Қазақтың ару қыздары
2017 ж. 07 наурыз
18673
4
Баян сұлу
Ауыз әдебиеті кейіпкері, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанында жырланатын сұлу қыз. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры – Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» сияқты аса көрнекті туынды, ұлттық фольклорымыздың ең асыл маржандарының бірі. Классикалық эпос болғанда да оның ең лирикалық түрі – ғашықтық жыр үлгісінде дамып, соған тән барлық қасиетті бойына дарытқан. Жырда Қозы мен Баянның бір-біріне деген махаббаты да бірден лап ете түспейді, олардың сүйіспеншілігі өрбу, күшею үстінде көрсетіледі. Жігіт пен қыз махаббат жолында құрбан болады. Поэманың көркемдік желісі орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкинді де бейжай қалдырмаған. Оның жазбаларының ішінен белгісіз адамның қолымен жазылған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының үзіндісі (шамамен 1833 жылы, оның Орынборға жасаған сапары кезінде болса керек) табылған. Балалары бесікте жатып, бесік құда боламыз деп екі бай серттеседі. Алайда, ұл баланың әкесі қапыда мерт болып, қыздың әкесі жетімге қызын бергісі келмей, уәдені бұзады. Жастайынан бірін-бірі танымаған Қозы мен Баян Жаратқанның құдіретімен бір-біріне ғашық болады. Баян керемет сұлу боп бой жетеді.
Аққу құстай жарқылдап оның мойны,
Бұл дүниенің қызығы қылған ойны.
Бұралған тал шыбықтай сұлу Баян!
Баянның сыртқы сұлулығына ішкі жан дүниесі де, мінез-құлқы да, қимыл-ісі де сай. Баян өте ақылды, байсалды, төзімді, сабырлы. Құдай қосқан жарын ұзақ жылдар бойы сарғая күтіп, зор шыдамдылық көрсетеді. Өзін іздеп келген Айбасқа сыр бермей, оның аңысын аңдып, кім екенін, неғып жүргенін, анық Қозыдан келгенін білгенге дейін байсалды мінез танытады, өзінің сырын ашпайды. Баянның бейнесі – бүкіл қазақ фольклорында кездеспейтін ерекше образ.
Қозы Көрпеш – Баянның болған шағы,
Таза гүлдей ашылып, толған шағы.
Қозы Көрпеш өлгенде Баян да өлген,
Сондай болсын әркімнің алған жары.
Қозы Көрпеш зұлым Қодардың қолынан қаза болады. Көз жасына ерік берген Баян қаныпезер жауынан кек алмаққа белін бекем байлайды. Ол оған терең құдықтан емдік су алып беруді өтінеді. Баянның бұрымынан ұстап Қодар құдыққа түсе бастаған кезде қыз бұрымын кездікпен бір-ақ кесіп, қанішерді шыңырауға құлатады.
Ата-бабалардың дәстүрі бойынша, жыл өткен соң ол қаза болған жарына ас береді. Сүйген жарының қайтыс болған жерінде биік кесене орнатуға бұйырады. Кесене дайын болғанда Баян егіле жүгіріп кіреді де, өз жүрегіне қанжар сұғып, сол жерде қаза болады. Аңыз бойынша, қабірдің басында екі хош иісті гүл өсіп шыққан деседі, ал екеуінің ортасында тікенекті ошаған өскен екен. Тәкаппар әрі батыл, сұлу Баян мен батыр Қозы Көрпештің ғашықтық хикаясының тарихы осындай. Шығыс Қазақстан облысы жерінде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу зираты» атты кесене бар. Баян сұлу бейнесі театр спектакльдері мен кинода сомдалған. Есімі қазақтың қыздарына, әр алуан сауда, демалыс орындарына қойылған.
Гүлбаршын
Аңыздағы Алпамыс батырдың жан жары. «Алпамыс батыр» дастанында жырланған. Батырлар жырының ішінде «Алпамыс батыр» дастаны елеулі орын алады. Шығарманың бірінші бөлімінде батырдың айттырып қойған жарының үй-іші көшіп кеткен қалмақтардың еліне барып, қалмақ батырларымен болған сайыстары туралы айтылады. Жалпы алғанда, құдалық эпикалық кейіпкер өмірінің бір сатысы ретінде ерекше маңызға ие болады. Белгілі филолог, халық дастандарын зерттеуші, академик В.М.Жирмунский: «Кейбір этнографтар осы бір ертегі сюжетінен матриархаттық қатынастардың қалдығын көрсететін нақты салт-дәстүрдің бейнесін көреді, бұл дәстүр бойынша, патшалыққа мұрагерлік еркектер арқылы емес, әйелдер арқылы беріледі және патша тағы да ұрпақтан-ұрпаққа басқа рудың еркегіне, тіпті кейде ханшайымдардың біріне үйленгеннен кейін сол елдің патшасы болатын жат жерлікке де беріліп отырған», – деп жазған.
