, бұған не дейсіз? Соңғы екі жолында бір романның оқиғасы жатыр.
...Дарияның жарға соққан толқынындай,
Көз салған көрінгенге көңіл арсыз.
Не деген ғажап сурет! Бүгіңде көпшілік әндеріміз батыстың бақырауық әуеніне үн қосып кетеді. Біз «жаңа ән» дейміз, ал оның халық, ұлт әуенінен алыстап бара жатқанын байқамаймыз. Гоголь тілімен айтқанда, «ұлттық ерекшелік үстіне киген кафтанынан емес, халықтың рухани өмірінен көрінетінін» ескере бермейміз.
Сауал:
– «Маржан қыз» сияқты сезімді лирикаңызға композитор Әбілахат Еспаев ән шығарды. Осы күнге дейін ел аузында. Әннің қайырмасы:
Кездескен күн есімде,
Айлы жаздың кешінде.
Еске сақта, қалқатай,
Айта берем несіне.
Ұйқастары «есімде – кешінде – несіне». Соңғы ұйқасыңыз жартыкеш кірпіш секілді онша қаланбай тұрған сияқты.
Садықбек:
– Итбай деген адам бар, Бошалақ деген адам бар. Соларға есімің онша емес екен деп теріс айналмайсың ғой. Әңгіме адамның атында емес – адамгершілігінде, ішкі жан дүниесіңде.
Немесе, баяғы замаңдағы бабаларымыздың аузынан түскен қара өлеңге қараңыз: «Қайырсыз болған жазыңнан – Қайырлы болған қыс артық. Көрінбеген алтыннан – Пайдасы тиген мыс артық. Пара жеген билерден қасқыр алған ит артық».Ұйқастары – «қыс артық – мыс артық – ит артық». Осы «ит артық» деген сөз алдыңғыларымен жымдасып, қабысып тұр ма? Ұйқаспайды. Бірақ ол сөз өз орнында тұр. Әңгіме ұйқасында емес, құйқасында. Әңгіме айтар ойында, мағына-мазмұнында. Кейінгі жас буын ақындардың өлеңдерінің ұйқасы ит тұмсығы батпайтын ну орман сияқты. Кіріккені сонша – бір-бірінен ажырата алмайсың және ішіне де кіре алмайсың. Солар менімше мазмұн қумай, ұйқас қуады-ау...
– Мұхаң, Мұхтар Әуезов, «Мәлік Ғабдуллинге жауап хат» деген мақаласында сіз туралы «Ақындық тәжірибесінде мол пайдаланбаса да, фельетон әзіл-әжуа түріне ауысып, сол кішкене көркем жанрда өз өнерін өткірлеп, айқындап ашып келе жатқан С.Адамбековтің тілі де сүйсінердей нәр танытты»... деп жылы лебіз білдірген екен. Ұстаздар ұлағаты жөнінде сыр шертсеңіз.
– Ең үлкен бақытым, жалғыз менің ғана емес, замандастарымның бақыты – қазақ әдебиетінің классиктері – М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин сияқты қайталанбас тұлғалармен қаламдас болдық, табақтас болдық, ұстазымыз деп өнер үйрендік. Осы үркердей тұлғалардың үлкен әсері творчествомызға өшпес өң, сыры кетпес бояу берді. Ғабең менің «Біздің үйдің жұлдыздары» атты пьесамды оқып болып, жылы шыраймен көз қырын бір тастағанша жанымды көк шүберекке түйіп отырғаным әлі есімде. Сәбең «Күн мен көлеңкені» (комедия) кешкі сағат он жарымнан бірге дейін оқып, таңғы үшке дейін ақылын айтып, қуанып шығарып салды. Бұл жалғыз ғана мен емес, жілігі татитын шығарма жазатын, көзге көріне бастаған барлық жасқа осылайша қамқорлық жасады. Бұлар бізге шығарма жазып берген жоқ, жазғанымызға өкіл әке, кіндік шеше бола білді. Кейінгі жылдарда жас қаламгерлердің ішінен «Пәлен жазушыға барьш, пәлен шығармамды оқыдым, пәлендей пікір айтты» деген сөзді естіген емеспіз. Олар жазу кухнясын құпия сақтап, баспаға бір-ақ тартатын сияқты. Өзін-өзі ұстаз санайтын тәкаппардан татымды шығарма шығып жүрген жоқ. Сондықтан, баспа басып шығарса да, оқушы қауым қолға ұстамай, кітап дүкендерінде шаң басьп жатады. Бұл – ұстаз алдынан өтпеген шығармалар. Демек, ұстазы жоқ жазушының шәкірті де болмайды. Жас жазушылар осы қатерден қатты сақтанғаны жөн.
Сауал:
– Жанрыңыз қауқарлы болғанмен, жаныңыз жауһарлы. Жан-жағыңызға шуақ шашып жүресіз. Шыж-быж шыдамсыздығыңыз болмаса, долданған мінезіңізді көрмедік...
