Аманхан Әлімұлының соңғы мақаласы - Көпен ағасын құттықтауы болды
2020 ж. 31 наурыз
1738
0
Белгілі ақын Аманхан Әлімнің фейсбук желісіндегі соңғы жазбасы - сатира сардары Көпен Әмірбекті құттықтауы.
***
Құттықтау Достарым, Көпен көкеммен ағалы-інілі, шығармашылық қарым-қатынасты былай қойғанда, яғни, өз тілімен айтқанда, "қо" деген жерден қосылатын жақын туысқандығымыз бар. Ал, бір бірімізді біліп, араласқалы, созып айтқанда қаш.. ш... ан. Былтыр Шымқала арқылы Тәшкен барып, қайтарда бір қонақүйде таңды атырар атырмас уақытқа дейін екеуден екеу сыр шертісіп отырдық. О кісімен отырып, ағыл-тегіл, шешіліп әңгімелесудің өзі бір ғанибет. Ғұмыр жасың ұзарып, өміріңнің өзі мән-мағыналы, мазмұнды болып, көңілің марқайып қоя береді. Осындай азаматпен бір отырғаныңа насаттанасың. Мұны айтып отырғаным, көкем бір менің ғана емес күллі қазақ деген ел-жұртымыздың да көңілін марқайтып, ғұмыр жасын ұзартып, өмірінің мән-мағыналы да мазмұнды болуына, халқымыздың тәуелсіздігі мен егеменділігінің, мемлекеттілігінің баянды болуына белсенді атсалысып жүрген сатирик-қаламгер азамат, қаламгер болғанда бірегей Оспанхан ағамның көз де қол да мерген дерлік әзіл-сықақшы, қалжыңқой інісі. Көке, әзірше, тілімнің жеткен жері осы, Сізді қалай мақтасақ та, Сізбен қалай мақтансақ та болады. Айтар сөз азаймасын. Кең де, көсіліп айтамыз, әлі. Әзірше, туған күніңіз құтты болсын! Әдемі, шаршамай-шалдықпай жеткен жетпісіңізді, Алла, ұзағынан сүйіндірсін! Отбасылық әрі шығармашылық бақыт, бақ, барлық тілеймін! Ізгі тілекпен ініңіз, өзіңіз айтпақшы,"қо"деген жерден қосылатын жақын туысқаныңыз, Аманхан! Аманхан Әлім, Фейсбук парақшасынан