Неке ойын-сайыстары дәстүрі де қызығушылық тудырады. Жігіттер мен қыздардың ат үстінде шабу өнер сайысында осы күнге дейін қазақтар мен қырғыздарда сақталып келген «Қыз қашар», сирегірек «Қыз-бөрі» немесе «Қыз қуу» сияқты ойындарда кездеседі. Белгілі түркітанушы Ә.Диваев «Қыз қашар» ойынына сипаттама береді: «Қымбат киім киген ұзатылатын қызды ең жүйрік тұлпарға отырғызады, оны мерекеге сай киінген қыз-келіншектер қолпаштап, бірге жүреді. Қыз жігітке өзі қай жерге дейін шауып жететін межені белгілеп көрсетеді».
Алпамыстың бесіктен белі шықпай жатып, әкесі оған Сарыбайдың қызы Гүлбаршынды айттырып қояды. Алайда, болашақ құдалардың арасында кикілжің туып, соның кесірінен айттырған қыздың әке-шешесі қалмақ ханы Тайшықтың жұртына көшіп кетеді. Аты-заты белгісіз, жеккөрінішті қалмақ батырларына ұзатылып кетпес үшін Гүлбаршын сайыс ұйымдастырады да, қай жеңіске жеткеніңе ризашылығымды беремін дейді. Ол өзін бала күнінде атастырған Алпамыс келіп, жеңіске жетеді деп үміттенеді. Екеуінің ыстық махаббатының арқасында Алпамысқа күш-қайрат қосылып, жеңіске жетеді.
Гүлбаршынға үйленгеннен кейін Алпамыс келіншегімен бірге туған ауылына оралады. Дастанның екінші бөлімінде Алпамыстың ауылда болмаған кезін аңдып, қалмақ ханы шабуыл жасап, бар малды айдап әкететіндігі туралы айтылады. Алпамыс Тайшықтан кек алмаққа бекінеді.
Алпамыс өзінің туыстарына Гүлбаршынның әне-міне туатын ұлын Жәдігер деп атап, батыр етіп тәрбиелеуді тапсырады. Батырдың көрмегені болмайды. Алпамыс жеті жыл бойы ханның зынданында отырады.
Ол жоқ кезде оның туыстарына да оңай болған жоқ. Жексұрын Ұлтан құл әкесі мен атасының малын бағатын бақташы етіп, баласы Жәдігердің аяқ-қолына кісен салып, шешесі мен қарындасын күң етіп, Гүлбаршынға ауыз сала бастайды. Гүлбаршынның түсінде аян береді: жібек балақ бау тағынған ақ бүркіт келіп қолына қонады. Ол Алпамыстың туған ауылына келгендігін сезеді, оның енді бұларды құтқаратындығына сенеді. Анасы баласы Жәдігерге әкесінің оралғандығы туралы айтады. Алпамыс батыр еліне келіп, жауын жер етіп, отбасы мен елінің жағдайын түзеп, қалпына келтіреді. Кіршіксіз ару Гүлбаршынның бейнесі – еріне адал, тағдырдың тауқыметін мойымай көтерген, баласы Жәдігерді батыр етіп тәрбиелеген дана әйел. Гүлбаршын – өз парызын абыроймен атқара алған тамаша жан иесі.
Құртқа
Қазақ қыздарының эпостық бейнелерінің бірі, Қобыланды батырдың жары.
Көктім аймақ ханы бар,
Құртқа деген қызы бар,
Жұртына жайған назы бар!
Құртқа сұлу туралы, ата-анасының Құдайдан сұрап алған жалғыз ұлы Қобыланды батыр өзінің тәрбиешісі Естемістен сұрап біледі. Сөйтіп, Естемістің жалынып-жалбарынғанына қарамастан, Көктім ханның сұлу қызына құда түскен жігіттердің сайысына қатысады.
«Қобыланды батыр» жырында күші мен батылдығы жағынан батырлардан кем түспейтін әйелдердің болатындығы туралы ой айтылады. Бірақ, бұл дәстүр болып қалыптасқан жоқ. Тарихқа еркектердің, жауынгер жігіттердің ерен ерліктері енді. Қобыланды өзінің жарына былай деп үн қатады:
Әйел болдың, амал жоқ,
Егер де еркек болғанда,
Болар ең тұтқа бір жұртқа...
Сұлудың күші мен батылдығы сипатталады:
Қыз Құртқаны көтеріп,
Бурыл көкке екі ұшты.
Салмағымен қыз Құртқа
Алып жерге бұл түсті.
Заты әйел демесең,
Құртқа қыз да тым күшті!
Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде ат – киелі, қасиетті жануар болып табылады. Тұлпар – жауынгер батырдың сенімді серігі әрі көмекшісі, сиқырлы ат. Ер басына күн туған сәттерде ол өзінің қожайынына көмектесіп, құтқарады. Құртқа ешкімге сенбей, Тайбурыл атты өзінің күйеуіне арнап әдейілеп өсіріп, дайындайды. Ол Тайбурылдың шайқастар кезінде оған тірек болып, ең қиын сәттерде жолдас бола алатындығын біледі.
Дастанда Қараман батырдың Қобыландыны Қазан ханға қарсы жорыққа шақырғандығы туралы айтылады. Құртқа оның бұл жорыққа шығуына үзілді-кесілді қарсы болады. Ол кез келген соғыстың ауыр салдары барын, халыққа күйзеліс пен жоқшылықтың азабын тартқызатындығын алдын ала сезіп-біліп, Естемістен Қобыландыны бұл ойынан бас тартуға көндіруін сұрайды. Тайбурылдың да шайқастардағы ауыр кедергілерден аман өтуі, толық пісіп-жетілуі үшін әлі де қырық үш күн жетіспейтін еді. Қобыланды шайқастан бас тартқан кезде Қараманның өткір тілі оның намысына тиеді:
Еркек болып не етеміз,
Әр тарапқа шығарда
Қатынға ақыл салсақ біз,
Қатынның тілін алсақ біз.
Есіктің алды ебене,
Ерлер киер кебене,
Кеткен кісі келе ме?
Сөйтіп, Қобыланды Қараманмен бірге Қазан ханға қарсы жорыққа баруға келісім береді. Бастапқыда әйел деп қомсынса да, артынан Қобыланды жас жарының артықшылығын бағалайды:
Анау күні қатын деп
Қарамай кеткен батыр-ай!
Көрдіңіз бе, Қараман?
Қатынның баққан атын-ай!
Қатын да болса, білдің бе,
Құртқаның асыл затын-ай!
Қатынның баққан аты озып,
Қапыда қалма, батыр-ай!
Қобыландының туған-туысы жиылып, болар сұмдықты сезіп, бұл ойынан бас тартуын сұрайды. Бұлар – оның тоқсан жастағы әкесі Тоқтар, алпыстағы ақ шашты анасы Аналық пен қарындасы Қарлығаш. Олардың жалынып-жалбарынған көз жасына қарамай, Қобыланды жолға жиналады. Оның қарындасымен қоштасуын бейнелегенде, ағасы қарындасының ең жақсы жақтарын баса көрсетіп, оған қабілеті мен шеберлігі жағынан тең келетін ешкім жоқ деп санайды.
Жаратушыдан ұзақ жылдар бойы жалбарынып тілеп алған жалғыз ұлының тілеуін тілеген ананың образы да жан тебірентерлік.
Бәрі де Құртқаның болжап білгеніндей болады. Ауыр сындардан өтіп, Қобыланды туған жеріне оралады. Ол сүйікті жарының айтқан ақылының дұрыстығына көз жеткізеді.
Артық туған қыз Құртқа,
Қиын-ды заман баяғым,
Кім ұстамас жылқының
Желдеп шыққан саяғын?
Көптен бері жол жүріп
Сағынган жарың мен едім,
Дұшпаннан көріп кемшілік
Сарғайған жұптым сен едің.
Арманым жоқ дүниеде
Есен-аман қауыштым,
Құдай қосқан қосағым!
Қобыланды әйелінің даналығы мен парасаттылығына жоғары баға береді.
Бұл ақылың, қыз Құртқа,
Патшаға бітсе болмай ма?
Сөзің дұрыс, Құртқажан,
Тапсырдым сені Құдайға.