Садықбек:
– Қателесесің, қарағым. Алты ай ақ түн боп тұратын мені Ленинград дейсің бе? Менің мінезімде төрт мезгіл маусым бар. Табиғатым солай. Бірде көктем, бірде жазбын, бірде күзбін, бірде қыспын. Абайдың әкесі Құнанбай діні қатты кісі болған. Қыстың көзі қырауда сиаз өткізіп, ел жуандары бір руға ызғарын шашпақ болғанда Көкшеден Бектас деген кісі Құнанбайға кеп: «Е-е, Құнанбай, жарқырап жаз шықпаушы ма еді? Күркіреп күн шықпаушы ма еді? Қыстың айы алтау еді, енді сенімен жетеу болды ма?» депті... Сол сияқты менің мінезімде алты ай қыс жоқ. Кей-кейде жапалақтап жауған қардай болсам да, тез еримін...
***
...Осылайша іштей өзіммен-өзім сұхбат жүргізіп келе жатып сатирик Садықбек Адамбектің Қазақстан Жазушылар одағы ғимаратының іргесіндегі үйіне маңдайымды тірегенімді бір-ақ білдім. Жазу столында қағаздарын тері жайғандай жайып тастап, жұмыс үстінде отыр екен.
– Кел, қарағым, жоғары шық!..
Мен «Алпыс жасқа толуыңызға байланысты сұхбат алуға келіп ем» деп айтуға аузымды ыңғайлай бергенімде Сәкең сөзімді жалғастыра жөнелді.
– «Қасқырдың көзі» атты жаңа сатиралық романымның соңғы нүктесін қойғалы біраз уақыт болып еді, – деді ол. – Үстінен үшінші рет қарап, қол жүгіртіп жатырмын қазір.
«Жо-жоқ, мен сірә сұхбатымды Сәкеңнің жетпіс жылдық мерейтойынан кейін жүргізгенім жөн шығар...»
Садықбек ағамның алпыс жылдығына байланысты жазылған «Өз өнерін өткірлеп, айқындап ашқан сатирик» деген мақалам 1982 жылы «Лениншіл жас» (Қазіргі «Жас Алаш») газетінің 19 қараша күнгі санында жарияланды. Алайда алпыс жылдығы да, жетпіс жылдығы да Алматыда аталған жоқ.
***
Кеше ғана Мұхаң, Мұхтар Әуезов сақалды інісі Садықбекке: «Осы ата сақалы шыққан жігіттің иегіндегі әр қыл түбінде бір-бір періште отырады деуші еді бұрынғылар. Сенің, Садықбек, сақалыңның әр талыңның түбінде бір-бір сайтан сығалап тұр-ау!» деп еді. Ал, бүгін ше? Бәрі де көзді ашып-жұмғандай, ғасырдың өзі қас-қағым сәттігіне қамықты ма? Кім білсін...
Біз білетін Сәкең ешкімнің бетіне келген емес. Сәт келсе иіліп, келінге де сәлем бере салатын. Тіпті кеуде қағып, кердеңдеген «шала Шекспир мен толмаған Толстойларға» да «Әй, мұның қалай?» демейтін. «Байғұстың бары сол ғой» деп қоя салатын. Ұстаз тұтқан ұлы Мұхаңның «Ең алдымен, жақсы жаздым екен деп асқақтамау керек, тумай тұрып толдым, жазбай жатып болдым деуден қашу керек. Бұл мінез адамды жаман нәрсеге апарып ұрындырады. ...Өзіне-өзі ғашық болушылық – бұл адамның үлкен соры» деген даналығын Темірқазық етіп ұстаған қаламгер.
Ұлтының ұлы болған қайран көкем, парасатты ойын параққа түсіріпті.
Қазақтың ұлт белгісі:
1. Батырлық.
2. Адалдық.
3. Тазалық.
4. Мырзақол.
5. Кешірім.
Бес белгіні беттің арындай көрген қайран көкем, 2002 жылы сексен жасында дүниеден озды. Сол жылы жабылып қалған саяси-сатиралық «Ара» журналы қанат қағып, қайта ашылды.
Жазушы ағам Дулат Исабек:
– Сенің жаның да, жанрың да жақын ғой. Бізге қарағанда жассың, Садықбек ағамыздың мұрасын жинақтап, шығармашылық кешін өткізуді қолға алшы! – дегесін нартәуекелмен іске кірістім.
Қадыр аға Мырза Әлиді алға салып, «Түркі әлемі» киностудиясының директоры, сатирик Доқтырхан Тұрлыбек және Парижден келген қазақ бауырымыз Көпжасар Дініш төртеуміз Сәкеңнің туған жеріне барып, кездесулер өткіздік. Арыс қаласының әкімі Шаймерден Сатымбеков бүкіл іс-шараларды ұйымдастырып, зыр жүгірді. Доқтырхан жарты сағаттық деректі фильм түсіруге кірісті.
