Ханбибі Есенғарақызының 10 томдық шығармалар жинағы таныстырылды

Бүгін Астанадағы Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының ұйымдастыруымен, Еуразия Ұлттық университетінің қолдауымен халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының, С.Есенин атындағы Ресей Жазушылар одағының алтын медаль және "Парасат" орденінің иегері  Ханбибі Есенқарақызының таңдамалы 10 томдығының таныстырылымы өтті.

Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі хабарлады.

"Фолиант" баспасынан жарық көрген 10 томдыққа ақынның әр жылдары жазған жырлары мен тарихи зерттеу мақалалары топтастырылған.

Шараға белгілі сатирик Көпен Әмірбек, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, белгілі ақын, "Ақ жол" ҚДП төрағасының орынбасары Қазыбек Иса, профессор Дихан Қамзабек қатысып, он томдықтың тұсауын кессе, жиынды белгілі ақын Дәулеткерей Кәпұлы жүргізді. Таныстырылым кешіне қатысқан зиялы қауым өкілдері ақынның шығармашылығы хақында өз пікірлерін айтып, жылы лебіздерін арнады.

Университет ректорының атынан құттықтаған алаштанушы ғалым, академик Дихан Қамзабекұлы ақын апамыздың кеудесіне "Күлтегін" медалін тағып, құрмет көрсетті.

Кітап таныстырылымында ақын сөзіне жазылған әндер орындалып, өлеңдері оқылды. Жиналған студент жастар ақынға көкейдегі сауалдарын қойып, әдебиет туралы тағылымды әңгімесін тыңдады.

qazaquni.kz