Бұлаңдаған, қыз Құртқа,
Әйел болдың, айла жоқ,
Егер еркек болғанда,
Болар ең тұтқа бір жұртқа!
Құртқаның образы Қобыланды образын толықтырып тұрғандай. Олар екеуі – алынбас қамал, зор күш иесі. Жас батырдың өмірлік тәжірибесі жетпей жатқан да оған көмекке жан жары келеді. Құртқаның қолынан келмейтін нәрсе жоқ. Құртқа сияқты әйелдер әлемді билеуге жаралғандай. Олардың туған елге деген махаббаты мен өмірді танып-білуі кімге де болса үлгі боларлықтай.
Құртқа тәрізді асыл жар, ақылды әйелдер қазақ тарихында аз болмаған. Күні бүгін де көптеп табылады. Мұның бір себебі – дала көшпенділерінің, кең сахарада өсіп-өнген еркін халықтың атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ерлік, өрлік дәстүріне орай болса, екіншіден, қазақ халқының қыздарын ұл баладан кем көрмей, жоғары орынға қойып, әлпештеп өсіретін елдік қасиетінен туындап жатса керек. Сондықтан, көркіне мінезі, мінезіне ақылы сай қыздар мен әйелдер халқымыздың мақтанышына айналып, алыс-жақын жұрттың бәрін тамсандырып келеді.
Қыз Жібек
«Қыз Жібек» дастанында жырланатын жас батыр Төлегеннің сүйген қызы қазақ ұғымында сұлулықтың символы ретінде орныққан.
«Қыз Жібек» эпосында нәзік те күшті әйелдің тағдыр-талайы, қайғы-қасіреті, сезімі суреттеледі. Қыз Жібек пен Төлегеннің еркін махаббаты, азаттық іздеген талабы эпостағы басты сарын болып табылады.
Жібектің сондағы сұлулығы былайша кейіптеледі:
Ләйлі-Мәжнүн болмаса,
Өзгеден артық келбеті.
Үш қызы бар қасында-ай,
Өзі он төрт жасында-ай,
Кебісінің өкшесі
Бұхардың гауһар тасындай,
Ақ маңдайы жалтылдап,
Танадай көзі жарқылдап,
Алтын шашбау шашында-ай.
Қыз Жібектің дидары –
Қоғалы көлдің құрағы,
Көз сипатын қарасаң –
Нұр қызының шырағы,
Дүр гауһар сырғасын
Көтере алмай тұр құлағы,
Бой нұсқасын қарасаң –
Бектер мінген пырағы.
Қыз Жібектің ақтығы
Наурыздың ақша қарындай,
Ақ бетінің қызылы
Ақ тауықтың қанындай,
Екі беттің ажары
Жазғы түскен сағымдай,
Білегінің шырайы
Айбалтаның сабындай.
Төсінде бар қос анар
Нар бураның санындай,
Оймақ ауыз, құмар көз
Іздеген ерге табылды-ай.
Өткірлігін байқасаң,
Ұсталар соққан кетпендей.
Нұр тұқымын еккендей,
Екі ауыз сөз сөйлескен
Мұратына жеткендей.
Тірісі түгіл, Жібектің
Өлігіне адам қайырылып,
Бетінен келіп өпкендей.
Бейіштен жанған шамшырақ,
Көзі жайнап жанып тұр,
Белі нәзік талып тұр.
Тартқан сымнан жіңішке,
Үзіліп кетпей неғып тұр...
Жыршы ханның бәйбішесінің, Жібектің анасының образын үлкен сезіммен жырлайды:
Көш алдына қараса,
Бір бәйбіше нұр жүзді
Көшті тартып барады.
Көш алдында бәйбіше,
Сары алтыннан жабдығы.
Екі жүз түйе қазине,
Қызыл алтын сандығы.
Көрұғлы Сұлтан қатыны
Аға Жүніс перідей,
Көркі раушан бағындай,
Жазығы қатын демесең,
Қартайса да ілгері,
Әлгі қыздан мүшесі
Асылдай болып есіліп,
Нұрдай болып шешіліп,
Ақ маңдайы жарқылдап,
Танадай көзі жалтылдап,
Алтынды кебіс сартылдап,
Көшті тартып барады
Жібекті тапқан шешесі.
