Министр – 425 мың адам өтініш беріп, 71 мыңдай адам 42500 теңгені алып үлгерді

2310

Қазақстанда 425 мың адам өтініш беріп, 71 мыңдай адам 42500 теңгені алып үлгерді.

Бұл туралы «Қазақ  үні» агенттігіне Еңбек және халықты әлеуметтік  қорғау министрі Біржан Нұрымбетов хабарлады.

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесінде айтылғандай, еліміздің 3 миллиондай азаматына 42 500 теңге жәрдемақы төлеуді қолға алып, шұғыл іске кірісіп кеткендеріңіз белгілі. Бірақ тиісті сайттар дұрыс істемей, ел ішінде түсінбестіктер туындауда. Жергілікті жерлерде, әсіресе банктерде ұйымдастыру жұмыстары жеткіліксіз болып, шу шығып жатыр,  – деген тілші сұрағына министр:

– 42500.enbek.kz және egov.kz сайттарының екеуіде кешеден бері жақсы жұмыс істеп жатыр. IT мамандар бірнеше тәулік бойы біраз жұмыс істеді. Бүгінде 425 мың адам өтініштерін сәтті беріп үлгерді. Бір мезгілде екі сайтта 50 мың адамға дейін кіруге болады. Негізгі міндет пен жүк бұл жерде Цифрлық даму министрлігінде. Олар барынша тырысып жатыр. Бүгінге 70908 адам 42,5 мың теңге жәрдемақыны алып үлгерді, – деп жауап берді.

-Шығып жатқан шу кәзір есеп шоты жоқ адамдардың барлығы бір мезетте банктерге жүгінуінен туындауда. Ақшаны аудару үшін шот керек.
Банктермен де жұмыс жасап жатырмыз. Біз сияқты бір терезеден қашықтан тапсырыс қабылдап, шотын ашып, үйлеріне апарып беруге болар еді. Банктер де осындай жағдайда осылай атсалысқаны дұрыс болар еді, – дейді Біржан Нұрымбетов.

Иә, министрдің сөзінің жаны бар.
Шынында да, еліміз бойынша төтенше жағдай жариялап, карантин жасатқан пандемия өршіп тұрған кезде елдің бәрін банкке топырлатып, шу шығарып, өте қауіпті жағдай тудырғанша, телефон/уатсап арқылы ғана шот ашуға өтініш қабылдап, үйлеріне апарып не телефон/уатсап арқылы жіберу ең тиімді тәсіл емес пе?

Банктер де төтенше жағдайға бейімделіп, жаңаша жұмыс істеуі керек.

Қазақ үні