Естеліктер жинағын құрастыруға Садықбек Адамбек шығармашылығы жөнінде кандидаттық диссертация жазған жас ғалым шымкенттік Тұрсынай қарындасымыздың себі көбірек тиді. Кезінде араласқан тамыр-таныс, жора-жолдастарына телефон шалып, әр қиырдан Сәкеңнің екі жүзге жуық фотоларын жинақтап, бірсыпырасын сол кітапқа енгіздік.
Қысқасы, естеліктер жинағының құнды боп шығуына зерделі сыншы, зерек ғалым Шерияздан Елеукеновтен бастап ауыл оқырмандарына шейін атсалысты. Мысал үшін, ақтөбелік Тауман Төрехановтың естелігінен: «...Дүкенде «Атылған қыз туралы аңыз», «Аюбайдың ажалы» кітаптарының әрқайсысынан оншақты данасынан бар болып шықты. Қас-қағымда талап кетті, Сәкең де қолтаңба беріп үлгерді. Сол жерде әдемі шетелдік тон киген бір сұлу келіншек алдымызды орап өткісі келіп еді, Сәкең:
– Бикеш, сәл бөгелші, тоның әдемі екен! – деді.
– Ал өзім ше? Тонды әдемі қылып тұрған осы тон ішіндегі бикеш шығар, – деп жармаса кетті, миығын тарта күліп.
Сәкең сәл бөгеліп қалды да:
– Сіздің сұлулығыңызға көз жетпейді, – деді келіншекті барлай қарап. Шынында да, келіншек ақ тон ішінде киіктің ақ бөкен лағындай ойнақшып-ақ тұр. Тостағандай қара көзін төңкеріп тастағанда, ішіңді өртеп жібереді. Қасына бір жігіт келіп, жаңағы бізді елітіп тұрған келіншекті жетектей жөнелді.
Келіншекке көзін қысып қалды. Ол қып-қызыл болып кетті.
Сәкең таңдайын бір қағып, менің иығымның үстіне қолымен қойып қалды. Содан соң:
– Мына бикеш, неткен әдемі еді. Мұнымен бір төсекте жататын жігіттің не арманы бар екен, ә? Иә, «көз салған көрінгенге көңіл арсыз» деген ғой. Желмен майысқан келіншектер осы елде көп-ау деймін, – деп бір қойды да:
– Тауман-ау, жаңағы сұлу менің есіме бір кереметті түсіріп жіберді. Алматыдағы Калинин көшесінің бойынан орталық гастроном жаңадан ашылған. Үстіме ағылшын ақ қойының терісінен тіккен тонымды кие салып, осы гастрономға келдім. Әйнекті витринаға келіп, ішінде жатқан шұжықтарға көз салып тұрғанымда, тонымның шалғайын қотыр ешкіше сүйкене өткен біреу жарқ еткізіп, ашып кетті. Етегімді жинайын деп ыңғайлана бергенімде, жаңағы сұлу келіншектей бір жас әйел, жетектеген баласы бар, менің тонымның шалғайына қарап қалған екен. Әйелге мойнымды бұра мына қысық көкшіл көзімді қысып-қысып жібердім. Сол кезде әйел:
– Вася, мына кісі маған көзін қысады, – деп дауыстады.
Жаңағыдай болмай, еңгезердей бір дәу қара әйелдің қасына жетіп келіп:
– Не болды? – деді.
– Мына кісі көзін қысады, – деп қайталады. Жігіт маған қарады, оған да көзімді қыстым. Сол кезде жігіт келіншекті жетелей жөнелді.
– Дура, ол адам маған да көзін қысты. Шамасы ол ауру болар, – деді.
Есікті жігіт аша бергенде әйел маған қайта қарады. Мен әйелге көзімді қайта қысып, сұқ саусағамды шекеме шұқып қала бердім. Басың істемейді дегенім еді».
Тар жердегі тапқырлық қой бұл.
Дүние ойлап тұрсам, қос уыстай,
Түрленген қайран күнім тоты құстай.
Барында оралыңның ойна да күл,
Қалармыз әр төбеде қосылыспай...
Оралының барында ойнап-күлген күндері сағымдай бұлдырап, сағынышқа айналды. Ғаббас Қабышұлына жазған соңғы хатында: «Бір арманым – елу жыл өмір сүрген Алматыны көріп кетсем деуші едім... Қайран қасиетті қара шалдардың басына құран оқып, қоштасып кету бұйырмайды-ау маған, шамасы. Бүгінгі түңіліс осындай» деп «таланттың жолында, азаптың отында отырып» көңіл күйін көз жасына шылаған-ды. Әйтсе де әл-ауқатын жинақтап «Сатира от ұстаған ұл сияқты, лирика гүл ұстаған қыз сияқты» деді. Үміт жібін үзген жоқ. Ширықты. Өзін-өзі ширатты. «Әдебиет әлемінде от ұстап келіп едім, отқа оранып өлетініме кәміл сенетін шығарсың, Ғаббасжан!» депті. Дегені келді. Отқа оранып дүниеден озды. Топырақ қасиетті Түркістаннан бұйырды.
Көпен Әмірбек, сатирик-жазушы
qazaquni.kz