Үмітхан Мұңалбаева: Балалар әдебиетінің проблемаларын жедел шешу – уақыт талабы

0
974

25-26 қараша күндері ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы ұйымдастыруымен «Кітап әлемі: балалықтан – даналыққа» атты Халықаралық балалар оқуының форумы өтті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыруда кітапханалар маңызды рөл атқарады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық сенім кеңесінің төртінші отырысында қазақ тіліндегі тиісті әдебиеттер өте аз немесе мүлдем жоқ екенін, Қазақстан оқушыларының әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларына қолы жете бермейтінін,оқу мәдениетін арттыру мәселесін кешенді түрде шешу үшін тілдік пәндер мен әдебиеттің оқу бағдарламаларын қайта қарау керектігін атап өткені белгілі. Бұл міндеттерге жету жолында қазақ және әлем балалар әдебиеті өкілдерінің жұмыс жасауы қажет.

Қазақ тілінде жазылған отандық балалар әдебиетін жетілдіру және жас жазушыларға қолдау көрсету мақсатымен ұйымдастырылатын форумда балалардың қазіргі сандық дәуірде оқу мәдениетін дамытудың тұжырымдамалық тәсілі мен оқитын ұрпақ өсірудің әдістері айқындалды. Балалар жазушыларының Халықаралық Форумында балаларды кітап оқуға ынталандыру, қазақ және әлем әдебиетінің классиктерін, қазіргі заманғы балалар жазушыларын көпшілікке таныту, ұлттық бағдарламаларды әзірлеу және енгізу мәселелері талқыланды.

– Қазіргі кезде балалар әдебиетінің проблемаларын жедел шешу – уақыт талабы болып отыр.

Балалардың кітапқа деген қызығушылығы бүгінгі технологиялар заманында оқудан гөрі, визуалды және аудио тыңдау жағынан қатты дамыған және осы үлгідегі жанрларға қызығушылығы басым болып келеді. Сондықтан оқиғаларды визуалды түрде көзалдына әкеліп беретін комикс жанрындағы кітаптардың жасалуын, олардың авторлары мен иллюстраторларын қолдау арқылы осы мәселенің шешімін ұсынамыз.

Кітапхана – білімнің ордасы. Мұндағы балаларға арналған залдың кішкентай оқырмандары кітапты оқып қана қоймай, танымын дамытып, рухани баи түсуіне барлық жағдай жасалған. Алайда, Нұр-Сұлтан қаласынан жеке Балалар кітапханасын ашу да – бүгінгі заман талабы болып отыр.

Бүгінгі күні сіздердің әрқайсыларыңыздың балалар әдебиетіне қосып отырған үлестеріңіз зор! Бүгінгі халықаралық деңгейде өткізіліп отырған форумда дүниежүзілік балалар әдебиетіне қатысты мәселелерді талқылап, идеяларыңызды ортаға сала келе, біздің Ұлттық академиялық кітапхана ұсынған «2021 жыл – Балалар әдебиеті жылы» деп белгіленсін деген ұсынысымызды қолдауларыңызды сұраймын, – деді жиын барысында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Мұңалбаева.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз