Сабыржан Махмет: БІЗДЕ БІР ҒАНА ҰЛТ БАР, БІР ҒАНА ТІЛ БОЛУЫ КЕРЕК!

«Қасарысқан жауына қанды көбік жұтқызған» қазақтың қасқыр мінезді жігіттері қашанда аз болмаған. «Ежелден ер тілегі - ел тілегі, Адал ұл ер боп туса - ел тірегі» демекші, жүрегі жұртым деп соғатын еңселі ерлер туралы ел аузында небір аңыз-әңгімелер жүреді. Жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай ердің сойы, елдің қамқоры болып жүрген сондай азаматтардың бірі – Сабыржан Ғалымжанұлы Махмет.

КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, КСРО және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО әуе десант әскерінің (ВДВ СССР) үш дүркін абсолюттік чемпионы, ережесіз жекпе-жектен бірнеше дүркін әлем чемпионы, КСРО мен Қазақстанда кикбоксинг пен ушу-саньданың іргетасын қалаушы, Дүниежүзілік «Жекпе-жек» қауымдастығының президенті, Қазақ спорт және туризм академиясының профессоры Сабыржан Махмет ағамыздың атына қанық болғанымызбен, жүздесудің сәті түспей жүр еді.

Есілді өрлей біткен елорданың төріндегі "Алатау" спорт кешенінде 23 ақпан күні Ауған соғысы мен Желтоқсан көтерілісі ардагерлеріне арналған «Жекпе-жек» ұлттық спорт федерациясының қалалық ашық чемпионатында Сабыржан ағамызбен кездесіп қалдық. Чемпионаттың құрметті қонақтары ішінде белгілі ақын, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі, Халықаралық Алаш сыйлығы иегері, Халықаралық Сергей Есенин атындағы сыйлықтың лауреаты, ЮНЕСКО Әлемдік өнер және мәдениет академиясы академигі Қазыбек Иса да шақырылған болатын.

Қысқа уақытта болса да, Сабыржан ағамызбен сәті түскен сұхбат жасадық. Соның өзінде көптеген келелі мәселелер жөнінде пікір алмасып қалдық. Қазақ десе ішкен асын жерге қоятын қайсар ағамыз қалыбынан жазбай, өз әңгімесін ұлтшылдық тақырыбынан бастады.

Ұлтшыл болу – ұлтыңды сүю деген сөз!

- Қазақта «Ұлтшыл» деген ұлықты сөз бар. Бұл өз ұлтын сүйетін мемлекетшіл азамат дегені. Біреулер «Ұлтшыл»деген ұлтымыздың ұлықтап келе жатқан сөзін әдейі "ұмыта қалып" «Ұлтжанды» деген сөзді алға шығарып қояды. «Ұлтжанды» деген не ол? Қазақта «Итжанды», «Қатынжанды» деген сөз тіркестері бар. Ұлтжанды сөзінде ешқандай айбар жоқ.

Ал енді шовинистер мен өзіміздің нигилист құлсаналар Ұлтшылдықты "фашистік" деп оттауда. Ұлтыңды сүюді, яғни мемлекетшілдікті - "фашистік" деп қалай ауыздары барып айтады?!. Мен өзімді ұлтшылмын деп санаймын. «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» дейді Әлихан Бөкейхан. Бұның барлығы ананың сүтімен, әкенің қанымен даритын асыл қасиеттер. Өйткені, «Ана сүтімен бой өседі, Ана тілімен ой өседі!» «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген. Осы жердің көгіне аунап, жерінен нәр алған азамат ретінде мен өз ұлтымның болашағын ойлаймын, әрине. Өз ұлтым үшін барымды аямаймын. Ұлтым үшін жаным пида. Бірақ, ұлтшыл болу – өзге ұлттарды басыну деген сөз емес. Ұлтшыл адам ғана, өз ұлтын сүйген адам ғана өзге ұлттарды сыйлай біледі. Біз өзімізді өзгелердің алдында тілімізбен, салт-дәстүрімізбен, білімімізбен биік қоя білуіміз керек, - деді Сабыржан Ғалымжанұлы.

Ұлтшылдық мәселесі қозғалғанда еліміз Тәуелсіздік алғалы бері ел санасына жиі сіңіріп келе жатқан «көпұлтты мемлекет» деген ұғым туралы айтпай кетуге болмас. Әсіресе, соңғы болған Қордай оқиғасынан кейін халыққа талай жылдан теліп келе жатқан «толлеранттылық» тақырыбында да ағамыздың өз айтары бар екен.

Қазақстан – ешқандай да көпұлтты мемлекет емес

- Қазақстан – моноұлтты мемлекет. Қазақ Елі ешқандай да көп ұлтты мемлекет емес. Мен бұны сонау 90-шы жылдардан бері айтып келе жатырмын. Қазіргі ассамблея кезінде қалай аталғанын жақсы білесіз: «Қазақстан Халықтары Ассамблеясы». Кейін біз «халықтары» деген ұғымның дұрыс еместігін ашық айттық. Ақыры оны «Қазақстан Халқы Ассамблеясы» деп өзгертіп қойды. Бізде бір ғана ұлт, бір ғана тіл бар. Ол – Қазақ ұлты мен Мемлекеттік тіл – Қазақ тілі. Кез-келген Қазақстанда тұратын этнос өкілі қазақ тілін жетік білуі шарт. Ассамблеяның негізгі мақсаты – Қазақстандықтарды мемлекеттік тілде сөйлеуге жұмыс істеуі міндетті.

Бізде демократия деп көкитіндер де аз емес. Демократиясы дамыған Ұлыбритания, Франция, Германияға барыңыз. Мейлі, қайдан келген босқын болсаңыз да, ағылшын, француз, неміс тілін білуіңіз керек.

Ондай дамыған алдыңғы қатарлы мемлекеттерді айтпағанда, көрші ағайын еліміз Өзбекстанға барыңыз. Ол жақта «көпұлтты» деген әңгіме жоқ. Өзбекстанда тұрасың ба, өзбек тілін біл. Бітті! Конституциядан Мемлекеттік тіл туралы 7-ші баптың 2-ші тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек. «Ресми тіл – орыс тілі» деген бізге керек пе? Бізде жалпы халықтың 80 пайызға жуығы қазақтар ғой. Мысалы, Ресейді алыңыз. Онда да ұлттық құрылымның 80 пайызға жуығы орыстар. Одан кейінгі саны көп көп ұлт – татарлар. Бірақ, Ресейдің заңында «Ресми тіл – татар тілі» деген бар ма? Жоқ! Сондықтан, елдегі этностар қазақ тілін, салт-дәстүрін, тарихын сыйлап, зерделеп, жаттап жүру керек! Бізде бір ғана ұлт бар, ендеше бір ғана тіл болуы керек!-деп ағынан жарылған даңқты спортшы тарихтан да сыр шертіп, қызықты жайттан үзінді келтірді.

- Заманында әйгілі Әйтеке би қалың қазақ батырлары жоңғарларға қарсы соғысқа аттанарда «Араларында қатыны қалмақтар жоқ па?» деп сұраған деседі. Біз қазаққа қазақтан басқаның жаны ашымайтынын да ашық айтуымыз керек! Өйткені, Елдің тұтқасы –біздер, қазақ халқы. Барлық жауапкершілік Қазақ ұлтында! Тәуелсіздікті сақтау үшін, Еліміз бен Жерімізді сақтап қалу үшін, біз Қазақтардың бірлігі мықты, ынтымағы берік болса, ырысы мол болады, - деп жалғастырды ол сөзін.

Сондай-ақ, ол ел атауына қатысты да пікірін айтып кетті.

- Біздер жетпіс жыл Кеңес одағының кезінде, қызыл империяның кезінде Қазақ Республикасы атандық. Ал, Тәуелсіздік алғанда оған "стан" деген жалғауды қосып, "Қазақстан Республикасы" деген ешқандай ұғымға сыймайтын атау пайда болды. "Стан" дегеннің өзі республика дегенді білдіреді. Сондықтан, біз Қазақ Республикасы деген атауды қайтаруымыз керек. Оған қоса биыл Алаш арыстарының арқасында шекарасы анықталған Қазақ Республикасының 100 жылдығы! Сонымен бірге жиі көтеріліп жүрген мәселе солтүстіктегі қалаларымыздың, тіпті облыстың аты Тәуелсіздікке отыз жылдай уақыт болса да, әлі күнге Ресей патшазадаларының атымен аталып келе жатқаны мемлекетіміздің атына ауыр айып! Сондықтан үш жүздің басын қосқан Абылай ханның ордасы болған Петропавл қаласын Абылай хан атын беру керек. Ал Павлодарды қала тұрғындарының жиынында Сарыарқа деп атауға ұйғарым жасапты, солай ауыстыру керек!-деді саңлақ спортшы.

Спорт демекші, Дүниежүзілік «Жекпе-жек» қауымдастығы президенті болып отырған Сабыржан ағамыз, бүгінде жас спортшылардың халықаралық аренаға шығуына зор үлесін қосуда.

Әлмерек, Қабанбай, Бөгенбай, Баймұрат, Жауғашты, Қарабай секілді қазақтың қол бастаған батырлары атындағы турнирлер ұйымдастырып, ұлттың салауатты өмір салтын ұстануын дамытуда аянбай еңбек етіп жүр.

Қазақ - текті халық

- Жекпе-жек деген қазақтың қанында бар өнер ғой. Домбыраның бір ішегі – ана тілің, бір ішегі – ұлттық рухың болса, сол секілді аттан түспеген қазақ баласының ешкімнің алдында бас имегені де осы жекпе-жек өнерінің дамығандығынан. Ұлттық тәлім-тәрбиесіз өскен қазақ жасы қанша білімді болса да, ұлтқа қауіпті болып шығады. Менің шешем айтатын, «қасқырдың терісін тірідей сыпырсаң да қыңсыламайды» деп. Қазақ та текті халық қой. Сүйегіміз сынуы мүмкін, рухымыз ешқашан сынбайды. Осынау кең байтақ жер бізге атадан мирас болып текке қалды ма? Бұл ұланғайыр атырапты бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалмап па еді? Мұндай жауынгер халықтың ұрпағы жекпе-жек спортымен айналыспуы мүмкін емес. Бізге Ел де, Жер де, Тіл де ата-бабамыздан аманат етіп қалдырылды. Сол секілді «Жекпе-жек» жауынгерлік өнері де атамыздан қалған асыл аманат, Ал біз аманатқа адал болып, ұлттық құнды мирасымызды дамытып, жаңа заманға сай жаңғырта беруіміз керек. Сондықтан, біздікі сол рухты жастарды демеп, бағыт-бағдар беру!, - деп түйіндеді сөзін аңыз ағамыз.

Сонымен батыр ағамызбен келесі кездескенде кең көлемді келелі сұхбат жасауға келісіп қоштастық.

Азамат Тасқараұлы,

qazaquni.kz