Салт бойынша қыздың жеңгелері Төлегенге «қызбен жасырын жолықтырамыз», – деп уәде береді. Ол әрқайсысын құрқол қалдырмайды. Дәстүр бойынша, басқа әйелдер қызды жасырын жерге тығады. Сол кезде Жібек өзі барып танысуды жөн санайды:
Шақырғанда бармасам,
Қаршекем тілін алмасам,
Ақыры бір күн болармын
Сол жігітке сүйінді...
Бұл күшті де тәуелсіз әйел мінезін сипаттайды. Жібек – ақылды, сұлу, мақсат қойғыш, өз-өзіне сенімді.
Жібектің жайын сұрасаң,
Асып туған анадан
Шаһизада кісі еді,
Кісі бойы кереует
Алтын тақтың үстінен
Қояндай қарғып түседі.
Ақ маңдайы жарқылдап,
Танадай көзі жалтылдап,
Алтынды кебіс сыртылдап,
Жүйрік аттай ойқастап,
Құнан қойдай бой тастап,
Кер маралдай керіліп,
Сары майдай еріліп,
Тәңірі берген екі аяқ,
Бір басарға ерініп,
Атқан оқтай жылысып,
Ор қояндай ырғысып,
Қылаң етіп, қылт етіп,
Сылаң етіп, сылт етіп,
Мықындары былқылдап,
Тау суындай құлтылдап,
Сүмбіледей жылтылдап,
Буындары бұлтылдап,
Айдынды туған Қыз Жібек
Отауға қарап жөнелді.
Төлеген мен Жібек біріне-бірі ғашық болады. Төлеген үш ай қалыңдық ойнап, бір күні еліне қайтпақ боп, аттарын байлап қойып, таңнан жүреміз деп отырған күні Жібек түс көреді, түсінде бір сұмдықтың боларын сезеді. Шынында да, Төлеген жолда Бекежанның қолынан қаза болады. Сегіз жыл сергелдеңде болған Жібек жарына адалдығын сақтап, оны күтумен болады.
Қазақтың несін алып, не бермеймін?
Дүниеде тірі жүрсем, не көрмеймін?
Арғында алты шекті алпыс мырза
Ізіне басып кеткен теңгермеймін.
Бір бай ұлан-асыр той жасап, бүкіл хан ауылын жиынға шақырады. Жібек айтысқа қатысып, алты рет айтысып, алты рет ұтып шығады. Жібектің сұлулығы жайында қалмақ ханы Көрен естіп, Жібекті айттырады. Меселін қайтарар болса, ауылды тонап, шабатынын айтып, қоқан-лоққы көрсетеді. Сол кезде дана Жібек отыз күн ойын, қырық күн тойын жасауды сұрайды. Бұл мезетте Төлегеннің артында қалған інісі Сансызбай ағасын жоқтап шығып, сұлу Жібекті алып кетуге бел байлайды.
Сансызбаймен көрісіп, табысатынына қуанған Жібек қалмақ ханынан бас тартып, батыл іске барады. Ханның жүйрік аты Сандалкөкті мініп, оның ақ алмас қылышын асынып, әмеңгерінің алдынан шығады.
Жібек сұлу дұшпанның күң-әйелі болғысы келмейді. Ол өз халқы мен еркіндікті сүйетін, батыл да елжанды, өз елінің көрнекті қызы еді.
Жаратқан Ием, жаппар-ай,
Бендең емес пе едім мен?
Шыныңмен нәсіп қылдың ба,
Нәсілі жаман қалмаққа-ай!..
Дастанның соңы сәтті аяқталады. Жібек өзінің игілікті өмірін жалғастырып, еліне сыйлы әйел болып қала береді:
Жібекті жаңа ұзатып бергендей боп,
Еліне үш ай жүріп келді дейді.
Еліне аман-есен келгеннен соң,
Қайтадан қырық күн той қылды дейді.
Қыз Жібек образы қазақ қыздарының идеалы ретінде де маңызға ие. Оның бейнесіне еліктеген қыздар махаббатқа адал, көркем мінезді ару болуды мұрат етеді. Сондықтан да, қазақта Қызжібек есімді қыздар аз емес. «Қыз Жібек» дастаны ұлттық эпосымыздың ең бір көркем жырланған көрнекті шығармасы ретінде ардақталады.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары түсірілген екі бөлімді «Қыз Жібек» көркем фильмі қазақ киносының алтын қорына қосылды.
(«Қазақ халқының тарихи тұлғалары» жинағынан. Құраст.: Ә.Көпіш. – Алматы: «Өнер» баспасы).
Суретте: Гүлфайрус Исмаилованың туындылары.
qazaquni.kz