РЕСЕЙ МЕМЛЕКЕТТІК КІТАПХАНАСЫНДА ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ БҰРЫШЫ АШЫЛДЫ (ФОТО)
2016 ж. 30 қараша
3805
0
Ресей Мемлекеттік кітапханасында ашылған Шығыс әдебиеттері орталығының арқасында Мәскеу халқы Қазақстан тарихымен, қазақ халқының салт-дәстүрлерімен және қазақ әдебиетімен танысу мүмкіндігіне ие болды. Аталған орталықтың ашылу салтанатына Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің өкілдері, екі елдің кітапханаларының өкілдері, ғылым мен мәдениет қайраткерлері және студенттер қатысты. Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы және Ресей Мемлекеттік кітапханасы бірлесіп ұйымдастырған шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр.
«Ресейдің бас кітапханасында Қазақстан әдебиеттері бұрышының ашылып жатқанына біз қуаныштымыз. Бұдан әрі біз бір-бірімізді жан-жақты тани түсетіндей бірлескен жобаларымызды дамытуға күш салатынымызға сенімдімін. Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы мен Ресей Мемлекеттік кітапханасы – бұлар өз елдерінің, көрші елдердің тарихи мұралары мен тарихи оқиғалар бойынша деректерді барынша сақтауға міндетті институттар», – деді Ресей Мемлекеттік кітапханасы сыртқы байланыс және көрме ісі бойынша бас директордың орынбасары Наталья Самойленко. «Қазақ елінің егемендігінің 25 жылындағы жетістіктерге біз де қуаныштымыз. Қазақстандық достарымды алдағы Тәуелсіздік Күнімен құттықтаймын», – деп құттықтау лебізін де жеткізді.
Салтанатты шараға қатысқан қонақтар алдында сөз алған Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Мұналбаеваның мәлімдеуінше, Қазақстан әдебиеті бұрышының ашылуы Қазақстан мен Ресей халықтарының өзара достығы мен ынтымақтастығының айқын дәлелі бола алады, осы ретте екі ел жастарының бойына білім, дәстүр мен мәдениеттің озық үлгілерін сіңірудің маңыздылығын атап өткен абзал.
«Ресей мен Қазақстан ежелден тату көрші екенін білеміз. Сондықтан біздің бүгінгі парымыз – екі ел арасындағы достықтың белгісі іспетті дәстүрлі мұрамызды жас ұрпаққа жеткізу. Екі елдің халқына бейбітшілік пен қуанышты күндеріміз көп болсын тілеймін. Бейбітшілік – өте нәзік ұғым, ал достық қарым-қатынас одан да нәзік. Сонымен, біз бейбіт қарым-қатынасымызды сақтай отырып, мәдениетіміз арқылы достық жібіміз үзілмейді деген сенімдемін», – деді ресейлік әріптестеріне алғысын білдірген Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Мұналбаева.
Осы шара барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Мұналбаеваның «Кітапхана педагогикасы» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. «Кітапхана педагогикасы» кітабы – кітапханалық жұмыстарды ұйымдастыруда көмекші құрал әрі достық белгісі ретіндегі кітапханашыларға арналған әдістемелік еңбек болып есептеледі. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Мұналбаева Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы мен Ресей Мемлекеттік кітапханасы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылғандығын мәлімдеді. Осы құжатта екі кітапхананың электронды қорларына қолжетімділік пен тұрақты түрде әдебиеттер алмасуды жолға қою қарастырылады. Өз кезегінде, Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің бірінші хатшысы Айгүл Аспандиярова Ресей Мемлекеттік кітапханасында Қазақстан әдебиеті бұрышының ашылуы Қазақстан мен Ресейдегі мәдени және ғылыми ортаның өзара тәжірибелік үнқатысу алаңына айналады деген үмітін жеткізді. «Қазақстан әдебиеті бұрышы әлі де толықтырылады, бірте-бірте кітапханашылар үшін де, әдебиеттанушылар үшін де тәжірибелік үнқатысу алаңына айналады», – деп түйіндеді. Дипломаттың айтуынша, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Қазақстан-Ресей елдері дипломатиялық қарым-қатынастарының 25 жылдығы қарсаңында Қазақстан әдебиеті бұрышының ашылуы айрықша символдық мәнге ие, сондай-ақ осы мәдени диалог екі елдің байланысын әрі қарай да нығайта түсері анық. Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы ұжымының арқасында сан алуан тақырыптағы жүзден аса кітап пен электронды ресурстар Мәскеу кітапханасындағы қонақтарға ұсынылды. Бұл басылымдар – Қазақстанның Тәуелсіздігі жылдарында жарық көрген кітаптардың шағын топтамасы ғана. Бұл басылымдар экономика, әлеуметтік-мәдени сала, қазақстандық көп векторлық саясат туралы баяндайтын әдебиеттер арқылы еліміздің жетістіктерін аша түседі. Сондай-ақ «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі», «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні», «Қазақтың халық әндері», «Қазақтың батырлық дастандары» тәрізді кітаптар мен CD-дискілерден тұратын ұлттық антологиялар да ұсынылды. Ұйымдастырушылардың пікірінше, Ресей Мемлекеттік кітапханасында Қазақстан әдебиеті бұрышының ашылуы ТМД-ның 25 жылдығына, ТМД елдеріндегі білім жылына және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған іс-шаралар бойынша лайықты орнын алады әрі екі елдің мәдени, білім беру және кітапханалық кеңістігін нығайтуға бағытталған маңызды оқиғалар қатарына қосылады.